«Алаш және дін»: Астанада жаңа деректі фильмінің тұсауы кесілді

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күніне орай ORDA LIFE YouTube арнасы «Алаш және дін» деректі фильмінің тұсаукесерін өткізді. Деректі фильм Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің қолдауымен түсіріліп отыр. Туындыда Алаш қозғалысы өкілдерінің діни ұстанымдары сөз етілген, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.
Фильмде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ жеріндегі діни жағдайға терең талдау жасалады. 1905 жылғы әйгілі Қарқаралы петициясы сөз бостандығы мен ана тілінде білім алу құқығынан бөлек, діни еркіндік мәселесін де көтергені айтылады.
Сонымен қатар, Ресей сенатының 1868 жылы қазақтар арасында жандармериялық бақылау орнату мақсатында «указной молда» қызметін енгізгені туралы айтылады. Бұл өз кезегінде молдалардың іс-әрекетін бұзып, халық арасында дін адамдарына деген теріс көзқарастың қалыптасуына әкелді. Осылайша, ресми биліктің дін саласына араласуы қоғамдағы күрделі пікір қайшылықтарын тудырған.
Бұдан бөлек қырым татарларының ағартушысы Исмайыл Гаспыралының жәдидизм ағымы кең қолдауға ие болды. Әйтсе де жәдиттік білім беру жүйесін мұсылмандардың бәрі бірдей тегіс қолдай кеткен жоқ. Әйгілі ағартушының реформасына ескілік ұстанымындағылар қарсы болды.
«Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің жарыққа шығуы еліміздегі діни пікір-таластың басылым беттеріне шығуына ықпал етті. Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ қайраткерлері сот ісін әдет-ғұрып жолымен жүргізейік десе, Бақытжан Қаратаевтың маңына топтасқандар шариғатты басшылыққа алады.
Сонымен қатар деректі фильмде әйел теңдігі, жеке мүфтилік құру және Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің мемлекет пен дін ісін неге бөлгені баяндалады.
Фильмде Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің мемлекет пен дінді бөлу саясатына да ерекше мән берілген. Сондай-ақ әйел теңдігі және жеке мүфтилік құру сияқты мәселелер де қозғалады. Бұл шешімдер Алаш қайраткерлерінің заман талабына сай қоғамды модернизациялауға ұмтылғанын көрсетеді.
Деректі фильмде тарихшы Мәмбет Қойгелді, әлихантанушы Сұлтан хан Аққұлұлы, алаштанушы Ғарифолла Әнес және дінтанушы Кеңшілік Тышқан спикер ретінде сөз сөйлейді.
«Алаш және дін» деректі фильмі – қазақ тарихындағы күрделі кезеңді және Алаш қозғалысының діни мәселелерге қатысты ұстанымын жан-жақты ашып көрсететін маңызды туынды. Әлихан Бөкейханның мұрасын ұлықтауға бағытталған бұл жоба ұлттық сананың дамуына үлес қосары сөзсіз.
Деректі фильмнің шығуына басында айтып өткеніміздей, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті бас демеуші ретінде қолдау көрсетсе, Асхат Маемиров басқаратын Астана қалалық музыкалық жас көрермен театры актерлері жобаға қатысты. Сондай-ақ, белгілі журналист Дәурен Дариябек бас редактор ретінде фильмнің мазмұнын байытуға үлес қосқан. Қоюшы режиссері Нұрсұлтан Есенғали. Фильмді кинотеатрда көрсету үшін «Ақ жол» партиясы демеушілік жасап отыр.
«Әлихан Нұрмұхамедұлы 1866 жылдың 5 наурыз күні Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Келер жылы Ұлт көсемінің 160 жылдық мерейтойы келе жатыр.
Сондай-ақ биыл Бақытжан Қартаевтың 165, Ғұмар Қараш пен Сәлімгерей Жантөриннің 150, Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Осы мерейлі датаға орай Алаш арыстарының діни ұстанымын көрерменге ұсынып отырмыз.
Біз неге Алаштың діни ұстанымын шығаруды жөн көрдік. Себебі соңғы кездері әртүрлі діни ағымдар Алашты өзіне тартып, қоғамды адастырып жатқаны көзі қарақты азаматтарға белгілі болса керек. Мысалы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген қанатты сөзін «Иманнан» деп өзгертіп, Ұлт көсеміне ораза ұстатып қойды. Тіпті кейбіреулер «Алаштықтар дін үшін күрескен» деп исі қазақты адастыратын сөздер айта бастады.
Ал шын мәнісінде Әлихан Бөкейхан қоғамның діншілденуіне түбегейлі қарсы болған. Ұлт көсемі діни фанатизмге неге қарсы болды? Тәуелсіздік алғаннан кейінгі билік секілді азаматтарды жаппай діншілдендіріп, «Бөліп алда билей бер» деген саясатты неге жүргізбеді? Себебі Алаш арысы қоғамның дінкештенуі мемлекеттің дамуы үшін қауіпті екенін жақсы түсінді. Сондықтан да ол қоғамның әсіре діншілденуіне қарсы тұрды.
Әлихан Бөкейханның түрмеде жатқан Міржақып Дулатұлына жазған хаты бар. Аталған хатта "Шырағым, Ахмет... Шырағым, Міржақып! Сендердің таңдаған жолдарың - абақты жолы... азапты жол... Бірақ бір нәрсені түсініңдер: баяғыда доңыз бен аққу дос болыпты. Сонда бір күні доңыз аққуды балтырдан алып "Әй, аққу! Сен күн бар дейсің, күн бар дейсің. Сол күнді мен неғып көрмеймін?" дейді.
Сонда аққу "Әй, доңыз! Сені Алла төмен қаратып жаратқан. Сондықтан сен аспандағы күнді көре алмайсың!" депті.
Осы ойды айта келіп Әлекең «Алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді! Сол күнді көретін ұрпақ сендерді еске алатын болады. Бізді ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады! Өкінбеңдер! Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер!" дейді.
Бүгін біз Әлихан Бөкейханның туған күнінде бас қосып отырмыз. Әлихан айтқан «күнді көретін ұрпақ» біз бе, жоқ әлде бізден кейін буын бола ма?» Біз қаншалықты Алаш арыстарын «ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алып жүрміз? Бұл үлкен сұрақ», - дейді фильмнің авторы және бас продюсері Серік Жолдасбай.
Сіздің реакцияңыз қандай?






