Ұлттық ұланда «Ұландық дос» атты жаңа жүйе енгізілуде
ҚР ІІМ Ұлттық ұланында әскери ортадағы өзара қолдау мен жауынгерлік бауырластықты нығайтуға бағытталған түбегейлі жаңа тәсіл қолға алынды. Бұл туралы Sadaq.kz ақпараттық порталы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Ұландық дос» деп аталатын бұл жоба елордада орналасқан 5573 әскери бөліміндегі мерзімді әскери қызметшілер арасындағы сенімді арттыруға бағытталып, алғашқы оң нәтижелерін көрсетуде. Жаңа жүйенің негізгі тетігі бойынша сарбаздар 2–5 адамнан тұратын шағын топтарға біріктіріледі.
Жобаның маңыздылығы туралы қатардағы жауынгер Мұхамедәлі Құралбек былай дейді:
«Бос сәттерде біз жиі әңгімелесіп, туған жерімізді еске аламыз. Мен Даниярға оңтүстіктің салт-дәстүрін айтып беремін, ал ол семейлік өңірдің ерекшеліктерімен бөліседі. Осылайша саптағы серіктестік бірте-бірте шынайы достыққа айналды».
Бөлім қолбасшылығының айтуынша, бұл тәсіл командирлерге жеке құрамның көңіл-күйін бақылауға және туындаған мәселелерді дер кезінде анықтауға көмектеседі. Жаңа жүйе аясында біреуі шаршап тұрса, екіншісі демеп жібереді, бұл әскери ұжымға тез сіңісіп кетуге мүмкіндік береді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі жобаның болашағына қатысты мынадай мәлімдеме жасады:
«Айта кетсек, жоба қазір пилоттық форматта іске асырылуда. Егер бастама өз нәтижесін көрсетсе, «Ұландық дос» әдістемесі Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдеріне енгізілмек».
Дереккөз: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0