«Жағдай ушықса, Киевтегі шешім қабылдау орталықтарына «Орешникпен» соққы жасаймыз» - Путин
Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтіп жатыр, деп жазады Sadaq.kz ақпарат порталы.
Жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов келген. ТМД бас хатшысы Сергей Лебедев пен ШЫҰ бас хатшысы Чжан Мин де бар. Бұл жолы да жиынға Армения тарапынан ешкім келген жоқ.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясын Тоқаевтың өзі ашып, сөз сөйледі.
Президенттің айтуынша, ҰҚШҰ-ның маңызы өте зор. Сол секілді Қазақстан да өзінің төрағалық еткен уақытта ҰҚШҰ алдындағы міндеттерін толықтай орындады. Нақты айтар болсақ, еліміз ҰҚШҰ төрағасы ретінде ұйымға мүше елдер арасындағы тығыз қарым-қатынасты нығайтуға, дағдарыс жағдайларында жедел әрекет ету тетіктерінің тиімділігін арттыру мақсатында біраз жұмыс жасады.
«Қазақстан Республикасының Ұйымға төрағалығы кезінде қойылған міндеттердің бәрі орындалды. Біз белгілеген басымдықтарды жүзеге асыруға қолдау көрсеткендеріңіз және бірлесе нәтижелі жұмыс атқарғандарыңыз үшін алғыс айтамын. ҰҚШҰ қазіргі сын-қатерлер жағдайында ұйымға мүше барлық елдер үшін қауіпсіздік кепілі ретінде өзінің қажет екенін көрсетіп отыр. Біздің үйлесімді әрекеттеріміз, өзара сенім мен қолдауымыз ең қиын әрі ауқымды міндеттерді шешу жолындағы ұжымдық қабілетімізді нығайтады. ҰҚШҰ – жай ғана әскери серіктестік емес, мемлекеттеріміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатындағы күш-жігеріміз бен ресурстарымызды біріктіретін бірегей механизм екенін атап өткен жөн», – деді Тоқаев.
Әрі қарай отырыс жабық форматына ауысты.
ҰҚШҰ жиынында Ресей президенті Владимир Путин аймақтық қауіп-қатерлерге қарсы бірлескен шаралардың маңыздылығын атап өткен. Соның ішінде Ауғанстандағы жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп, Украина мәселесін сөз етті. Путин сондай-ақ, жағдай тым ушықса, «Орешник» зымыранын пайдалануға мәжбүр болатынын айтады.
«Орешниктің» бірнеше данасы дайын тұр. Оларды қолдануға әзірміз. «Орешникпен» жаппай соққы жасаудың күші ядролық соққымен тең болмақ. Егер жағдай ушықса, Киевтегі шешім қабылдау орталықтарына «Орешникпен» соққы жасауымыз ықтимал», - дейді Путин.
Айтуынша, «Орешник» зымыранын жаппай өндіру жұмыстары басталып кеткен.
«Керек болса, Ресей НАТО елдерінен 10 есе көп зымыран өндіре алады», - деді Путин.
Кейбір шетелдік БАҚ құралдары АҚШ барлау қызметінің Ресей аумағынан соққылар ядролық өршу қаупін арттырмайды деген қорытындыға келгенін айтады. Сол секілді Ресейдің «Орешник» зымыранын қолдануы да Батыстағы элитаның пікірін өзгерте алмай отыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?