20 миллион теңге: Еліміздің үздік қымыз өндірушілері анықталды

Республикалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылған "BaiQymyz" гастрофестивалінде Абай облысының Саржал ауылы бас жүлдені жеңіп алды.
Бірінші орын иегері атанған «Жаныс» шаруа қожалығына 20 000 000 теңге сыйақы берілді. Ал екінші орынды иеленген Қарқаралының «Қарынши» шаруақожалығына 15 000 000 тг табыс етілді. Үшінші орынды «Қымызынай» қымызы ұтып алды. Жеңімпаздарға 10 000 000 тг табысталды.
Сондай-ақ Zhanykulov Foundation қоры тағайындаған арнайы номинациялар бойынша да үздіктер марапатталды:
• «Алтын күбі» номинациясы – Қарағанды облысы, «Батыр рух» – 1 млн теңге;
• «Алтын қор» номинациясы – Ұлытау облысы, Жаңарқа, «Nomad milk» – 1 млн теңге;
• «Күміс торсық» номинациясы – Абай облысы, Қарауыл ауылы, «Әділ қымыз» – 500 000 теңге;
• «Текті сусын – Күміс шара» номинациясы – Ақмола облысы – 500 000 теңге.
Елорда әкімдігінің хабарлауынша, фестивальдің алғашқы күнінде, елордада жаңа рекорд тіркелді – еліміздің түкпір-түкпірінен қатысушылар Астанаға 30 тоннадан астам қымыз әкелді. Мұндай ауқымдағы шара Қазақстанда бұрын-соңды өткізілмеген.
«BaiQymyz» фестиваліне еліміздің әр өңірінен 50-ден астам қымыз өндіруші қатысты.
Әрқайсысы 500 литрден астам қымызын алып келіп, қонақтарға ұсынып, баптау тәсілдерінің ерекшеліктері туралы айтып беруді. Осылайша, бұл жоба ұлттық дәстүрді ұлықтайтын мәдени оқиға ғана емес, ел көлеміндегі рекордтық көрсеткішке айналды.
Одан бөлек фестиваль аясында «Ер қанаты» атты жылқы көрмесі өтті. Аталған іс-шараны 3 000-нан астам адам тамашалады. Элиталы тұқымдар – гонновер, таза қанды ағылшын, орыс желісті, ахалтеке жылқылары мен қазақы тұқымдар: жабы, мұғалжар, қостанай, бесқарағай және «Ұлы дала жорығы» бәйгесінің чемпиондары келушілер назарын аудартты.
Көрме жеңімпаздары:
• «Қазақтың ең сұлу жылқысы» номинациясы – мұғалжар тұқымы
• «Қазақтың ең жүйрік жылқысы» номинациясы – қостанай тұқымы
Еске салсақ, елордада «BaiQymyz» ұлттық тағамдар гастрофестивалі өтті.
Байқаудың мақсаты — еліміздегі ең сапалы әрі шипалы қымызды анықтау. Негізгі мақсат — қымызды денсаулық пен қонақжайлықтың символы ретінде таныту, сонымен қатар агротуризм мен жылқы шаруашылығын дамытуға серпін беру.
Айта кетейік, фестиваль 19-20 шілде күндері Астанадағы «Қазанат» атшабарында өтті. Қымыздан дәм татумен қатар, келушілер ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, фольклорлық өнерді тамашалап, қолөнер жәрмеңкесін аралап, концерттер мен жылқы көрмесіне қатысты.
«BaiQymyz» жобасы – қымыз ішу мәдениетін қайта жаңғыртуды, фермерлік шаруашылықты дамытуды және жергілікті брендтерді ілгерілетуді мақсат етеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






