Қазақстан іздеу салып, ұстай алмай жүрген Қожамжаров Ресейде емін-еркін жүр

Желтоқсан 2, 2025 - 15:22
Желтоқсан 2, 2025 - 16:22
 0  0
Қазақстан іздеу салып, ұстай алмай жүрген Қожамжаров Ресейде емін-еркін жүр
Orda.kz

Журналистер Қазақстанның бұрынғы қаржы полициясының басшысы және экс-прокуроры Қайрат Қожамжаровты Мәскеуде жүрген жерінде суретке түсіріп алды.

Orda.kz деректеріне сүйенсек, іздеу жарияланғанына және қылмыстық іс қозғалғанына қарамастан оны билік елге қайтара алмай жатыр.

Elmedia басылымы кеше жариялаған суреттерде Қожамжаров Мәскеу астанасында тыныш әрі алаңсыз өмір сүріп жатқаны көрінеді. Балаларын ВГУЮ жанындағы беделді гимназияға апарып әкеледі, метроға мініп жүріп, қымбат мейрамханада кешкі ас ішеді. Қысқасы, Қазақстан жанталасып іздеп жатқан Қожамжаровтың мұртын балта шаппаған. 

Ал Қазақстан болса экс-шенеунікке қарсы тергеу жүргізіп жатыр. Қожамжаровқа лауазым өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен келген табыстарды заңдастыру айыптары тағылған. Баптар бойынша оған мүлікті тәркілеумен бірге 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. 

Алайда экс-шенеунік елден кетіп қалған, ал билік оның экстрадициясы жайлы ләм-мим деп жақ ашпады.

Тергеу тек Қожамжаровқа ғана қатысты емес, таяқтың бір ұшы оның араласатын ортасына да тиіп отыр. 2025 жылдың жазында оның сенімді адамы Талғат Татубаев ұсталды. Бұрынғы арнайы прокурор Олеся Кексель күдікті ретінде іс материалына енді. Ал қыркүйекте экс-қаржы полицейінің тағы бір серігі — Мақсат Дүйсеновтің ұсталғаны белгілі болды.

Құжаттарда «Қорғас ісі» бойынша фигуранттарға қысым жасалғаны және азаптау фактілері де көрсетілген. Сол кезеңде Қожамжаров «шектеусіз өкілеттігі бар қатал генерал» атанып кеткен еді.

Қожамжаров соңғы рет Қазақстанда 2023 жылдың қараша айында, Болат Назарбаевтың жерлеу рәсімінде ғана көзге түскен. 

Мәжілістегі адамдар оны көп жылдар бойы мықты адам деп санаған. Олар Қожамжаровтың осынша уақыт саяси жағынан беделді болып қалған себебі  оның саяси элита жайлы көп сыр білетіндігінде деп санады. Сондай-ақ ол Ленинградта Дмитрий Медведевпен бірге оқып, ұзақ уақыттан бері таныс-біліс болған соң ешкімге дес бере қоймады деп ұқты. Енді тергеушілер осы көп жыл бойы бой бермеген шыңның ұшар басына бұрынғы серіктерінің куәліктері арқылы жетуге тырысып жатыр. Ал экстрадиция мәселесі қазір бізге беймәлім.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0