Тәшенов те, Қонаев та, Хрущев те коммунист еді...
Тарих деген нәзік тақырып. Дәлелсіз, дәйексіз бұрқырата берсең, халықты адастыруы мүмкін. Біраз жылдан бері Жұмабек Тәшеновты әулие қылып, қылышынан қан тамған Кеңес үкіметіне қарсы шыққан қаһарман ретінде ұлықтау үрдісі байқалады. Бірақ мұндай мақалалар мен кітаптарда Тәшеновты мақтап қана қоймайды, сонымен қатар Қонаевты тұқыртып, бәріне кінәлі етіп көрсетеді.
Жұмабек Тәшеновтің халық үшін еңбек еткенін, тарихымызда есімі
қалған тұлғалардың бірі екенін ешкім жоққа шығармайды. Алайда бір тұлғамызды ұлықтаймыз деп, өтірік әңгімені қопсытып, екінші тұлғаны жерге ұру мүлдем дұрыс емес. Мысалы, Тәшенов туралы әңгімеде жиі айтылатын мәселе – Қазақстанның аудандарын Өзбекстанға беру. Кейбіреулер бұған Тәшенов жалғыз өзі қасқайып қарсы тұрған, Хрущевке тайсалмай сөйлеп, бетін қайтарып тастаған деген сыңайда жазып жүр. Бірақ бұл әңгіменің қайдан шыққанын іздеп, қазіргіше айтқанда фактчекинг жасасаңыз, тығырыққа барып тірелесіз. Өйткені кейінгілер жазған кітаптар мен мақаладан басқа ештеңе жоқ. Жиналыстың хаттамалары, Жоғарғы кеңес отырысының стенограммасы. Мүлдем таппайсыз. Тіпті, Қонаевтың кітаптарында да мұндай жолдарды кездестірмейсіз.
Алайда архивте Жоғарғы кеңес пен Орталық комитеті қабылдаған Қазақстан аудандарын Өзбекстанға беру туралы қаулы бар. Онда Тәшеновтің, Қонаевтың, Брежневтің қолы тұр. Сонда әлгі қасқайып қарсы шықты деген қайда қалады? Бәлкім, Тәшенов іштей қарсы болса, болған шығар. Дегенмен қаулыға қол қойғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бәлкім, заман талабына сай әрекет етті. Ол жағын білмейміз.
Хрущевпен диалогы да еш жерде жоқ. Тарих деген ғылым. Ғылым нақты фактілерге сүйенеді. Ендеше Тәшенов пен Хрущевтің ел аузындағы диалогын нақты мәлімет ретінде қарастыру ғылыми тұрғыдан мүлдем дұрыс емес.
Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғаннан кейін тарихты әуесқой адамдар зерттеп кетті де, осындай аңызға бергісіз әңгімелер көбейді. Біреуді ұлықтағымыз келсе, өтірік әңгіме құрастырмай-ақ, екінші біреуді тұқыртпай-ақ тарихтағы орнын көрсете аламыз. Өйткені Тәшенов те, Қонаев та, басқасы да еліміздің тарихында өз орны бар тұлғалар.
Сондықтан тарихқа абай болайық.
Журналист Ораз Әлімбектің
facebook парақшасынан