Әзірбайжанда хиджабқа қатысты шектеулер наразылыққа ұласып, 37 адам ұсталды
Әзірбайжанда хиджаб дауы өршіп, оқушылар сабаққа бойкот жариялады
Әзірбайжанда мектептерде хиджаб киюге қатысты шектеулер енгізілгеннен кейін жаппай наразылық басталды. Баку мен елдің өзге өңірлерінде жүздеген адам көшеге шығып, оқушылар сабаққа бойкот жариялады. Құқық қорғау органдары 37 адамды ұстады, деп хабарлайды Sadaq.kz Азаттық радиосының Әзербайжан қызметіне сілтеме жасап.
21 қыркүйекте Әзірбайжан Министрлер кабинеті мемлекеттік мектептердегі бірыңғай формаға қатысты ережелерге өзгерістер енгізді. Үкімет қаулысына сәйкес, мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзатын және зайырлы білім беру қағидаттарына қайшы келетін қосымша киім элементтеріне тыйым салынған. Алайда құжатта нақты қандай киім түрлері шектелетіні көрсетілмеген. Қазан айының басында Баку мен елдің басқа өңірлерінде ата-аналар мен тұрғындардан шағымдар түсе бастаған.
Олардың айтуынша, кейбір мектептерде хиджаб киетін оқушы қыздар мен мұғалімдерді сабаққа кіргізбеген. Бұған наразылық білдірген оқушылар мен ата-аналар сабаққа бойкот жариялаған.
JAMnews мәліметінше, оқушылардың ұлдары да хиджаб киюді қалайтын сыныптастарына қолдау көрсеткен. Наразылық акцияларына мұғалімдер, қоғам және дін қайраткерлерін қоса алғанда, жүздеген адам қатысқан. Олар діни киім киетін оқушыларды сабаққа кіргізбеу балалардың білім алу құқығын бұзады деп есептейді.
Наразылық кезінде кейбір мектептердің терезелері сындырылған. Minval Politika Telegram-арнасының хабарлауынша, Бакудің Қарадағ ауданында наразылық білдірушілер мектеп директорының көлігін өртеген. Ал Ясамал ауданында жиналғандар мектептердің бірінде өрт шығаруға әрекеттенген.
Алайда өрттің таралуына жол берілмеген. Әзірбайжанның ішкі істер органдары ұсталғандарға қатысты қоғамдық тәртіпті ұйымдасқан түрде бұзу фактісі бойынша қылмыстық істер қозғаған.
Әзірбайжан Конституциясының 18-бабында мемлекеттің зайырлы сипаты бекітілген. Сонымен қатар наразылық білдірушілер мектептерде хиджаб киюге тыйым салу діни сенім бостандығына және «Бала құқықтары туралы» заңға қайшы келеді деп санайды.
Бұған дейін де Әзірбайжанда білім беру мекемелерінде діни киімдер мен рәміздерге шектеу қою әрекеттері наразылық туғызған. Ең ірі акциялар 2010–2011 жылдары өткен. Сол кезде ел қалаларында оппозициялық діни қайраткерлерді қоса алғанда, 200-ден астам адам қамауға алынған.