Қазақта күйеу жігіт қайын жұртына иіліп сәлем салған – Этнограф

Мамыр 28, 2025 - 16:42
Қазақта күйеу жігіт қайын жұртына иіліп сәлем салған – Этнограф

Желіде күйеу жігіттің қайын жұрты алдында иіліп сәлем салғаны көрсетілген фото тарады. Көпшілік бұл әрекетті түрліше бағалап, қызу талқыға салып жатыр. Бірі мұны "ер азаматқа жараспайды" десе, енді бірі ел дәстүрінің жалғасы деп бағалап отыр. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі ескіде қалған салт туралы этнограф маманнан сұрап білді. 

Қазақстандық бұрындары күйеу баланың қайын жұртына сәлем салғанын айтып, Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Сондай-ақ ол “күйеудің сәлем салу дәстүрін қайтару керегін” жеткізді. 

Этнограф Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, қазақ халқында шын мәнінде күйеу бала қайын жұртына барғанда үлкендерге құрмет ретінде иіліп, тәжім еткен.

“Қазір күйеуге сәлем салғызу салты азайып кетті. Келін түскенде сәлем салады. Ал күйеу өзінен үлкендерге, яғни жұбайының ата-анасына сәлем салады. Қазақта “күйеудің атымен күл тасы” деген мақал бар. Сәлем салып, үлкендерді сыйлап, қайын жұртына қызмет жасау күйеудің міндеті. Сәлем салғаннан оғаштық жоқ. Әдептен озбай, күйеу бала орнын білуі керек”, – дейді этнограф.

Этнографтың пікірін Ыбырай Алтынсариннің 1868 жылы жазған очеркі құптайды. Оның "Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі” атты еңбегінде күйеу баланың қайын жұртына қандай жағдайда сәлем салатыны жазылған.

“Қалыңдығын алғаш рет көруге келген күйеу, шаруашылық жағынан қаншама есебіне жетік болса да, қайын атасының қатаң талаптарына, көбіне, еріксіз көнеді. Ақырында аларын алып, көңілі тынған қайын атасы, күйеудің ауылға келіп түсуіне рұқсат етеді. Ауылдан екі шақырымдай жерге шатыр тігіледі. Оған күйеуді қарсы алуға шақырылған әйелдер жиналады. Шатырға қарай келе жатқан күйеу мен оның жолдастары, әйелдер шатырдан шыққан кезде тегіс аттарынан түседі. Әйелдер жақындап келген кезде, күйеу бас иіп, тәжім етеді”, – делінген очеркте. 

Очерктегі мәліметке сәйкес, күйеу бала күйеуге арналған шатырға кіріп, қыздың жақын туыстарына да сәлем салуға тиіс.

“Әйелдерге тәжім еткен соң қалыңдықтың жақын туысқандары оны қолтықтап, жолдас-жораларымен бірге, күйеуге арнап тігілген, кілем төселіп, жақсы төсек салынған шатырға әкеліп кіргізеді. Күйеу бала қыздың жақындарын иіліп тәжім еткен соң ғана жайғаса алады. Одан кейін қыз-келіншектер күйеуден сәлем салуын талап етуі мүмкін. Күйеу бала тәжім етуден бас тартса, шапалақпен ұрып, нұқып жібереді. Егер бұл көмектеспесе жұрт тарқап, қайын атасы күйеуді қуып шығады”, – делінген очеркте.

Ыбырай Алтынсарин ХІХ ғасырдың өзінде бұл салттың жоғалып бара жатқанын жазған.

Күйеу баланың қайын жұрты алдында қандай міндеттері бар?

Этнограф Бұлбұл Кәпқызы күйеу баланың қайын жұртына барған кезде істейтін міндеттеріне тоқталды.

Этнографтың сөзінше, қазақи тәрбие үлгісінде күйеу бала ешқашан қайын жұртта бата бермейді, үлкендердің алдына шығып сөйлемейді. Бұл – әдет құқығының жазылмаған, бірақ бұлжытпай орындалатын ережесі.

“Күйеу бала қайын жұрттың отымен кіріп, күлімен шығады. Қазақта “Ілу” деген ырым бар. Күйеудің міндеті осыдан басталады. Бізде қазір ілудің орнына кілем апарып жүр. Алайда ол дұрыс емес. Ілуге шапан апару керек. Оны күйеу бала киіз үй болса керегенің басына іледі. Егер заманауи үй болса, киім ілгішке іледі, Бұл мен де сіздердің балаларыңызбын деген мағынаны білдіреді. Күйеу баланың ең алғашқы жасайтын ырымы – осы”, – дейді этнограф. 

Сондай-ақ қазақта күйеу бала үйге алғаш келгенде босаға майлап, отқа май құяды. Оның мағынасы күйеу бала жайлы, берекелі, қызға жақсы жар болсын деген мағынаны білдіреді екен.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow