«Ағай бізді құшақтайды»: Түркістанда мектеп директорының күйеуі оқушы қыздарға қол жүгірткен
Қазірдің өзінде 3 жыл 6 ай соттылығы бар.
Түркістан облысы Қарасу ауылының оқушылары мектептегі дене шынықтыру пәні мұғалімінің үстінен шағым түсірді, - деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Бұрын сотты болған педагог жоғары сыныпта оқитын қыздарға қол жүгіртіп, ұлдарға жұдырық жұмсайды дейді ата-аналар. Әріптестерін де былапыт сөзбен сыбап алатын мұғалім күні кеше ғана жылы орнынан босатылған директордың күйеуі болып шықты, деп хабарлады Информбюро жаңалықтар қызметі.
«Алтай ағай дене шынықтыру сабағында бізге тиісіп, азғындайды. Құшақтап, аяғымыздан ұстайды, сипалайды. Біз ата-анаға айтуға қорқамыз. Құшақтайды, әсіресе, 9-10-сыныптың қыздарына тиіседі. Тұрып ап ұстап, «менің алдыма кел» дейді. Кейбірін бұрышқа тығып қояды. Солармен сөйлесіп тұрады», – дейді мектеп оқушысы.
Қыздарға қол жүгірткен мұғалім ұлдарға жұдырық жұмсаған. Былтыр кеуде тұсынан соққы алған 9-сынып оқушысы медициналық көмекке жүгінген көрінеді. Анықтамасы да бар, бірақ оқиға жылы жабылған.
«Қазірдің өзінде 3 жыл 6 ай соттылығы бар. Сондықтан бұл кісіге қаншалықты жұмыс істеуге болатын-болмайтынын құзырлы органдар шешетін шығар. Өйткені сот солай шығарып берген екен», – деді М.Сапарбаев атындағы жалпы орта мектеп директорының орынбасары Маржан Бердімұратова.
Мұғалім директор әйелінің қызметін пайдаланып, өзге мұғалімдерді сағатынан айырамын деп қорқытқан.
«Айқайлап, боқтап, қоқан-лоққы көрсетті. «Неге сен шағымданасың» деп бас салып, мектептің алдында жанжал шығарды», – деді М.Сапарбаев атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Ұлықбек Гүлбаев.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ақысыз еңбек демалысына шығып кеткен екен.
«Мұғалімнің оқушыға қол көтергені туралы дерек пайда болды. Ол дерек 2023 жылдың 10 сәуірінде болған. Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігімен «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – деп мәлімдеді Сайрам ауданының прокуроры Дәулет Тілемісов.
Сіздің реакцияңыз қандай?