2025 жылы өмірден өткен танымал тұлғалар
Тарих қойнауына кетіп бара жатқан жылан жылы қазақ халқы үшін ұлттық мәдениет пен руханияттың тірегі болған бірқатар алып тұлғалармен қоштасу жылы болып есте қалды, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.
Жылдың алғашқы айларынан бастап қаралы хабарлар легі үзілмеді. Қаңтарда халық жазушысы Мұхтар Мағауин мен абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы дүниеден озды. Тамызда ғарышкер Талғат Мұсабаевпен қоштастық. Ал жыл соңында, 21 желтоқсанда, қазақ өнерінің аңызы Асанәлі Әшімов 88 жасында өмірден өтсе, екі күн бұрын Қазақтың Қожасы Нұрлан Сегізбаевтан айырылып қалдық.
Мұхтар Мағауин – Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы. "Аласапыран" романы арқылы қазақ тарихи прозасын жаңа деңгейге көтерген қаламгер. Өмірінің соңғы жылдарын АҚШ-та өткізді. 11 қаңтарда Мұхтар Мағауинның АҚШ-тағы жаназа намазы оқылып, жерлеу рәсімі өтті. Жаназаға жазушының туыстарымен қатар Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі және дипломаттар қатысты.
1 ақпанда “Тақиялы періште” фильміне негіз болған Сакко Қаратаев өмірден озды. Бұл туралы журналист Дархан Өмірбек әлеуметтік желіге жазды.
Қазақстандықтардың сүйікті фильміне айналған «Тақиялы періште» киносы шынайы оқиғаға негізделгенін білесіз бе? Фильмнің бас кейіпкері Тана емес – Айнагүл, ал Тайлақтың прототипі – Сакко есімді азамат болған.
Қаратаев Сакко Бейсекұлы 1937 жылы дүниеге келген. Оның әкесі халық жауы деп қуғындалып, сәби Сакко әкесін көрмей жетім қалған. Анасы Айнагүл жеті баланы жалғыз өзі тәрбиелеп, бәрін ел қатарына қосқан. Бірақ ең жуас, момын әрі үйленуге батылы жетпеген кенже ұлы – Сакко болды.
Жуас ұлы үйленбей қала ма деп алаңдаған анасы трамвайға отырып, болашақ келінін іздеуге кіріседі. Ол жол-жөнекей өзіне ұнаған қыздарды әңгімеге тартып, тұрмысқа шықпағандарын анықтаса, үйіне шайға шақырып отырған. Бірақ мұндай тәсіл нәтиже бермеген соң, медицина училищесінің қыздар жатақханасына барып, сондағы қыздармен таныса бастайды. Осылайша, Саккоға қалыңдық табу операциясы басталған.
Бұл оқиғаны Кәукен Кенжетаев өзінің ағасы Шәкен Аймановқа айтып бергенде, әйгілі режиссер бірден оны кино сюжетіне айналдыруды ойлайды. Нәтижесінде, 1968 жылы «Тақиялы періште» фильмі экранға шықты.

Мекемтас Мырзахметұлы – Абайтанудың тұтас мектебін қалыптастырған ғалым. Абай мұрасын рухани-философиялық жүйе ретінде зерттеген еңбектері ұлттық ойдың іргетасын бекітті.
Дулат Исабеков – Еңбек Ері, жазушы-драматург. "Әпке", "Қарғын" шығармалары арқылы адам тағдыры мен қоғам қайшылықтарын терең ашқан классик.

Әкім Тарази – Еңбек Ері, жазушы, драматург. Психологизм мен интеллектуалдық салмағы басым шығармаларымен ерекшеленді.

Сейіт Қасқабасов – Фольклортанушы академик, Мемлекеттік сыйлық лауреаты. Қазақ ауыз әдебиетін ғылыми жүйеге түсірген ғалым.

Темірхан Медетбек – Халық жазушысы, ақын. Ұлттық поэзияға түркілік сарын әкелген өршіл жыршы.
Исраил Сапарбай - қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халық жазушысы, ақын, драматург, сазгер.
1941 жылы 15 мамырда Өзбек КСР-нің Самарқанд облысындағы Кушрабад ауданында туған. Алғаш бір топ өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» ұжымдық жинағында жарық көрді. Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері. 70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.
Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты.

Талғат Мұсабаев – Ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы. Үш мәрте ғарышқа ұшқан, қазақтың ғарыштағы мақтанышы.

Күләш Ахметова – Мемлекеттік сыйлық иегері, ақын. Қазақ лирикасының нәзік үні, "қазақ поэзиясының ақ гүлі".

Мұхтар Түменбай
21 шілдеде белгілі журналист, жазушы, отандық ақпарат кеңістігінде өз қолтаңбасын қалдырған тұлға Мұхтар Түменбай өмірден өтті.
Мұхтар Жақсылықұлы – өзінің шығармашылығы мен азаматтық ұстанымымен ел есінде қалған тұлға еді. Ол қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып, талай маңызды бағдарламалар мен деректі фильмдердің авторы атанды. Әсіресе, «Апта» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы арқылы елдегі маңызды оқиғаларға терең талдау жасап, көрерменнің құрметіне бөленді.

Ержан Бабақұмаров
Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысында дүниеге келген. Саяси ғылымдар кандидаты.
1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі болған. Мәдениет және ақпарат министрлігінде жауапты хатшы және вице-министр қызметтерін атқарған. Премьер-министр канцеляриясы басшысының орынбасары, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, Мемлекет басшысының кеңесшісі – Президент Әкімшілігінің талдау және болжау орталығының меңгерушісі қызметтерін де атқарған.
2019 жылдың шілдесінен 2022 жылдың ақпанына дейін Алматы әкімінің орынбасары болған.

Ғалым Доскен
11 қарашада 65 жасында белгілі әдебиет сыншысы, филолог, режиссер әрі сценарист Ғалым Доскен дүниеден озды.
Ғалым Төлембекұлы – еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің, телерадио саласының дамуына, ұлттық журналистиканың қалыптасуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлға.
Ол "Ұлан" газетінің бас редакторы, "Қазақстан" телерадиокорпорациясының төрағасы қызметтерін атқарып, бірнеше маңызды мәдени жобаларды жүзеге асырған. Соның ішінде "Қазақтың дәстүрлі 1000 әні" мен "Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі" атты антологиялық жинақтардың авторы ретінде ұлттық өнердің баға жетпес мұрасын келер ұрпаққа жеткізді.
Режиссер әрі сценарист ретінде "Киелі жерлер", "Жоғалған жарық хроникасы" секілді деректі фильмдерді дүниеге әкеліп, қазақ халқының рухани қазынасын кеңінен насихаттады.
Жабайхан Әбділдин - ғалым, философия ғылымының докторы, профессор, мемлекет қайраткері Жабайхан Әбділдин 93 жасында дүниеден өтті. Ол - философия ғылымының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі және вице-президенті, Қазақстандағы диалектикалық логика мектебінің негізін салған ғалым.
Асанәлі Әшімов – КСРО Халық әртісі, Еңбек Ері. "Атаманның ақыры", "Транссібір экспресі" фильмдеріндегі рөлдерімен мәңгі есте қалған сахна саңлағы.
![]()
Нұрлан Сегізбаев - жазушы, сценарист, Қазақстан халқының еңбек сіңірген қайраткері. Ол осыдан 60 жыл бұрын түсірілген қазақ киносының қоржынындағы жақұтқа айналған «Менің атым Қожа» фильмінде басты рөлді сомдаған. Осы фильмінен кейін 44 жыл өткен соң, «Қош бол, Гүлсары» фильміндегі Шораның рөлін сомдады. Бірақ ол өзін актер деп санамаған.
Бұлардан бөлек, жыл ішінде актриса Дариға Тілендиева, этнограф Болат Бопайұлы, актер Қайрат Кемалов, ақын Исраил Сапарбай, журналист Диас Ахметшәріп пен Диля Ибрагимова, суретші Ағымсалы Дүзелханов және басқа да тұлғалар өмірден озды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
1
Жарайсың
0