«75 адам қол қойған»: Президент сайлауын өткізу жөнінде ұсыныс жасалды
Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровқа және Жоғарғы Кеңес төрағасы Нұрланбек Тұрғынбекұлына жаңа президент сайлауын шұғыл түрде бастау туралы өтініш жолданды. Құжатқа 75 адам қол қойған. Олардың қатарында ғылым қайраткерлері, бұрынғы премьер-министрлер, экс-депутаттар және қоғам белсенділері бар, деп жазады sadaq.kz.
Қырғызстанда мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу мәселесі талқылана бастады. Хатқа қол қойғандар «қазіргі мемлекет басшысы 2021 жылы ескі Конституция бойынша сайланғанын» еске салған. Сол жылдың сәуір айында бүкілхалықтық референдумда жаңа Конституция қабылданып, онда президент бес жылға сайланатыны нақты көрсетілген.
2021 жылғы 5 мамырда «Қырғыз Республикасының Конституциясы туралы» заң күшіне енді. Онда президент өкілеттігінің мерзіміне және жоғары мемлекеттік қызметке үміткер болу мүмкіндігіне қатысты арнайы түсіндірмелер берілген. Заңның 3-бабының 1-тармағында:
«2021 жылы алты жыл мерзімге сайланған Қырғыз Республикасының президенті өкілеттігін Конституцияға сәйкес жүзеге асырады. Алты жылға сайланған президенттің мерзімі осы Конституцияға сәйкес бірінші мерзім ретінде есептеледі», – деп жазылған.
Хатта заңгерлер, құқықтанушылар мен саясаткерлердің бұл мәселеде екіге бөлінгені де айтылған. Бір тарап мерзімінен бұрын сайлау өткізуді дауды шешудің жалғыз жолы деп санаса, екінші тарап алты жылдық мерзімнің аяқталуын күтуді ұсынады.
Өтінішке қол қойғандар мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу «әртүрлі түсіндірмелерден, қосымша анықтамалардан, қоғамдық даулардан және Конституциялық сотқа ықтимал шағымдардан» құтылуға мүмкіндік береді деп есептейді.
Хатта қазіргі биліктің жетістіктері де атап өтілген. Олардың қатарында мемлекеттік шекара мәселесінің шешілуі, жемқорлық пен ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күрес, әлеуметтік дамудың оң нәтижелері және армияның күшеюі бар.
Сонымен қатар авторлар шұғыл шешуді қажет ететін мәселелерді де атаған. Олардың ішінде мемлекеттік қарыздың өсуі, бағаның қымбаттауы және жергілікті халықтың көшуі бар.
Құжатқа қол қойғандар «қазіргі жоғары басшылық қызметінің алғашқы кезеңі логикалық түрде аяқталды» деген қорытынды жасаған.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
1
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0