«Соловьевтің сөзі ресми позиция емес»: Ресей СІМ өкілі мәлімдеме жасады
Ресейдің ТМД елдеріне қатысты саясаты жөнінде пікір білдірген Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова жұртшылықты тек ресми мәлімдемелерге сүйеніп, түрлі фейк ақпараттарға ермеуге шақырды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Брифинг барысында дипломат журналист Владимир Соловьев жүргізетін бағдарламалардың бірінде айтылған пікірлерге қатысты сауалға жауап берді.
Оның айтуынша, Ресейдің ресми ұстанымы тек құзыреті бар уәкілетті тұлғалар арқылы ғана жарияланады.
«Ресми позицияны тек құзыреті бар ресми тұлғалар білдіреді», – деді ол.
Мария Захарова Ресейдің Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасына қатысты көзқарасы бірнеше рет жоғары деңгейде айтылғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл ұстаным серіктестік пен өзара құрметке негізделген.
«Біздің елімізді Орталық Азия халықтарымен тарихи тұрғыда тату көршілік, стратегиялық әріптестік, одақтастық, бауырластық достық пен ынтымақтастық байланыстар жалғап келеді. Бұл қатынастардың тұрақты дамуына достас мемлекеттер басшылары арасындағы өзара сыйластық пен сенімге негізделген жеке байланыстар себеп болып отыр», – деді СІМ өкілі.
Дипломат мұндай тұжырымдар келіссөздерде, саммиттерде және өзге де ресми алаңдарда сан мәрте айтылғанын жеткізді.
Сонымен қатар ол Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясындағы тұрақты өзара іс-қимылға тоқталып, аймақтық қауіпсіздік мәселелері дәл осы құрылымдарда талқыланатынын айтты.
«Аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін дәл осы құрылымдар мен оларды басқаратын тұлғалар, сондай-ақ сол жерде жұмыс істейтін көптеген сарапшылар талқылайды», – деді Захарова.
Сондай-ақ ол Владимир Соловьевтің сөзі риторикалық сұрақ болуы мүмкін екенін, алайда кейбір комментаторлар оны Мәскеудің ресми ұстанымы ретінде ұсынып жібергенін сынға алды.
«Мен келтірілген дәйексөздерді оқыдым. Олар арандатушылық сипатта ұсынылып, тіпті Ресейдің ресми позициясы секілді көрсетілген. Бұл – мүлде жол беруге болмайтын жағдай», – деп түйіндеді СІМ өкілі.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0