«Хайп қуған сен бе, мен бе?»: Мақсат Толықбай мен Дина Елгезектің арасында дау туды
Депутат Мақсат Толықбай мен қоғам белсендісі Дина Елгезек әлеуметтік желіде бір-біріне жауап жазып, қоғамда қызу пікірталас тудырды. Екі тарап та өз ұстанымын ашық айтып, қарсы тарапқа ауыр айыптаулар мен өткір сұрақтар жолдады, деп жазады sadaq.kz.
Мақсат Толықбай не деді?
Депутат өз жазбасында соңғы жылдары түрлі атақ пен медальдың тым көбейіп кеткенін сынға алды. Оның айтуынша, "Ұлт ұстазы", "Ғасыр ұстазы" секілді атақтардың құнсыздануы қоғамға кері әсер етіп отыр.
"Ұлт ұстазы”, “Ұлт данышпаны” деген атағы жоқ Байтұрсынов қарапайым мұғалім, Абайлардың жартылай ғана данышпан, ортақол ақын боп қалғаны-ау?!".
Ол сондай-ақ атақ таратумен айналысатын ұйымдарды ашық сынға алды:
"Атақ сатқыш ұйымдастырушыларға ұсыныс: пайдаланбай-ақ қойыңдар. “Ғаламдық ұстаз”, “дүние жүзі бойынша нөмірі бірінші данышпан” деген атақтарды шығарыңдар", – деп жазды.
Депутаттың сөзінше, кейбір марапаттар 200–300 мың теңгеге дейін сатылып, салтанатты рәсімдер арқылы табыс көзіне айналған.
"Ұлт ұстазы" дейтін атақты 200 мың теңгеден мұғалімдерге оңды-солды саудалау үшін қаншалықты арсыз болу керек?", - деді ол жеке парақшасында.
Депутат Дина Елгезек туралы
Депутаттың айтуынша, белсендінің кез келген тақырыпта қарсы пікір жазуды әдетке айналдырғаны байқалады. Ол Дина Елгезектің әрекетін хайппен байланыстырды.
"Айтпақшы, кейде осы Дина Елгезек жеңгемді түсінбеймін. Отырып алып “хайп” іздей ме, әлде “не айтса да осыларға қарсы пікір жазып отырам” дегенді өзіне міндет қылып алған ба? Мәселенің байыбына бармастан ұрандатылып үш сөйлем жазыпты", - деп сұрақ қойды ол.
Мақсат Толықбай мемлекеттік марапаттар тақырыбында өзінің ұстанымын да нақтылай түсті. Ол жүйелі жұмыс істеп жүрген қоғамдық ұйымдарға қарсы еместігін, алайда атақ пен медальды бизнеске айналдырғандарды меңзегенін алға тартты.
"Мен тек медаль сатып, жыл сайын көлігін жаңалап отыру үшін ғана түрлі қоғамдық ұйымдар ашып алған бизнесмен пысықайлар жөнінде айттым. Кімдерді меңзеп отырғанымды өздері жақсы біледі", – деп жазды ол.
Дина Елгезек үнсіз қалмады
Белсенді Дина Елгезек депутаттың сынына қарсы жауап жазып, оның өзіне де бірқатар ауыр сауал қойды. Ол Мақсат Толықбайды популизм мен жауапкершіліктен қашты деп айыптады.
"Мақсат Толықбай, хайп қуған депутат сен бе, мен бе?
“АЭС-ты Ресей салмайды” деп халықтың алдында ант-су ішкен депутат өзің едің ғой?!
АЭС-ты Ресей салатын болды!
Неге өз сөзіңе жауап бермейсің?
Әлде идеологсымақтардың тапсырмасын орындадың ба?
АЭС-ты Ресей салмайды деген ақпарды кімнен алдың? Неге жауап бермейсің елдің алдында.
Бұл, бір!
“Журналист - партияда болмау керек” деп ұрандатқан кім еді? Сөйте тұрып іле-шала партияға кірген де өзің едің!
Енді “марапатты қоғамдық ұйымдар таратып жатыр” деп даурыға сөйлеп, тағы да бүкіл проблеманы қоғамға аудара саласың!".
Белсендінің айтуынша, мәселені тек қоғамдық ұйымдарға ысыру – шындықтан қашу.
"Енді “марапатты қоғамдық ұйымдар таратып жатыр” деп даурыға сөйлеп, тағы да бүкіл проблеманы қоғамға аудара саласың!
Айналайын ау, мемлекеттік марапатты, атақ пен медальды таратып жатқан мемлекеттің өзі емес па?
Алдымен идеологтарға осыны неге айтпайсың? Мемлекет тарапынан әр мереке сайын нөсерше төгілетін атақ пен даңқтың құнсызданып кеткеніне неге акцент қоймайсың?
Билікті мақтаған қайдағы бір жылпостар мемлекеттік атақты иемденіп, ал шынайы таланттар ескерусіз қалып жатқанын неге беттеріне баспайсың?
Әлде қорқасың ба?
Мемлекет жөн-жосықсыз атақ пен медаль таратуды доғартса, бұл мәселе өздігімен шешілмейді ме? Үкімет не министрлік “қоғамдық ұйымдар атақ таратуға болмайды” деген бір жапырақ қағазға мөр қойылған бұйрық шығара салса, сап тиылады ғой.
Әлде Парламент мінберінде айғайлап көтеретін басқа мәселе жоқ па?", - деп ашуланды белсенді.
Қоғам белсендісі депутат Мақсат Толықбайға Гаухар Танашеваны үлгі етті.
"Жеке менімен сөйлескенде: “Жаңа Қазақстан” деген өтірік аңыз. Пәлен-пәштүгін” деп жылап-еңірейсің де, ал фб бетінде “хайп қуған” дейсің.
Осы қылығың жігіттікке жатады ма, айтшы?
Керемет болсаң, тапсырыспен жұмыс істемегені үшін Парламенттен қуылған депутат Гауһар Танашева секілді қайсарлық неге танытпайсың? Әлде оған “духың” жетпейді ме?», – деп жазды.
Екі тараптың жазбасы әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатыр. Бірі депутаттың атақ пен медальдың құнсыздануына қатысты пікірін қолдаса, енді бірі белсендінің билік пен жауапкершілік туралы айтқан уәжін орынды санайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0