Ақтөбеде көпқабатты үйдің ауласында әйелді пышақтап кетті
Бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрларда ер адамның әйелмен сөйлесіп тұрғаны көрінеді. Кейін әйел орнынан тұрып кеткенде, ер адам оның артынан барып, пышақ сұққан. Бұдан соң әйелді сүйреп, ауладағы қуысқа алып кеткен.
Ақтөбе қаласында көпқабатты үйдің ауласында әйелді пышақтап өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адам ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды sadaq.kz.
Оқиға кеше Ақтөбе қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында болған. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрларда ер адамның әйелмен сөйлесіп тұрғаны көрінеді. Кейін әйел орнынан тұрып кеткенде, ер адам оның артынан барып, пышақ сұққан. Бұдан соң әйелді сүйреп, ауладағы қуысқа алып кеткен.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Шалхаровтың айтуынша, күдікті — Атырау қаласының 28 жастағы тұрғыны. Алдын ала мәлімет бойынша, ол марқұм әйелмен бұрыннан таныс болған.
«Араларында туындаған жанжал барысында ер адам әйелге пышақ жарақатын салған. Алған жарақаттарынан әйел оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстың себептері анықталуда. Тергеу барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының бақылауында», — деді Серік Шалхаров.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.