«Қазақ орыс келгенше топас әрі білімсіз надан ұлт болған»: Дина Елгезек қазақтың білімдар қыздарына қатысты пікір білдірді

Мамыр 15, 2025 - 16:44
«Қазақ орыс келгенше топас әрі білімсіз надан ұлт болған»: Дина Елгезек қазақтың білімдар қыздарына қатысты пікір білдірді

Кеше әлеуметтік желілер мен баспасөз беттерінде журналист Мұхтар Түменбай мен Майя Бекбаеваның арасындағы дау турасында түрлі ақпарат тараған еді, деп жазады Sadaq.kz. Мұхтар Түменбай Майя Бекбаева видеосында қазақ әйелдері туралы жағымсыз пікір айтқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл видео Алашорда қайраткерлеріне арналған. Видеода журналист олардың орыстан әйел алғанын алға тартқан көрінеді. Осы мәселеге қатысты Дина Елгезек те өзінің Facebook-тегі парақшасында қазақтан шыққан ғалім, дәрігер әйелдер туралы тұщымды пост жазып қалдырды.

Елгезек Алтын Орда секілді алып империяның тікелей заңды мұрагері - қазақта тарих та, мемлекет те, білім де болғанын алға тартады.

“Қазақ орыс келгенше топас әрі білімсіз надан ұлт болған. Оларда мемлекет болмаған” деген сыңаржақ пікірді теріскей жақ ғасырлап миымызға тықпалап келді. Әлі де тықпалауын доғарар емес. Қазақты адам қылған солар екен. Қазақ жері өңкей топастардың мекені болса, әйгілі ойшыл жерлестеріміз  Әбу-Насыр әл-Фараби, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Ахмед Игунеки, Қожа Ахмет Иасауи мен Абайлар қайдан шықты?  Тараз, Түркістан, Құлан, Отырар, Сайрам, Исфиджаб  секілді ежелгі зәулім қалаларда білім ошақтары болмады дегенге кім сенеді? Бұл қалалардың барлығында сол кезеңдерде алғашқы сауат ашу орталықтары мен кітапханалар болды. Орта ғасырларда көптеген мектептер мен медреселер,   жоғары оқу орындары жұмыс істеді. Ауылдық мектептерде де сауат ашу мектептері болған. Бұл оқу орындарында дін жолын уағыздайтын пәндерден басқа заңтану, тарих, логика, риторика, география, философия, математика, астрономия, медицина, т.б. зайырлы пәндер оқытылған. Қазақ жерінде тұңғыш “Азиялық училище” сонау 1789 жылы, 1813 жылы Омбыда әскери училище ашылды. 

1841 жылы Жәңгір хан Бөкей Ордасында қазақ балалары үшін дәстүрлі мектеп-пансионатын ашты. Онда жігіттермен қатар қазақ қыздары да білім алған. Патриархалды дәуір қазақтың басында ғана болған тарихи процесс емес. Бүкіл әлем  мыңжылдықтар бойы бастан өткеріп келе жатқан қоғамдық-әлеуметтік  тенденция. (Әлем бойынша әлі күнге дейін 2,4 млрд әйелдің саяси-экономикалық құқы жеткілікті деңгейде қорғалмаған)",- дейді ол.

Автор жалпы қыздардың жаппай біліммен қамтылмауы тек қазақ  халқына тән үрдіс емес, бүкіл әлем жүріп өткен жол екенін айтады.

"Алаш тұлғаларымен ниеттес - мұраттас, прогресшіл қазақтың қыздары көп болған. Олар Алаш арыстарының ұлт-азаттық жолындағы саяси күресінде рухани демеу көрсеткен. Гүлсім Асфендияр, Нәзипа Құлжан, Аққағаз Досжан, Міржақыптың әйелі Ғайнижамал Дулатова, Жаңыл Қадырбай, Гүлшаһара Досымбек, Шахзада Қаратай, Хәлел Досмұхамедовтың әйелі Сағира Досмұхамедова, Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы, Шахзада Шонанова, Әмина Сүлейменова, Рәзия Меңдешова, Нағима Арықова, Сара Есова, Шолпан Иманбаева т.б. қазақтың аяулы қыздарының есімдерін естуіңіз бар ма? Алаштықтармен замандас болған қыздарды бәсекеге қабылетсіз, надан деуге келеді ме? Әрине, жоқ. 

Сақ дәуінен бастау алатын тарихымызда Зарина мен Тұмар ханшайым билік құрды. Есік пен Берел қорғанынан табылған алтын адамдардың сүйегі әйел екендігі анықталды. Күллі түркі жұртының рухани киесі - Ұмай анамыз тағы бар.  Ақылы мен ерлігі талай дастандарға арқау болған Бопай, Сүйінбике, Терхем, Нұрила, Айғаным, Сүзге, Айша, Абақ ана, Жақсыбике, Гауһар, Назым, Қыз ене тб… Бәрі- бәрі қол бастап, ел билеген қазақтың қайраткер қыздары.  

Батысың қыздарын “жезтырнақ” деп тірілей отқа өртеп, арабтарың тәй-тәй басқан қырмызы гүлдерін тірілей көміп, Үндістанда күйеуі өлген әйел өмір сүруге қақы жоқ деп үкім шығарып, өрімдей келіншектерге суицид жасатып жатқан тұста  бабаларымыз қыздарын “қонағым” деп әспеттеп, бар тәттісін аузына тосқан.

Ғасырлардың сан тарау тозағында от болып жанып кеткен ұлт көп. Тарихтың қатал үкіміне қарсы шығып, ұлтымыздың басына мың түрлі нәубет келгенде қазақты ұлт ретінде жойылудан сақтап қалған біздің дегдар, ақсүйек қазақтың қыздары екенін мақтанышпен айтқым келеді…", - деп жазды ол.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow