Елімізде 15 мың қылмыскер бостандыққа шығатын болды

Елде тағы да ауқымды рақымшылық жасалады. Парламент Мәжілісінің депутаттары Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық туралы заң жобасын әзірледі. Бұл құжат – түзелу жолына түскен азаматтарға жасалған ізгілік актісінің айқын көрінісі, деп хабарлайды saDaq.kz.
Жобаға сәйкес, 15 мыңға жуық адам рақымшылыққа ілігеді. Олардың 6 мыңы – түрмеде жазасын өтеушілер, 9 мыңы – пробация қызметінің есебінде тұрғандар. Заң күшіне енсе, 4 100 адам бостандыққа шығады: соның ішінде 632-сі түрмеден, 3 500-ден астамы пробациядан.
Бас бостандығынан айыру мекемелерінде отырған тағы 5 400 адамның жаза мерзімі қысқартылады. Пробацияда жүрген 5 500 адамға да дәл осындай жеңілдік беріледі. Жалпы алғанда, жаза мерзімі 11 мың адамға қысқарады.
Заң жобасында ерекше назар әлеуметтік осал топтарға – жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар аналарға аударылған. Әлеуметтік жағынан осал деп танылған 629 адамның 57-сі босатылады, ал 572-сінің жазасы жеңілдетіледі. Жалпы 833 әйел рақымшылыққа ілінеді, соның ішінде 109-ы бостандыққа шығады, қалғандарының мерзімі қысқарады.
Заң жобасы бірқатар жаңалықтармен толыққан. Мысалы, аса ірі алаяқтық немесе бөтен мүлікті иемдену бойынша сотталған азаматтарға да жеңілдік қарастырылған. Егер келтірілген шығын толық өтелсе, негізгі жазаның өтелмеген бөлігінің бестен бір бөлігі қысқартылады.
Дегенмен, бұл рақымшылық ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға, мемлекеттік құпияны жария еткендерге және сыбайлас жемқорлыққа барғандарға қолданылмайды. Қазір ҚАЖ жүйесінде 40 мыңнан астам адам ұсталып отыр, олардың 92%-ы — ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар. Сондықтан босатылатындардың саны салыстырмалы түрде аз болады.
Мәліметтерге сүйенсек, рақымшылық нәтижесінде жыл сайын бюджет 5 млрд теңгеге дейін үнемделеді. Түрмеде бір адамды күтіп-бағу тәулігіне 2 900 теңге шығынды қажет етеді. Үнемделген қаражат ҚАЖ жүйесін жаңартуға, оның ішінде халықаралық стандарттарға сай камералық түрмелерге көшуге жұмсалмақ.
Заң жобасы қоғам мен мемлекеттің мүдделері арасында тепе-теңдік сақтай отырып, түзелуге бет бұрған азаматтарға жаңа мүмкіндік беруді көздейді. Ең бастысы – бұл гуманизм мен әділет қағидаттарының тоғысы.
Сіздің реакцияңыз қандай?






