«Тапсырыспен жасалған»: шымкенттіктер Берденовтің оқиғасына қатысты не дейді

Сәуір 23, 2025 - 14:55
«Тапсырыспен жасалған»: шымкенттіктер Берденовтің оқиғасына қатысты не дейді
Фото: дереккөз

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық тапсырыс па? Sputnik Қазақстан тілшісі Шымкентке барып, халықтың пікірін біліп қайтты.

Дәл әкімдіктің жанында оққа ұшып, аман қалған Руслан Берденов туралы шымкенттіктер өз пікірлерін білдірді.

"Берденов – осы жақтың адамы, депутат та болған. Жаман аты шыққанын естіген емеспіз. Бірақ атып кетті дегенді естіп жағамызды ұстадық", - дейді қала тұрғыны Сүгір Рымбаев.

Оның жаны аман қалса екен деп тілеген жан көп. Sputnik Қазақстан тілшісі пікірін білген адамның бәрінің тілеуі сол.

"Руслан Берденов – қаладағы қалталы азаматтардың бірі. Әлеуметтік желіден букмекер орталықтарын жауып, құмар ойындарға тыйым салатынын айтқанын көргеніміз бар. Бірақ онысы жүзеге асты ма, жоқ па білмеймін, десе де бастамасы дұрыс адам. Менің ойымша, оны тапсырыспен атқан болу мүмкін", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ағабек.

Бір Ағабек емес, шымкенттіктердің көпшілігі Руслан Берденовті "Тапсырыспен атты" деп отыр. Айтуларынша, қызметтік кикілжіңге бола адамды ату мүмкін емес. Халықтың пікірінше, биліктегілердің оққа ұшып, қаладағы бас ғимарат жанында құлап жатқаны жақсылыққа апарамайды.

"Бұл – масқара жайт, Шымкент әкімінің орынбасарын дәл әкімдіктің жанында атып кетіп отыр. Бұдан кейін басқа қылмыс қайда қалады?", - дейді атын жасырған тағы бір тұрғын.

Айта кетейік, Руслан Берденов – Шымкент қаласының тумасы, жасы 40-та 2023-2025 жылдары парламент мәжілісінің депутаты болған. Еңбек жолын 2005 жылы небәрі 20 жасында "Алматы құс" компаниясында директорлықтан бастаған. Одан кейін де бірнеше салада басшылық етіп, тақтан таймаған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow