«Гүл егіп, абаттандыру орынсыз»: Қазақстанда зират көтеру мен құлпытас қоюдың тәртібі қандай

Қараша 28, 2024 - 16:34
«Гүл егіп, абаттандыру орынсыз»: Қазақстанда зират көтеру мен құлпытас қоюдың тәртібі қандай

ҚМДБ "Қамқор-Шарапат" салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы елдегі мұсылмандарды жерлеу рәсімінің ортақ стандарттары қандай екенін түсіндірді. Айтуынша, әр өңірде стандарттар ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесі қабылдаған "Зират және зиярат ету мәдениеті" және "Ас беру мәдениеті" атты концептуалды құжаттар негізінде бекітіледі. 

"Көпшіліктің сұранысы негізінде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының, еліміздегі марқұм болған мұсылман қауымының жаназа, құдайы астарында, қабір басына зират көтеруде және киелі орындарға зиярат жасау рәсімдерінде ысырапқа бой алдырмай, жалпыға ортақ бірізділік мәдениетін қалыптастыру туралы бастамасы негізінде ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесі  "Зират және зиярат ету мәдениеті" және "Ас беру мәдениеті" атты концептуалды құжаттар қабылдаған. Аталған құжаттар негізінде, ҚМДБ-ның жанынан "Қамқор-Шарапат" салттық қызмет көрсету орталығы құрылып, пилоттық жоба ретінде Астана қаласында бірнеше жыл жұмыс жасады. Орталықтың қызметтері халықтан қолдау табылғандықтан, жергілікті зират әкімшіліктері өңірлердегі зираттардың ішінен орталығымызға арнайы жер-секторларын бөлді", – деді орталық директоры. 

Сондай-ақ, Мейрамбек Қабылбекұлы марқұмның туыстарының өтінішіне сай қандай қосымша қызметтер көрсетіліп жатқанын атап өтті.  

"Қазіргі таңда орталықтың филиалдары еліміздің барлық облыстарындағы мешіттердің жанынан ашылып, марқұм болған туысының жаназасы мен жерлеу рәсімін шариғат талабына сай атқарып беруді сұраған мұсылмандардың өтінішіне байланысты, марқұмды – жуындыру, кебіндеу, жаназасын шығару, жерлеу, қабір басына құлпытас орнату, марқұмның құрметіне арналған құдайы астарда құран бағыштап дұға жасау сынды салттық қызметтерді көрсетіп келеміз", – деп қосты ҚМДБ өкілі.

Орталық басшысының түсіндіруінше, қайтыс болған адамға 6 шаршы метр жер тегін бөлінеді. Алайда барлық өңірде қабір қазу мен жерлеу қызметтерін ақылы түрде атқаратын ұйымдар бар. Жердің қыртысына байланысты бағасы да әртүрлі болып келеді. 

"Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрінің "Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2019 жылғы 31 мамырдағы № 48 бұйрығына сай, марқұмның қайтыс болғаны туралы тиісті құжаты негізінде әр марқұмды жерлеу үшін зират қорымынан 6 шаршы метр жер тегін беріледі. Қабірлердің ара-қашықтығы ұзын жағынан 1 метр, қысқа жағынан 50 см болуы керек. Сондай-ақ, жерлеуге бөлінген учаскенің шекарасында жерленген марқұмның құрметіне табиғи тастан немесе бетоннан жасалған қабір үсті ескерткіштер мен құрылыстар, гүлзарлар мен орындықтар орнатуға рұқсат етіледі. Тегін берілген жерге марқұмды туған-туыстары қабірін қазып, жерлеуіне рұқсат етіледі. Алайда барлық өңірлерде қабір қазу мен жерлеу қызметтерін ақылы түрде атқаратын ұйымдар бар және әр өңірде баға жердің қыртысына байланысты әртүрлі", – деп түсіндірді ҚМДБ өкілі. 

Ары қарай Мейрамбек Қабылбекұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жазалаушы орган емес екенін еске салды. Айтуынша, қабылданған құжаттар тек ысырапқа жол бермеу үшін жасалған. 

"ҚМДБ еліміздегі мұсылмандардың діни бірлестігі, ол қадағалаушы, заң шығарушы немесе жазалаушы орган емес. Сондықтан ҚМДБ-ның қабылдаған "Зират және зиярат ету мәдениеті" және "Ас беру мәдениеті" құжаттары еліміздегі мұсылман жамағатының сұранысы негізінде үлгі ретінде ұсынылады. Аталған құжаттар негізінде, жергілікті жердегі мұсылман қауымы, ақсақалдар алқалары, т.б. жиналып жергілікті халыққа зират көтеру мен жаназа, құдайы астарда ысырапқа жол бермеу мақсатында үндеу жасап жүргені жасырын емес", – деп түсіндірді Мейрамбек Қабылбекұлы. 

Орталық жетекшісі зираттың әртүрлі көтерілуінің басты себебі табиғи жағдайлар екенін айтады. 

"Дегенмен зират көтеруде әр өңірде әртүрлі болуының себебі, табиғи жағдайына байланысты деп ойлаймын. Барлық қабірлердің топырағы түйенің өркешіндей етіп үйіледі. Мысалы, оңтүстік өңірлерде қабір басына тек қана құлпытас орнатады, ал басқа өңірлерде әр қабірдің басына түрлі тастардан қоршаулар жасап, кейбіреулері күмбездер орнатып жатады. Мұның сыры солтүстік өңірлерде жауын-шашын мен қар көп жауатындықтан солай жасайды екен. Олай жасамаса қыс бойы жауған қар көктемде су болып еріген уақытта қабір басындағы топырақты шәйіп немесе бір-біріне қосып кететін көрінеді. Сондай-ақ ілгеріде қабірстанның жалпы сырты қоршалмағандықтан, қабірлерді жан-жануарлар басып кетпесін деген мақсатта әр қабірді жеке-жеке қоршаған. Еліміздегі ескі зираттарды қарасақ, әр қабірдің басына тек құлпытас қана орнатылғанын көреміз", – деп қосты Мейрамбек Қабылбекұлы. 

"Зират және зиярат ету мәдениеті" құжатынан үзінді
Зират көтерудің шариғаттағы үкімдері

  • Зиратқа арналған орын елді мекеннен алыстау, шеткері жерден, топырағы жұмсақ, қабір қазуға оңай және барынша кеңдеу алқаптан таңдалғаны дұрыс.
  • Қабірдің тереңдігін орташа ету, адам бойымен қазу – сүннет.
  • Қабірді мәйіттің оң жағы Құбылаға қарайтындай етіп қазу керек.
  • Қабірге жерленген кісінің кім екендігін айқындау мақсатында және жүргіншілер тарапынан тапталып, аяқ асты болмауы үшін оған шағын белгі (құлпытас) қоюға рұқсат.
  • Қабірге белгі қою – Аллаға серік қосуға (ширк), орынсыз жаңашылдыққа (бидғат), қатаң тыйым салынған іске (харам) жатпайды.
  • Жерлеу орындарында мешіт, медресе, құлшылық ету орындарын тұрғызуға, зәулім ескерткіш немесе биік күмбез орнатуға болмайды.
  • Қабірді көмгенде қабірдің өзінен шыққан топырақпен көмген абзал.
  • Зираттың аумағын тарылтатын, яғни өзге мәйіттер жерленетін орындарды қажетсіз пайдалану яки кедергі келтіру шариғат бойынша құпталмайды.
  • Зират қоршалған жағдайда әрбір қабірге жеке-жеке қоршау жасаудың қажеті жоқ.
  • Құлпытаста жерленген адамның толық аты-жөні, туған және қайтыс болған күндері жазылса жеткілікті.
  • Құлпытасқа марқұмның суретін қоюға рұқсат етілмейді.
  • Қабір басындағы бұрын жасалып қойған құрылыстарды бұзудың қажеті жоқ.

Зират көтеру мәдениеті

  • Мұсылман жұртшылығы қайтыс болған кісінің есімі мен жатқан жері белгілі болсын деген мақсатпен оның басына құлпытас қоюды әдетке айналдырған.
  • Құлпытастардан бөлек зират басына үлкен ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұрғызу марқұмға ешқандай пайда бермейді.
  • Өлілер үшін пайда келтірмейтін істі "тірілер көрсін немесе естісін" деген ниетпен жасау Алланың разылығынан алыстатады. Өйткені шариғат бойынша таза ниетпен жасалған ықыласты істер ғана сауапқа кенелтеді.
  • Қабір көтеруге кететін шығынды тірілерге жұмсау – әлдеқайда сауапты.
  • Қымбат құлпытастар мен зәулім ескерткіштерге кететін қаражатты жетім-жесірге көмектесу, көрші-қолаң, ағайын-туысқа қарайласу, білім ошақтарын тұрғызу, пайдалы кітаптар мен оқулықтар шығару сынды т.б. игі істерге жұмсап, сауабын қайтыс болған кісілерге бағыштау шариғат бойынша құптарлық игі іске жатады.
  • Шариғат заңдары зираттарды сәндеуді, үлкен ескерткіштер орнатуды талап етпейді. Керісінше мұсылман зираты барынша қарапайым болғаны жөн.
    Қорымға қойылатын құлпытастарды бір-бірінен асып түсетіндей етіп әсіре сәндеу немесе оған мол шығын жұмсау ысырапқа жататындықтан шариғат мұны құптамайды. Дініміз ондай әрекетке тыйым салады.

Теңдік ұстанымы

  • Зират – барша адамзаттың Жаратушы алдында тең екендігін, бай мен кедейдің, жас пен кәрінің, күшті мен әлсіздің бір-бірінен артық еместігін, имандылық, тақуалық секілді ізгі қасиеттермен ғана биік тұратынын көрсететін ғибрат мекені.
  • Қайтыс болған адамды қабірге қоярда денесіне ешбір артық киім кигізбей, тіршіліктегі сәндік бұйымдардың ешқайсысын өзімен бірге жерлемей, жағасы мен жеңі жоқ, тек ақ матамен ғана қою, яғни күллі мұсылманды бірдей етіп жер қойнына тапсыру тәртібі осы теңдік ұстанымын білдіреді.
  • Адам баласының Алла Тағала құзырында тең екендігі қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистерінде айрықша баяндалады.
  • Зираттарға құлпытас қою кезінде адамдар арасындағы теңдік ұстанымы қатаң сақталуы тиіс. Бір марқұмның қабір басына мәрмар тастан зәулім сарай тұрғызу, екінші қабір басына биік ескерткіш немесе кеуде-мүсін соғу, ал үшіншісіне қарапайым құлпытас қою – шариғаттың теңдік қағидаттарына қайшы келеді.

Құлпытас қою мәдениеті

  • Қабірге биіктігі 1 (бір) метр, ал ені 50 (елу) сантиметрден аспайтын құлпытас қою.
  • Құлпытасқа марқұмның толық аты-жөнін, туған және қайтыс болған күндерін жазу.
  • Құлпытасқа марқұмның суретін салмау.
  • Құлпытасты қымбат, бағалы тастардан жасамау.
  • Құлпытасқа Құран аяттары мен сүрелерді жазбау.

Зират құрылыстары

  • Зираттың жалпы көрінісі ешбір артық құрылыссыз, барынша қарапайым болғаны дұрыс.
  • Зиратты жан-жануарлар бұзып, тапталмауы үшін сыртына қоршау жасалған жөн.
  • Сырты толықтай қоршалған зират ішіндегі әрбір қабірдің басына өз алдына бөлек қоршау жасаудың қажеті жоқ.
  • Зират ішінде қабірлерді баспау үшін арнайы жүретін жол қалдырған жөн.
  • Зираттарға жарық орнату, түрлі-түсті гүлдер егіп, абаттандыру сынды сәндеу жұмыстарын жасау орынсыз. Зират тамашалайтын жер емес, ғибрат алатын, ақыретті еске алатын мекен.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow