«Кесар тілігін жасағанда баланың басын да тіліп жіберген»: Алматылық ана дәрігерлердің салғырттығына налыды

Анар Мейренбекова үшін 2024 жылдың 24 қазаны өмірін түбегейлі өзгерткен күн болды. Ол Алматыдағы №5 перзентханада жоспардан бір ай ерте, 36-аптада шұғыл кесар тілігі арқылы босанған. Анардың айтуынша, жүктілік кезеңі өте жеңіл өтіп, ешқандай асқыну болмаған, деп жазады sadaq.kz сайты politico.kz-ке сілтеп.
Бірақ перзентханаға түскен кезде жағдай күрт өзгерген. Дәрігерлер "бала шетінейді, жатыр зардап шегеді" деп қысым жасап, бірден операцияға кіргізген. Ең сорақысы – операцияға бірнеше шетелдік студент рұқсатсыз қатысып, ота ағылшын тілінде жүргізілген. Ал отаны жасаған дәрігер баланың басын тіліп жібергенін жасырған.
Пациенттің айтуынша, медициналық протокол сақталмаған: аяғына арнайы шұлық кигізілмеген, медициналық персонал дөрекі сөйлеген. Операцияға 7–8 үндістандық студенттің қатысқаны туралы Анарға алдын ала ескертілмеген. Отадан соң жаңа туған нәресте реанимацияға жіберіліп, бірнеше күн ішінде инсульт алған. Ал анасы баласының басындағы жарақатты бастапқыда мүлде байқамаған, өйткені дәрігерлер сәбидің жарасын түрлі сылтаумен жасырып келген. Біресе "бала солай туған", біресе "аппаратта жатып ізі қалған" деген жауаптар айтылған. Алайда бұл іздер жарты жылға жуық уақыт кетпей тұрған.
Анар баласын екі айдан кейін ғана қолына алып, невропатологқа көрсеткенде, маман нәрестенің басының пішіні дұрыс еместігін айтып, терең тексеру жүргізуге кеңес берген. Сол кезде баланың көзі жарыққа реакция бермейтіні анықталып, нейрохирургтың тексеруі нәтижесінде ауыр диагноздар қойылған: микроцефалия, инсульт, бас миының зақымдануы, ДЦП, деплегия және көз тамырының атрофиясы. Бұл диагноздарды анасы тек жеке емханадан ғана білген, өйткені мемлекеттік мекемелер нақты жауап беруден жалтарған.
Қазір Анар Мейренбекова баласының өмірі үшін күресіп жүр. Бір жасқа дейін толықтай ем жүргізу үшін қомақты қаражат қажет. Қытайлық дәрігерлер сәбиді қабылдауға дайын екенін айтқан. Олар бұл дертті түбегейлі жазып жібермесе де, салдарын едәуір жеңілдетуге мүмкіндік барын жеткізген. Алайда толық емдеу курсына 50 миллион теңге қажет. Анасы осы қаражатты жинау үшін жұртшылықтан көмек сұрап, үмітін үзбей күресіп келеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






