Мұғалімді балағаттаған оқушы Тоқаевтан көмек сұрады

Алматы НЗМ-де оқу жылының аяқталуына екі күн қалғанда мектептен шығып қалған 11-сынып оқушысы президентке видео үндеу жазып, оқуын жалғастыруға мүмкіндік беруді сұрады.
Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысының оқудан шығарылуына қатысты жанжал қоғамда резонанс тудырды.
Қоғам белсендісі Аида Бұқаева жеткіншекке қолдау білдіріп, Назарбаев зияткерлік мектептерінің басшылығына қабылданған шаралардың әділдігі туралы сыни сауалмен жүгінді.
"Емтихан кезінде телефон ұстаған оқушылардың барлығы неге оқудан шығарылмайды? — деп жазды Бұқаева.
Жасөспірімнің айтуынша, оның ата-анасы оқудан шығару туралы өтінішке оның мәнін толық түсінбей қол қойған. Олар орыс тілін білмеген және эмоциялық қысымға ұшыраған дейді. Кейін отбасы құжатты қайтарып алмақ болғанда, мектеп бас тартты. Мектеп оқушысының өзі мектеп басшылығы жалған ақпарат таратып жатыр деп отыр. Ол басқа мектепке ауыстыру “мемлекет қаражатын екі есе ысырап ету" деп санайды.
Оқушы жазаны көтеруге дайын екенін, бірақ НЗМ қабырғасында қалу мүмкіндігін сұрады.
"Мен іс-әрекетімнің салдарын жоюды сұрамаймын. Егер маған осы мектепте қалуға және оқуымды жалғастыруға мүмкіндік берілсе, тәртіптік жазаға, қоғамдық жұмыстарға немесе басқа да шараларға дайынмын. Мен мұғалімдерге, мектепке және қоғамға алғыс айтамын және бір ғана нәрсені сұраймын. Әділ шешім және қатені түзету мүмкіндігі", – деді 11-сынып оқушысы.
Аида Бұқаева жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Күйзеліс жағдайындағы кез келген адам өзін орынсыз ұстауы мүмкін. Оқушы ұятсыз сөз айтты. Бірақ бұл қылмыс емес. Жазаның дәрежесі, күші қандай деген сұрақ туындайды? Бұл жағдайға жаза лайықты ма?", — деп жазды белсенді.
Кейін қоғам белсендісі Аида Букаева оқушының жағдайы күрт нашарлағанын хабарлады.
"Сұңқар құрысып, жүйкесі сыр беріп, қызуы түсіп кеткен. Ол 21-інен бері тамақ ішпеген. Қазір оны жедел жәрдеммен ауруханаға алып бара жатыр. Ол бүгінге дейін ертеңгі МӘСҚ емтиханын тапсырамын деп үміттеніп келді. Тапсыра алмайтынын түсінген соң, жағдайы нашарлап кетті", – деді ол.
Оқу-ағарту министрлігі де аталмыш оқиға бойынша арнайы мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде ұғалімге құрмет көрсету маңызды екенін атап өтіп, адамгершілік ұстанымдарға шақырған.
"Қазақстанда мұғалімнің мәртебесі заңмен бекітілген және оның қоғамдағы ерекше рөлін көрсетеді. Ата-аналар мен оқушылар ұстазға құрметпен қарауы тиіс. Білім беру жүйесіне сенім – осы жүйеде жұмыс істейтін адамдарға сенімнен басталады. Мұғалімнің кәсіби абыройына нұқсан келтіруге жол берілмейді. Оқу-ағарту министрлігі педагогтың мәртебесін төмендететін кез келген әрекетті қатаң айыптайды", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрлік оқушы өз қателігін түсінгенін атап өтті.
"Бұл жағдай бойынша НЗМ ішкі нормативтермен қатар, адамгершілік пен педагогикалық кәсібилік қағидаттарын ескере отырып шешім қабылдайды деп сенеміз".
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тапсырмасымен мектепке Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен аумақтық департамент өкілдері жіберілген. Министр НЗМ басқарма төрағасы Ануар Жанғозинмен де келіссөз жүргізген.
"НЗМ басшылығы мектепке жедел барып, жағдайды объективті бағалап, болған оқиғаның себептерін жан-жақты талдап, білім беру жүйесінің рәсімдері мен құндылықтарына сай шешім қабылдауға уәде берді", – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Сіздің реакцияңыз қандай?






