Табиғи және техногендік апаттар: Күтілетін зардаптар мен шаралар
Қазақстан – климаты мен географиясы сан түрлі ел.

Жаһандық қоғамдастық үшін төтенше жағдайлардың (ТЖ) салдарын болжау, алдын алу және оны жоюдың өзектілігі күн санап артып келеді. Жыл сайын әлемде табиғи апаттар, ірі жол-көлік апаттары, өрт салдарынан екі миллионға жуық адам қаза тауып, бірнеше ондаған миллион адам жарақат алады, ал материалдық шығын әлемдік экономиканың жалпы өндірістік өнімінің 3%-на жетеді, деп хабарлайды Sadaq.kz ақпарат порталы.
Қазақстан – климаты мен географиясы сан түрлі ел. Жылдың төрт мезгілі қатар келетін, ну орманы мен шөлді-шөлейтті жерлері, жазық даласы мен асқаралы таулары бар ел үшін түрлі табиғи және техногендік төтенше жағдайлар жаңалық емес. Төтенше жағдайлардың салдарын болжау, алдын алу және жою азаматтардың қауіпсіздігі мен елдің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды аспектісі. Экономика және инфрақұрылымның қарқынды дамуын, сондай-ақ экстремалды ауа райы құбылыстарының әлдеқайда ұлғайғанын ескерсек, бүгінде елімізде ТЖ-ға дайындық және салдарын жою мәселелері ерекше өзекті болып отыр.
Қазақстанда жиі болтын түрлі табиғи және техногендік төтенше жағдайлар:
Табиғи ТЖ:
- Жер сілкінісі. Елдің шығыс және оңтүстік аймақтары сейсмикалық белсенді аймақтарда орналасқан. Мысалы, Алматы облысы, Талдықорған, Шымкент сынды қалалар сейсмикалық қаупі басым аймақтарға жатады. Биыл наурыз айында ҚР ТЖМ «СБЗҰҒО» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі Алматы қаласынан 323 шақырым жерде жер сілкінісін тіркеді. Бұл жолы Жамбыл облысындағы Меркі ауылында жер дүмпуінің қарқындылық магнитудасы 5 балға жеткен.
- Қызыл су және су тасқыны. Елде көктемде және жазғытұрым қардың тез еруі мен жауын-шашынның шектен тыс көп түсуіне байланысты өзендердегі су деңгейі көтеріліп, тасқындар мен елді-мекендерді су басу жағдайлары көп болады.
- Құрғақ желдер мен шаңды дауылдар. Елдің шөлді аймақтарында шаңды дауылдар жиі кездеседі, бұл халықтың денсаулығы мен ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізбей қоймайды.
- Орман өрттері. Соңғы жылдары елде орман және дала өрттерінің көбеюі байқалады. Осы орайда, елімізде болған ең соңғы ірі орман өрті 2023 жылы тіркелді. Сол жылы маусым айында Абай облысының Батпаев орман шаруашылығына қарасты «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында өрт болған. Тілсіз жау 60 мың гектар орман қорын жойып, апат кезінде «Семей-Орманы» резерваты Новошульбинск филиалының 14 қызметкері қаза болған еді.
Техногендік ТЖ:
- Кен орындарындағы апаттар. Қазақстан әлемдегі ең ірі пайдалы қазбалар қорына ие болғандықтан, кен орындарында апаттар мен қауіпті өндірістік жағдайлар жиі болып жатады. Соның бірі, ақпан айында ғана Ұлытау облысында «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Жомарт» шахтасында болған апат. ТЖ кезінде 7 кенші қаза тапты.
- Энергетика саласындағы төтенше жағдайлар. Ел аумағында маңызды энергетикалық нысандар орналасқан және олардың жұмысындағы кез келген ақаулар энергияның үзілуіне, сондай-ақ экологиялық апаттарға әкелуі мүмкін.
- Құрылыс және көлік апаттары. Қалалардағы және ауылдық аймақтардағы құрылыс саласында, сондай-ақ көліктегі апаттарда адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі мүмкін.
Осы ретте айту кету керек, 2024 жылы Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі орталық және жергілікті атқарушы органдарға қатысты бақылауды жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ТЖМ құрамында қолданыстағы Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің базасында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылды.
Қазақстанда төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында бірқатар кешенді шаралар қабылданған. Мысалы, мониторинг және ерте ескерту жүйелері. Қазіргі таңда елімізде төтенше жағдайлар бойынша алдын ала ескерту жүйелері жұмыс істейді. Мысалы, жер сілкіністері мен тасқындарға қатысты мониторинг жасалатын жүйелер бар, сондай-ақ ғарыштық технологиялар арқылы ауа райы мен сейсмикалық белсенділік бақылауға алынады.
Сейсмикалық қауіптілікті бағалау және құрылыс нормалары.
Сейсмикалық қаупі басым аймақтарда құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде арнайы сейсмологиялық нормалар мен ережелерге сәйкес құрылыс жүргізіледі. Бұл халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Төтенше жағдайлардың алдын алу шараларының бірі — халықты ақпараттандыру. Қазақстанда төтенше жағдайлар бойынша арнайы ескерту жүйесі жұмыс істейді, оған SMS хабарламалар, радиотаратқыштар мен интернет арқылы ақпарат тарату жүйелері кіреді.
Инфрақұрылымды нығайту. Әр аймақта төтенше жағдайларға дайындық ретінде арнайы дайындық жұмыстарын жүргізу, төтенше жағдайлар кезінде жұмыс істейтін негізгі инфрақұрылымды нығайту мақсатында тұрақты түрде жоспарлы жұмыстар жүргізіледі.
Жалпы, 2024 жылы Қазақстанның ТЖ жүйесінде маңызды реформалар жүргізілді. ТЖМ басқарудың жаңа тактикасын және жаңартылған ұйымдастырушылық құрылымды енгізді. Өңірлік бөлімшелер саны 87-ден 28-ге дейін қысқартылып, негізгі қызметтердің жұмысын күшейтуге мүмкіндік берілді. Республикалық жедел-штаб жаңғыртылды.
2024 жылы 324 табиғи өрт тіркелген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда (868 өрт) 2,6 есе аз көрсеткіш. Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарындағы ормандарда өртті ерте анықтау жүйесін енгізу ормандағы өрт аумағын айтарлықтай азайтуға ықпал етті.
2024 жылы Қазақстанда ТЖ саны 2023 жылмен салыстырғанда 1,7%-ға азайды, ал зардап шеккендер саны 10,8%-ға төмендеп, 2023 жылғы 1751 адамнан 2024 жылы 1562 адамға дейін қысқарған.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою – бұл әртүрлі ұйымдардың, билік органдарының және азаматтардың күш-жігерін үйлестіруді қажет ететін күрделі және көп қырлы процесс. ТЖ алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі шаралардың тиімділігі барлық қатысушылардың іс-қимылдарының дайындығы мен жеделдігіне байланысты. Барлық деңгейлерде - жергілікті биліктен Халықаралық ұйымдарға дейін – шығындарды азайтуға және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесетін нақты төтенше жағдайларды жою жоспарлары мен жүйелері болуы маңызды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






