Жасы елуден асқандар мектепте күзетші бола алмайды
Арнайы даярлықтан өткен әрі қару алып жүруге және қолдануға лицензиясы бар адамдар ғана күзетші бола алады.

Елімізде мектептер мен балабақшаларда жұмыс істейтін күзет ұйымдарына қойылатын талап өзгерді. Бұдан былай мектептерді тек белгілі бір стандарттарға сай келетін, лицензиясы бар компаниялар ғана күзете алады, деп хабарлады sadaq.kz.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуынша, мектептер мен балабақшаларда штаттық қызметкерлер де жұмыс істей алады, бірақ олар арнайы дайындықтан өтуге тиіс.
Күзетшілерге қойылатын міндетті талаптар:
• жасы – 25 пен 50 жас аралығында болуы керек;
• арнайы даярлықтан өткен болуы;
• қару алып жүруге және қолдануға лицензияның болуы;
• соттылықтың болмауы;
• күзет компаниясының өз кеңсесі болуы;
• кемінде екі жедел әрекет ету тобының болуы тиіс.
Бүгінде Қазақстандағы 6 900-ден астам мектеп пен басқа да білім беру ұйымдары лицензияланған күзет компанияларының қызметімен қамтылған.
«2022 жылдан бастап білім беру ұйымдарына 220 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Олар полицияның жедел басқару орталықтарына қосылған және бейнежазбалар 30 күнге дейін сақталады. Бұл ғимараттың ішінде және айналасында болып жатқан жағдайды нақты уақытта бақылауға мүмкіндік береді», – дейді Көшербаев.
Елімізде жеке күзет ұйымдары мен мамандандырылған оқу орталықтарына мемлекеттік бақылау күшейтілді.
Өткен жылғы дерекке сүйенсек, ішкі істер органдарында 3969 жеке күзет ұйымы тіркелген. Оларда 97 806 күзетші жұмыс істейді. Оларға 22 479 қару қарастырылған. Сонымен қатар 81 жедел басқару орталығы бар, онда 458 қару-жарақ тіркелген.
Бұған қоса білім беру мекемелерінде полицияның Жедел басқару орталығына қосылған цифрлық бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл камераларда жазылып қалған ақпарат отыз тәулікке дейін сақталады. 2022 жылдан бері 20 мың білім беру ұйымында дәл осындай 220 мыңнан астам камера орнатылған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






