«Пайғамбарлар әулетіненбіз»: еліміздегі қожалар өздерін «араб» деп жариялады
Оларға қазақ болған – қорлық, араб болған авторитет сияқты.

Әлеуметтік желіде журналист Ораз Әлімбек дінкештерге қатысты тағы бір жазбасы пайда болды. Журналистің бұл жолғы жазбасында өзін «жүз мәрте қажы» деп атап, ас берген Амангелді Еренғайыпұлының тағы бір мәрте дүркіретіп той жасағаны айтылады.
Ең қызығы, «жүз мәрте қажы» той үстінде өзі тарайтын Сейітқожа руының шежіресі Мұхаммед пайғамбарға барып тірелетінін айтқан. Мұны Сауд Арабиясындағы «Пайғамбарлар әулеті» деген әлдебір қоғамдық ұйым өкілі куәландырған. «Енді біздің дәрежеміз арабтармен бірдей болды, әлхамдулиллах!» деп айғайлаған, деп хабарлады sadaq.kz порталы.
«Қожалар неге қазақ болғысы келмейді?
Қажылыққа 100 рет бардым деп дүркіретіп той жасаған Амангелді Еренғайыпұлы «мәртебесін» қазақтардан биікке тағы бір көтеріп алды. Өзін Сейітқожа руына жатқызатын оның шежіресі Мұхаммед пайғамбарға барып тіреледі-мыс. Мұны Қазақстанның этнограф ғалымдары емес, Сауд Арабиясындағы «Пайғамбарлар әулеті» деген әлдебір қоғамдық ұйым өкілі куәландырыпты. «Енді біздің дәрежеміз арабтармен бірдей болды, әлхамдулиллах» деді Амангелді. Оған қазақ болған – қорлық, араб болған авторитет сияқты.
«Пайғамбардың ұрпағымын, Сейітқожамын» деп бұтқа толып сөйлеп, арабты қазақтан жоғары қоятын бұл ғана емес. Әбдіжаппар Әлқожа «Ишандар тек қожалардан шығады. Ишандар ілімнің, білімнің дәрежесі. Аталарымыз үш жүзден, қазақтан алып қойды. Ал қазақпен араласқан болса, одан таза ишан шықпайды» деп бөскен. Бұл нарратив те қара қазақты кемшін санау, араб пен араб мәдениетін және салт-дәстүрін әсіре дәріптеу.
Сарыағаш медресесін ұзақ жылдар билеп-төстеп келе жатқан Смановтардың бірі – Әбдіжаппар қожа кішкентай балалардың басына қазақы тақия кигізіп қойып, бұтын уқалатып отырып шәкірттерге уағыз айтқан видеосының да символдық мәні бар. Қазақ пен қазақ мәдениеті араб пен араб мәдениетінің алдында төменшіктеп тұруы тиіс деген...
Әрине, «сендер Пайғамбардың ұрпағы екенсіңдер» деп Сауд Арабиясы Амангелді мен Әбдіжаппарлар сияқты Сейітқожаларға ел азаматтығын бермейді. Ол елде сол жердің тұрғылықты арабтары ғана ерекше мәртебеде, ал келімсектер өмір бақи сол жерде тұрса да азаматтық ала алмайды. Сондықтан «біздің дәрежеміз арабтармен бірдей болды, әлхамдулиллах» деген Амангелді қожаны сөзі бекер.
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов те – қожа. Ол ұлы Абайды қазаққа танытты, абыз Абайды, ақын Абайды дәріптеді. Ал Амангелді қожа Мәдина қаласындағы баспаханада каллиграф (писарь) болып жұмыс істеген Османа Тоһа деген біреуді Қазақстанға қолпаштап алып келіп, қазақтарға қолын сүйгізіп, табындырып қойды. Міне, осыдан-ақ Амангелді Еренғайыпұлының «дәрежесін», мақсат-мүддесін көре беруге болады. Мұхтар Әуезов қазақты ұлт ретінде ұйыстыруға қызмет етсе, ал мынау «сейітқожалар» Саудияға қарап «ұлиды»...
Эх, бағытымыздан жаңылдарған қу дүние-ай...», - деп жазған журналист өзінің facebook парақшасында.
Сіздің реакцияңыз қандай?






