Талдықорғанда үй өртенді: газ жарылысынан зардап шеккен отбасының тағы бір мүшесі көз жұмды
Аймақтың денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 46 жастағы әйел жаңа жыл түні ауруханаға түскен болатын. Табиғи газ жарылысынан зардап шеккен оның денесінің 96 пайызын күйік шалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
"Күйік шалған жеті адамның екеуі – ерлі-зайыпты еркек пен әйел көз жұмды. Тағы бір науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Оның да жағдайы өте ауыр», – деп хабарлады Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Талдықорғанда үй өртенді: Отағасы мерт болды, әйел мен 4 бала жансақтау бөлімінде жатыр
Облыстық полиция департаменті қауіпсіздік талаптарын сақтамай қызмет көрсеткен, сол арқылы адам өліміне алып келген апатқа жол бергені үшін қылмыстық іс қозғады.
"Заң талаптарына сәйкес тергеу жүріп жатыр. Басқа ақпаратты жариялай алмаймыз. Бұл істі департамент басшысы өз бақылауына алды», – деді Жетісу облыстық полиция департаментінің мамандары.
Апат 31 желтоқсан күні екі қабат жеке үйде болған. Жарылыс салдарынан екінші қабаттың төбесі құлаған. Өрт 120 шаршы метр аумақты шарпып, салдарынан отағасы 1 қаңтар күні қайтыс болған.
Кейін белгілі болғандай үй аумағы арқылы үш бірдей жерасты газ құбыры өткен, оның біреуі орташа, екеуі төмен қысымды құбырлар.
Сіздің реакцияңыз қандай?