«Жүктілігімді ескермей, «спираль» салып берді»: шақалағынан айырылған келіншек әділдік іздейді

Azattyq Rýhy редакциясына маңғыстаулық келіншек Индира Шаймурзина басына түскен қайғысын айтып, мұңын шақты. 28 жастағы екі баланың анасы Мұнайлы ауданы Баянды ауылындағы ауруханаға сәуір айында жатырішілік спираль салдыртуға жүгінген.
Оның айтуынша, ауылдық аурухананың дәрігері спираль салмас бұрын бір ай емдеп, алдын ала дайындау жұмысын жүргізген. Алайда УДЗ-ға түсірмей, келіншектің 7 апталық нәрестесі барын білмей, спиральді орнатып жіберген.
«Мен өзім үшін ақылы ультрадыбыстық зерттеу жүргізген кезде ішімде 7 апталық бала бар екенін білдім. Дәл сол күні жүкті екенімді білген соң, келесі күні дәрігердің қабылдауына барамын деп жоспарладым. Бірақ сол күні түнде көп мөлшерде қан кетіп, мені жедел жәрдеммен перзентханаға алып кетеді. Сол жерде шақалақты алып, түсік жасайды», - дейді Шаймурзина.
Жатырішілік құрал (спираль) салдырған жас келіншек медициналық қызмет көрсету барысында заңбұзуға тап болғанын айтып, жауапты дәрігердің үстінен тиісті орындарға арызданды.
Оның айтуынша, оған қызмет көрсеткен дәрігер қабылдау кезінде толтырылған медициналық құжаттарды кейін өзгертіп, өз тарапынан кеткен қателікті мойындаудан бас тартқан. Бұл жағдайдан кейін келіншек жергілікті полиция бөліміне ресми түрде шағым түсірген.
Оқиғадан хабардар болған дәрігер келіншектің үйіне бірнеше мәрте барып, кешірім сұрауға тырысқан. Алайда келіншек өзіне көрсетілген әділетсіздікті кешіруге дайын еместігін білдірген. Көп ұзамай, дәрігер келіншекке 500 мың теңге көлемінде қаржы жіберіп, өз әрекетіне осылай «өкінгенін» білдірмек болған. Алайда бұл әрекет те келіншектің ашуын тудырып, ол ақшаны кері қайтарып жібереді.
2025 жылғы 26 мамырда тәуелсіз комиссия гинеколог дәрігерге қатысты кінә жоқ деген қорытынды шығарып берген.
«Алайда мен бұл шешіммен мүлде келіспеймін. Біріншіден, комиссия отырысына дәрігер тек екі ақ парақ қағазға жазылған қабылдау жазбасын ғана ұсынды. Ол кездегі электрондық база істемей қалды деген уәж келтірілді. Егер шынымен база істемесе, онда сол кезеңде басқа дәрігерлердің де жазбаларын тексеру қажет. Бұдан бөлек, дәрігер менің жазбама 05.05.2025–15.05.2025 аралығында қайта қол жеткізген. Мұның не себеппен болғаны түсініксіз, өйткені мен сол жазбаларды өз көзіммен көріп, кейін акушерден сұрағанымда «ештеңе жазылмаған» деген жауап алдым. Соңғысы, ауылдық гинеколог «Біз негізі спираль салмаймыз, бұл кісі өзі келіп өтінді» деп жауап берген. Бұл шындыққа жанаспайды. Ауыл тұрғындарының көбісі осы дәрігерге барып спираль салдырған», - дейді Индира Шаймурзина.
Ал медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің шығарған қорытындысында аурухана тағайындаған тәуелсіз сарапшылар жатырішілік контрацептив пен түсік түсіру жағдайының арасында нақты байланыс жоқ екенін және денсаулыққа зиян келмеген қорытындысын алға тартып, алдын ала емдеу кезінде дәрігерлердің әрекетіне қатысты кемшіліктер барын анықталғанын айтып, емдеуші дәрігерге қатысты тәртіптік жаза енгізілгенін жеткізген.
«Департамент тарапынан барлық медициналық құжат зерделеніп, дәрігер тарапынан бірқатар кемшілік жіберілгені белгілі болды. Атап айтқанда, жүктілікті жоққа шығару үшін анамнез толық жиналмаған, ультрадыбыстық зерттеу немесе жүктілік сынағы жүргізілмеген. Медициналық құжаттардың талдауы арыздағы шағымдардың негізді екенін көрсетті. Осыған байланысты, Мұнайлы аудандық емханасында қызмет көрсеткен дәрігерге тәртіптік шара қолданылды», - делінген қорытындыда.
Келіншектің айтуынша, мұндай мәселе аудандық ауруханада бірінші рет болып тұрған жоқ.
«Дәрігердің кінәсінен қанша адам зардап шекті. Тек осы жағдайдағы баладан айырылып қалу – алғашқы мәселе емес. Одан бөлек те бірқатар олқылық болды. Дәрегерлер көбін пациенттің өзіне жауып, жылы құтылып отыр. Ал халықтың көбі құқықтық сауатсыздығынан мәселені әрі қарай қазбаламайды. Менің басымнан өткен осы жағдай, ертең тағы бір әйелге тап болмас үшін әділдікке қол жеткізгім келеді», - дейді Индира Шаймурзина.
Сіздің реакцияңыз қандай?






