«Пәтерлер, Lamborghini, Cadillac сатып алған»: Шығыс Қазақстанда депутат миллиардтап ақша жымқырған

Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті "QazConstructions" ЖШС басшылығына қатысты Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының 7 ауданында 11 әлеуметтік нысанның құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде, деп хабарлайды sadaq.kz.
Күдіктілердің қатарында – "QazConstructions" ЖШС-нің бұрынғы директорының орынбасары, Күршім ауданы мәслихатының депутаты бар.
Аталған жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттырып, азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауға бағытталған еді.
Алайда қылмыстық әрекеттер салдарынан төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 мыңнан астам адам тұратын жеті ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмеген.
Жымқырылған қаржының жалпы көлемі 2 млрд теңгеден асады. Олар байланысы бар компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Қылмыстық жолмен алынған табысқа Астанадағы қымбат санаттағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, Lamborghini Urus, Cadillac Escalade, Mercedes автокөліктері мен асыл тұқымды жылқылар сатып алынған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.
Екі күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Тергеу жалғасуда.
ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






