«Иман» деген паразит сөз пайда болды»: Қоғам белсендісі көңіл айтудың қате тұстарын тізді
Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Тоғайбай Нұрмұратұлы жаназада көңіл айту сөздерінің қате тұстарын тізіп шықты. Ол жазбасында арабтан кірген иман сөзінің қате қолданылып жүргенін айтты, деп хабарлайды sadaq.kz.
Оның пайымдауынша " Иманды болсын", "Иманы саламат болсын" – деген бос сөз.
"Соңғы 30 жылдың көлемінде қайтыс болған жанға — қазақы көңіл айтуды ұмытып, тотықұсқа ұқсап, өздері де не айтып жүргенін түсінбейтін" Иман" деген паразит сөз пайда болды. Көңiл айтқанда қолданылатын сөздер: — Қазаның арты қайырлы болсын.
Бұл — артында қалған бала-шағасы, ағайын-туыстары, жақындары аман болсын — дегендi бiлдiредi.
Кейде қатты қайғырып есiнен танып жатқандарға басу айтады: — «Амал не, тас түскен жеріне ауыр. Тірі жан тіршілігін қылады, өлген артынан өлмек жоқ. Бекем бол. Денсаулығыңды ойла артында қалған бала-шағаға бас көз бол", - деді Тоғайбай Нұрмұратұлы.
Қазақ халқында марқұмды жерлегеннен кейін көңіл айту сөзі бар. Бүгінде олда бұрмаланған.
"Топырағы торқа болсын. Жатқан жері жайлы болсын. Артында қалған ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін. Аруағы риза болсын." Иманды болсын" — мүлдем қайғысына ортақтасып, көңіл айтқанды білдірмейді", - деп жазды ол.
Шындығында жаназада "иманды болсын" деп көңіл айтуға көңіл де, құлақта әбден үйреніп кетті. Ал сөздің мағынасын үңілгенде, өлген адам ендігі жерде иманды бола алмайды. Иманды тілеу — қисынға келмейді.
"Діни пайымға салсақ, пенде имандылық ұпайларын тірі кезінде жинап үлгеруге тиіс. Олай болса, өлген кісіге "иманды болсын"" иман байлығын берсін" деу — сауатсыз көңіл айту үлгісі",- деп пайым айтты қоғам белсендісі.
Сіздің реакцияңыз қандай?