Олимпиада чемпионының «жеңімпаз» киімі 114 миллионға сатылды!
Милан Олимпиадасының жеңімпазы, нидерландық атақты конькиші Ютта Лердам спорттық жәдігерлер саудасында жаңа әлемдік рекорд орнатты. Оның Олимпиада ойындарында киген спорттық костюмі аукционда 195 000 еуроға (шамамен 114 миллион теңге) саудаланды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Ютта Лердам Миландағы Олимпиада ойындарында 1000 метрлік қашықтықта Олимпиада рекордын жаңартып, алтын медаль алды. Сондай-ақ, 500 метрлік жарыста күміс жүлдені иеленді. Спортшының осы тарихи жеңістерінде киген киімі MatchWornShirt платформасында сатылымға шығарылды. Аукцион аяқталуға бір сағат қалғанда костюм бағасы 10 мың еуро болатын, бірақ соңғы минуттарда екі жанкүйер нағыз «миллионерлер шайқасын» ұйымдастырып, бағасын 20 есеге арттырды.
Тарихи лоттың жаңа иегері туралы ақпарат ресми түрде ашылмаған, алайда кейбір дереккөздердің мәліметінше, құнды жәдігерді Германиядан келген инвестор-коллекционер сатып алған.
Юттаның киімі әлемдік футбол жұлдыздарының көрсеткіштерінен асып түсіп, бұл сауданың басты сенсациясына айналды. Мәселен, осыған дейінгі рекорд Криштиану Роналдудың қолтаңбасы қойылған жейдесіне (74 мың доллар немесе шамамен 35 млн теңге) тиесілі еді.
Аукционнан түскен қомақты қаражат Ютта Лердамның жеке меншігіне емес, қайырымдылық мақсатта жұмсалады. Оның негізгі бөлігі спортшының мансабын алғаш бастаған IJsvereniging Pijnacker жасөспірімдер клубына аударылады. Клуб басшылығы бұл ақшаның арқасында жүздеген баланың кәсіби спортпен айналысуына мүмкіндік туатынын қуана хабарлады.
Сарапшылардың пікірінше, киімнің мұндай жоғары бағаға сатылуына Юттаның тек спорттық жетістігі емес, оның әлемдік деңгейдегі медиа-танымалдылығы да әсер еткен. Жеңістен кейінгі эмоциялық сәттері мен халықаралық брендтермен (мысалы, Nike) серіктестігі оның жеке брендін жаңа белеске көтерді. Сонымен қатар, оның боксшы Джейк Полмен қарым-қатынасы да америкалық және еуропалық нарықтағы қызығушылықты арттырды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0