Экономист автобус жолақысын 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынды

Экономист Олжас Байділдинов автобус жолақысын 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынды, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.
Себебі, қоғамдық көлікке бөлінетін мемлекеттік субсидиялар тиімсіз әрі жемқорлыққа жол ашып отыр.
Оның айтуынша, Петропавл қаласында тасымалдаушыларға субсидия соңғы 3 жыл бойы төленбеген. Ал қазіргі жағдайда жолақының өзін-өзі ақтайтын құны кемі 345 теңге болуға тиіс.
Мен бұл мәселені бұрыннан айтып келемін. Автопарктерге бөлінетін субсидиялар жүйесі тұманды, жемқорлыққа бейім әрі сапа тұрғысынан ешқандай нәтиже бермейді, – дейді Олжас Байділдинов.
Сондай-ақ ол екі мегаполис – Астана, Алматы қалаларында жолақының экономикалық негізделген құны 500 теңге шамасында болуын қалайды.
Мысалы, былтыр Алматыда автобус тасымалына 200 миллион доллар субсидия бөлінді. Бірақ одан сапа жақсарды ма? – дейді сарапшы.
Оған қоса қоғамдық көлік саласына нарықтық баға мен ашық бәсекелестік енгізу қажет екенін атап өтті.
Үш аялдама жүрген адам мен 1,5 сағат жол жүрген жолаушының бірдей төлеуі – экономикалық тұрғыдан қисынсыз. Жолақы қашықтыққа қарай есептелуі керек, – деп отыр тағы.
Оның пікірінше, мемлекеттік субсидиялардан бас тарту және тарифтерді нарыққа жіберу – қоғамдық көлік жүйесін сауықтырудың жалғыз жолы.
Сіздің реакцияңыз қандай?






