Асхан Смаилұлы: Елімізде қан тамырлары хирургиясының жүйесін біздің буын жасады
Қан тамырлары – адам денесінің өзегі. Аурудың дені қанның дұрыс айналмауынан туындайды. Кейінгі жылдары инсульт, инфаркт секілді ауру көбейді. Сондықтан қан тамырлары хирургиясының маңызы жыл санап артып келеді. Елімізде қан тамырлары хирургиясының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан жоғары санатты дәрігер, хирург, медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асхан Смаилұлымен әңгімеміз осы сала төңірегінде өрбіді. «Тәуелсіздік тұсында қазақ медицинасы көп жетістікке жетті», – дейді профессор.
«Мен орысша емес, қазақша тапсырамын», – дедім
– Мектепте жүргенде қай пәндерді жақсы оқыдыңыз? Хирург болуыңызға қандай жағдай әсер етті?
– Мен мектепте математика, физика, химия пәндерін сүйіп оқыдым. 1966 жылы Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) Жамбыл мектеп-интернатын күміс медальмен бітіріп, Алматыға аттандым. Бірден политехникалық институттың «Автоматика және есептеу техникасы» мамандығына құжат тапсырдым. Емтиханды тек математикадан тапсыруым керек еді. Менің сыныптасым әрі жан досым Тұрсын Шегебаев екеуміз де Жамбыл интернатын бітіргенбіз. Алматыға арман қуып бірге келгенбіз. Емтиханға тура бір апта қалғанда «мен хирург болам» деді де, құжаттарын алып кетіп қалды. Алматыда одан басқа танитын тірі пендем жоқ, орысшам да шамалы ол кезде. Үш күн бойы құлазып жаттым. Содан институттың қабылдау комиссиясына барып: «Құжаттарымды беріңіз», – дедім. Мақсатым – мединститутқа барып, досымды тауып алу. Құжаттарымды бермейді. Мен оқымаймын, Жамбылға, ауылыма кетем деп жүріп құжатымды әрең дегенде алдым. Мединститутқа барсам, медициналық анықтамаң жарамайды, өзіміздің дәрігерлік комиссиядан қайта өтесің деді. Бір күнім соған кетті. Қай пәннен емтихан тапсыратынымды сұрасам, химиядан тапсырасың дейді. Менде химия кітабы жоқ. Басқалардан сұрап алу мүмкін емес, оқулықты қайда сататынын да білмеймін. Мамандықты қалай таңдаймын? «Емдеу ісі», «Педиатр», «Стомотология» және «Фармацевтика» деген төрт факультет бар екен. Қай факультет қандай мамандарды дайындайтынынан хабарым жоқ. Елден сұрауға ұялдым. Ақыры, қай факультетке адам көп тапсырып жатыр, соған тапсырайын, адамдар бекер таласпайды ғой деген оймен «Емдеу ісі» факультетіне құжат өткіздім. Сол жылы бір орынға 17 талапкер таласты. Нартәуекел дедім. Емтихан сұрағын алған кезде, самайымнан қара тер бұрқ ете түсті. Төрт-бес сұрақ. Мектепте оқығанымды еске түсірдім. Шамалап білетін сияқтымын. Емтихан қабылдап отырған жас әйел: «Дайынсың ба, кел» деп шақырды. Бардым да: «Мен орысша емес, қазақша тапсырамын» дедім. «Мен қазақша білемін, айта бер» деді. Тәптіштеп сұрады. Бәріне жауап бердім. Бір кезде орнынан тұрып, кетіп қалды. Не болды екен деп уайымдадым. Аз тұрып бір кісіні ертіп келді. Химия бойынша емтихан қабылдау комиссиясының жетекшісі екен. Ол да жан-жақтылы сұрақтар қойды. Бір кезде екеуі де кетіп қалды. «Бұларға не болды?» деп аң-таңмын. Олар тағы бір кісіні ертіп келді. Қабылдау комиссиясының төрағасы екен. Ол да бірнеше сұрақ қойды да, «бес» деген баға қойды. Қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады. Сөйтіп, ойламаған жерден мединститутқа түстім. Басында орысшадан қиналдым. Оқулықтың бәрі орыс тілінде. Басқа түссе үйренеді екенсің, көп өтпей-ақ орысшаға тілім сынып, игеріп кеттім. Бірінші курсты жақсы бітірдім. Екінші курстан бастап арнайы стипендияға ие болдым. Айына 41 рубль. Ол кезде бұл үлкен ақша. Қатардағы студенттер ары кетсе 28 рубль алатын. Екінші курста жүріп үйленіп, отау көтердім. Төртінші курста жалпы мамандықтан арнайы мамандыққа ауысу басталады. Терапевт, хирург, акушер-гинеколог болып бөлінеді. Мен хирургия мамандығын таңдадым. Бесінші курста доценттермен бірге операцияға барып, әжептәуір тәжірибе жинадым. Оқуды бітіргенде қарапайым операцияларды жасай алатындай маманға айналдым. Белгілі хирург, Қазақстан медицинасының дамуына бір кісідей еңбек сіңірген Еділ Айдарханұлы Әбсаттаров деген ағамыз бар еді, кейін жетекшіміз болды, сол кісі Мәскеуден «Жүрек қан тамырлары хирургиясынан» докторлық диссертация қорғап келіпті. Ол кезде қан тамырлары хирургия бөлімшесі Қазақстанда тек А.Сызғанов атындағы хирургия институтында ғана бар. Ағамыз Денсаулық сақтау министрлігіне кіріп: «Мен қан тамырлары хириургиясы мамандығын ашамын» деп өтініш айтыпты. «Ашыңыз. Ол үшін жастарды оқыту керек» деген жауап алады. Мединстуттың жастарын бақылап, бір топ жасты Мәскеуге оқуға жібермек болады. Сол таңдағандардың арасында мен де болыппын. Мені Оралға қызмет етуге бөлген еді. «Оралға емес, туған жерім Жамбылға барамын» деп әзер келіскенбіз. Еділ Айдарханұлы: «Сен Жамбылға бармайсың. Мәскеуге барып, оқисың» деді. Сөйтіп, 1973 жылы Мәскеуге кеттім. Тура сол жылы Алматыдағы №12 орталық қалалық аурухана ашылып жатқан. Мәскеуде А.Бакулев атындағы «Қан тамырлары хирургиясы» институтына ординатураға оқуға түстім. А.Покровский деген академиктен дәріс алдым. Екі жылдың ішінде диссертация жазып, 1981 жылы қан тамырлары хирургиясы бойынша диссертациямды сәтті қорғадым. Мәскеу маған үлкен мектеп болды. 1976 елге оралып, Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының қан тамырлары бөлімшесіне жұмысқа тұрдым. 1978 жылы Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының конференциясы өтіп, Алматыда алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы декларациясы қабылданды. Мен шетелдік делегацияның алдында екі үлкен ота жасадым. Екеуі де сәтті өтті. Бұл отаны – қолқаның кеңеюі және жарыла бастауына байланысты протездеу барысын АҚШ сенаторы Эдвард Кеннедидің тобы өз көзімен көрді.
Облыстарды аралап жүріп ота жасадық
– Сөзіңізге қарағанда, қан тамырлары хирургиясының жүйесі елімізде бертінде қалыптасқан екен ғой. Осы саланың дамуына кімдер үлес қосты?
– Дұрыс айтасың. Біз Мәскеуден келгенде қан тамырларына отаны тек Алматыда жасайтын. 1976 жылдан 1981 жылға дейін 4-5 адам ел бойынша аралап жүріп ота жасадық. Оның көбі шұғыл оталар. Кезек күттірмейді. Аяқ қан тамырлары жарылып, қан ұйып қалса, екі сағаттың ішінде ота жасамасаң, аяғын кесіп тастауға тура келеді. Еліміздің түпкір-түпкірінен шұғыл ота жасау керек деген қоңырау түседі. Санавиациямен облыстарға ұшып барып, ота жасайсың. Қайтып келесің де, өзіңнің отаңды күтіп жатқан емделушіге жүгіресің. Енді біттім-ау дегенде, Қостанайдан, Атыраудан болмаса Алматының өзге аудандарынан шұғыл ота керек деген хабар келеді. Барып, ота жасауың керек. Адамның тағдыры. Бас тарту мүмкін емес. Өйткені облыстарда қан тамырлары ауруларына ота жасайтын маман жоқ еді. Қан тамыр-лары хирургиясы бөлімі ашылмаған. Үйдің бетін көрмейтін кездеріміз көп болады. Төрт-бес жыл осылай дамылсыз еңбек еттік. Ақыры, профессор Еділ Әбсаттаров Орталық комитетке және министрлер кабинетіне кіріп жүріп, барлық облыстарда қан тамырлары хирургиясы бөлімін ашу керек деген қаулыға қол қойдырды. Сөйтіп, 1979 жылдан бастап бірнеше жылдың ішінде бүкіл облыстық ауруханаларда қан тамырлары хирургиясы бөлімдері ашылды. Бұл еліміздің медицина тарихындағы айрықша қадам әрі үлкен жетістік еді. Мәскеуде оқып жүргенімізде жүрек-қан тамырлары хирургиясы директоры, академик В.Бураковский: «Біздің Совет үкіметі жүрек-қан тамыр хирургиясынан Еуропа мен Америкадан 30 жыл артта қалып кетті» деп опына сөйлейтін. Бұл 1975-1976 жылдарда айтқаны. 1975 жылы акдемик Работников деген хирург Совет үкіметінде жүрекке бірінші рет аорта-коронарлық шунттеу отасын жасады. Бұл ота сол кез үшін сенсация болатын. Ал Қазақстанда тек 2000 жылдан бастап, сол кездегі Ел басшысының пәрменімен барлық облыс орталықтарында кардиохирургиялық бөлімшелер ашылды. Қазір Алматының өзінде жүрек-қан тамырларына төрт-бес жерде ота жасалады. Егер сол жылдары қан тамырлары хирургиясы облыстарда ашылмаған болса, халқымыз көп қиыншылық көрген болар еді. Себебі қан тамырлары хирургиясы тұтас медицинаның «шұғыл жәрдемі» секілді. Осы жерде мынаны айтуым керек. 1972 жылы мединститутты бітірген менің курстастарымның көбі жүрек және қан тамырлары хирургиясының мамандарына айналды. Елімізде қан тамырлары хирургиясын қалыптастыру біздің курстың иығына түсті. Біз ота жасай жүріп, шәкірттер тәрбиеледік. Облыстарға жиі барып, ондағы хирургтарға білгенімізді үйреттік. Біз – Тоқан Сұлтаналиев, Төлеген Егембердиев, Уәлихан Жақыпов, Сағат Сүтемгенова, Владимир Шепсов, Геннадий Маткаримов бастаған 10-15 маман еліміздегі қан тамырлары хирургиясының жүйесін қалыптастырдық деуге болады. Біз еліміз бойынша осы ауыр міндетті абыроймен атқардық. Бұл топқа бағыт-бағдар берген ұстаздарымыздың да еңбегі ерен. Біз сол ұстаздарымыздан алған тәлімді еліміз бойынша бір жүйеге келтіріп, отандық медицинаның дамуына үлес қостық.
– Қан тамырлары хирургиясы «медицинаның шұғыл жәрдемі» деп қалдыңыз. Осы ойыңызды тарқатып айта кетсеңіз.
– Жүрек және қан тамырлары хирургиясы медицинадағы ең күрделі оталардың қатарына жатады. Өйткені адам ағзасында қан тамырсыз орган жоқ. Адам денесі қан тамырлар жүлгесі арқылы «қоректенеді». Қан тамырлары хирургиясын жасайтын дәрігерлерді көпшілік тар ауқымда еңбек ететін маман деп ойлайды. Қан тамырсыз орган бар ма? Баста да, кеуде де, аяқ-қол, іш құрылыста да қан тамырсыз жер жоқ. Қан тамыр хирургиясында жақсы маман болу үшін қан тамырлар жүйесін түгел білуге тиіссің. Айталық, пациенттің басына операция жасау үшін неврологияны, нейрохирургияны, офтальмологияны, мұрын, көз қан тамырларын, кеудеге жасар болсаң кардиологияны, пульмоногияны, бәрін білуің керек. Онсыз операция жасай алмайсың. Кез келген хирург ота кезінде қанның тоқтамауынан қорқады. Өйткені қанды тоқтату кез келген хирургтің қолынан келмейді. Сондықтан да қан тамырлары хирургиясының жолы ауыр әрі жауапкершілігі өте жоғары. Дүниежүзінде қан тамыры хирургиясы медицинаның ең маңызды саласы саналады. Неге? Өйткені адамзаттың өмірін ерте қиятын үш ауру бар: миокард инфаркті, инсульт және өкпе артериясының эмболиясы. Бұл үшеуі де қан тамырлары хирургиясының жұмысы. Біздің көптеген ота адам өмірін қиятын осы үш аурудың алдын алу үшін жасалады. Дүниежүзінде жүрек қан тамырлары аурулары бірінші орында тұр. Сондықтан қан тамырлары хирургиясына баса мән беру – мемлекеттің халық алдындағы маңызды міндеті. Өзіңе қан тамырлары хирургиясының қандай маңызды сала екенін екі мысалмен түсіндірейін. Алматы қаласының бас хирургы кезім. Мені бір әйел іздеп келді. «Інім ажал аузында тұр. Құтқарыңыз» деді. Күрті ауданының тұрғыны екен. Інісі асқазан ауруына шалдығады. Аудан дәрігерлері тексеріп, жаман ауру деген диагноз қойып, Алматы облыстық ауруханаға жібереді. Олар да асқазан рагы деп, мамандандырылған облыстық онкодиспансерге жіберіпті. Осы уақыт аралығында жігіт 45 килограм салмақ жоғалтады. Ем болмаған соң, онкоинститутқа жөнелтеді. Олар да рак бойынша емдейді. Жас жігіт өлермен халге жетеді. Жас адамның ауруханада өлгенін қаламай, үйде емдеңдер деп шығарып салады. Сол 21 жастағы жігітті маған алып келді. Мен оған іш құрылысының қан жетіспеушілігі синдромы деген диагноз қойып, ертесінде ота жасадым. Ішін ашқанымда қолқадан шығатын бауырды, асқазанды, көкбауырды, ұйқы безін, ащы ішектерді қанмен қамтамасыз ететін артерия қысылып тұр екен. Арте-рияны босатып, ішкі ағзаларға баратын қанның жүретін жолын қалпына келтірдім. Жаңағы ауру жігіт екі-үш күннен кейін тамақ ішуге дәрмені жетіп, төрт-бес күннен соң салмақ қоса бастады. Он бес күннен кейін үйіне шығардым. Қазір ол жігіттің жеті баласы бар, аман-есен жүріп жатыр. Екіншісін айтайын. Жамбыл облысында бір жігіт сол аяғына қан ұйып (гангрена), облыстық ауруханаға түседі. Облыстағы дәрігерлер аяғын кеспесек болмайды деп, операцияға дайындайды. Дәл осы кезде таныс досы көңілін сұрауға барса, аяғын кесуге ота жасауға кіргізіп бара жатыр екен. «Аяғыңды кескені несі? Асхан Смаилұлына көрсетпедің бе?», – дейді. Дәрігерлер ол кісіні танысаңыздар, дереу апарыңыздар деп рұқсат етеді. Маған жедел алып келді. Сан мен сирақтың ортасындағы қан тамыры бітеліп қалған екен. Келген бетте дереу операцияға дайындап, өзінің венасын алып, тамырын жалғап бердім. Сол жігітті жуырда Тараз жақтан көріп қалдым. Ота жасағалы 26 жыл өтіпті. Сап-сау шауып жүр. Егер досы бір минут кешіксе, ота жасап, аяғын кесіп тастар еді. Сол сияқты жайттар өте көп. Сол үшін де қан тамыры хирургиясын үздіксіз дамытып, кәсіби мамандарды жүйелі дайындау керек.
– Соңғы кезде инфаркт, инсульт алатын адамдар көбейді. Бұл ауру жасарып барады деп дабыл қағып жатамыз. Мұның себебі неде?
– Бұрын қазақ қан тамыры ауруларымен жиі ауырмайтын. 80 жылдарға дейін солай еді. Қан тамырлары хирургиясы бөлімшесінен қазақтарды көрмейтінмін. Өзге ұлттар көп еді. Қазір ауруханаға барсаң, қазақтар тізіліп жатады. Неге? Бәрі жеген тамағыңа байланысты. Бұрынғы қазақтар табиғи, таза өнімді көп тұтынатын. Қазір фаст-фудты көп жейді. Қазақ дәстүрлі тамақ жеу үрдісін бұзды. Кейбір дәрігерлер майлы тамақ жемеу керек, етті көп жеу зиян деп жатады. Мен оған келіспеймін. Біздің халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру дағдысы бар. Ағзамыз соған бейімделген. Денсаулыққа зиян тамақ көп. Ол қан тамырын бұзады. Экология да мәз емес. Жастар аяғын жылы ұстамайды. Жылы киінбейді. Осының бәрі қан тамырлары ауруының көбеюіне себеп болып отыр. Мен үнемі: «Қайғысыз ғұмыр сүргің келсе, қан тамырыңды сақта, дұрыс тамақтан, салауатты өмір салтын ұстан» деп айтып отырамын. Емханада кезекті жоюдың жүйесін жасадым
– Емхана десе, халық кезек көп екенін айтып шағымданады. Өзіңіз де бірнеше медициналық мекемені басқардыңыз. Алматы қалалық №17 емханасын басқарған кезіңізде, кезекті азайтудың жүйесін жасап, тәжірибеңізді күллі медициналық мекемелермен бөліскен екенсіз. Қандай жүйе құрдыңыз?
– 2010 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова еліміздегі 5 000-ға жуық медициналық мекеменің ішінен 50 стационар, 50 емхананы таңдап алып, басшыларын Астанаға шақырды. Ол шақта мен №17 емхананың бас дәрігері едім. Министр өте байыпты кісі еді. «Сіздер менің командамсыздар. 5 000-ға жуық медициналық мекеменің ішінен өздеріңізді іріктеп алдым. Сіздерге бір сұрағым бар. Қайтсек медицинаның жұмысын жүйелеп, емханалардың жұмысын жақсартамыз? Соны ақылдасуға шақырдым. Маған кез келген уақытта хабарласуларыңызға болады», – деп визиткасын берді. Алматыға пойызбен келе жатып, емханалардың басты проблемасы не деп ойландым. Емханалардағы ең басты проблема – бітпейтін кезек. Оны қалай жоюға болады? Ем іздеген жандардың жүйкесін тоздырмай, қалай кезексіз қабылдай аламыз? Осы сұраққа жауап іздедім. Кей кісілер қан қысымын өлшеу үшін келеді. Оған кезектің не керегі бар? Кірген бетте қан қысымын тексеретін апараттар қою керек. Көп адам анализ тапсыруға келіп, күні бойы кезекте тұрады. Анализді үш топқа бөлдім. Ересектер, балалар, жүкті әйелдер бөлек-бөлек тапсырады. Түк қиындығы жоқ. Сарылып күтпейді. Жоғары температурамен келетіндерді бөлім меңгерушісі дереу қабылдайды. Ал әр учаскенің өзінің дәрігері бар. Мөлшермен бір дәрігер 2 000 адамға жауапты. Солар емханаға келген соң, медкартасын таппай сандалып жүреді. Мен әр учаске дәрігеріне өзі қарайтын аумақ тұрғындарының медкартасын беріп, кабинетінде сақтаттым. Одан кейін, науқастарға тіркелу бөлімшесіне хабарласу өте қиын болатын. Біз екі телефонның орнына тіркелуге он телефон қойып қойдық. Бірақ оның сегізінің дискісі жоқ. Оны біздің қызметшілеріміз пайдалана алмайды, тек науқастар сырттан хабарласа алады. Міне, сөйтіп бюжеттен бір тиын шығармай тіркелу бөлімінің жұмысын реттедік. Мысалы, сағат тоғызда бір дәрігердің алдында бір-екі науқас қана отырады. Өйткені олар өзі жазылған уақытымен келеді. Желтоқсан оқиғасының екі дәлелін ұсындым
– Жазушы-журналист, Желтоқсан оқиғасын зерттеп, сериалды кітаптар шығарған Талғат Айтбаевтың кітаптарынан сіздің Желтоқсан оқиғасына қатысты көп деректі сақтап қалғаныңызды оқып едім. Емханаға қаралған жастардың құжаттарының бір нұсқасын сақтап қалыпсыз. Мұндай батыл шешімді қалай қабылдадыңыз?
– Желтоқсан оқиғасы – ұлтымыздың ең үлкен трагедиясының бірі. Ол кез бәрімізге, әсіресе оқиғаны өз көзімізбен көрген Алматыдағы қазақтар үшін ауыр тиді. Ал желтоқсандықтардың бейбіт шеруге шыққанын дәлелдейтін құжатқа келсек... (күрсінді). 1988 жылдың соңында Арменияда жер сілкініп, үлкен апат болды. Оларға көмек беру үшін Қазақстанның санитарлық пойызы аттанды. Сол пойызды мен басқарып бардым. Мұхтар Шаханов ағамыз Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясының төрағасы еді. Арменияда жүргенімде сол кісіден телеграмма келді. 1986 жылы мен қаланың бас хирургы болатынмын. Күніне, дамыл таппастан әр сағат сайын 5-6 мекемеге – Денсаулық сақтау министрлігіне, КГБ-ге, қалалық коммунистік партияға, Орталық комитетке, тағы басқаларына ақпарат жіберіп отырдым. Аураханаға қанша адам түсті, олар қандай жағдаймен түсті, қандай көмек көрсетілді, бәрін хабарлап отыруым керек еді. Содан кейін ойлана бастадым. Мұның оңай шаруа емес екенін түсіндім. Күндердің күнінде керек болып қалар, халқымыз өзінің жастарын іздейтін шығар дедім де, тиісті мекемелерге жіберген ақпаратымның көшірмесін жасап, бір нұсқасын өзіме сақтап қойдым. Қалың үш папка болды. Қаладағы аураханалар мен медициналық мекемелердің арасында жүрдім. Шұғыл операция керек болса, басқа ауруханалардағы мамандарды шақыртып, тиісті ем жасауын қадағаладым. Ұйқы жоқ, күлкі жоқ. Бұл күндерде өтер деп ойлағаныммен, қан-жоса боп жатқан жастарды көргенде жүрегім езілді. Бір ай үй бетін көргем жоқ. Жұмыста қондым. 1987 жылы 15 қаңтарда ғана үйге бардым. Кезінде Қазақ КСР жоғары және орта білім министрі болған Көпжасар Нәрібаев ағамызбен жақсы сыйласушы едім. Бір кезіккенде сол кісіге қолымда үш папка бар екенін сыр ғып айтқан болатынмын. «Болашақта біреу зерттейтін шығар, мүмкін бұл оқиға туралы кітап жазар» деген болатынмын. Нәрібаев Мұхтар Шахановпен таныс екен. Менің қолымда нақты дәлел бар екенін естіген Мұқаң маған телеграмма жіберіп, соны алғысы келетінін айтыпты. Мен Алматыға келіп, комиссия мүшелерімен кезіктім. Олар да жан-жақтан ақпарат жинап, құжат іздеп, нақты факт табу үшін құлшына жұмыс істеп жатыпты. Қолымдағы папканы комиссияға тапсырдым. Осы құжаттар арқылы мен, ұсақ-түйегін айтпағанда, ең негізгі екі жайтты дәлелдеп бердім. Ауруханаға түскен жастардың бәрінен қан сараптамасын алдырғанмын. Ешқайсысының қанының құрамынан алкоголь табылмады. Мүлдем жоқ. Ал Желтоқсан жастарын «арақкештер» деп айыптағанын білесіз. Бәрінің ай-күні, сағат-минутына дейін жазылып тұр. Екінші, ауруханаға түскен жастардың дені саперлік күректен жараланған. Яғни, оларды саперлік күрекпен арнайы жасақталған сарбаздар ұрып-соққан. Оның бәрі дәлелімен жазылған. Дәрігерлер айғақтап, арнайы құжатқа тіркеген. Осы екі дәлел Желтоқсан оқиғасының шындығын ашуға көп мүмкіндік туғызды. Өзің айтып отырған кітаптар сериясының 5-томына бұл туралы жазылған. Мен мұны ерлік үшін емес, жастардың тағдырына күйінгендіктен істедім.
– Сүбелі әңгімеңізге көп рахмет!
Әңгімелескен – Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ
Сіздің реакцияңыз қандай?