Атақ сататын қоғам – Депутат Мақсат Толықбай атақ пен даңқ саудасын сынға алды

Қаңтар 14, 2026 - 15:17
Қаңтар 14, 2026 - 15:18
 0  2
Атақ сататын қоғам – Депутат Мақсат Толықбай атақ пен даңқ саудасын сынға алды
Фото: Мәжіліс отырысынан

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Депутаттың айтуынша, атақ пен марапаттың жаппай саудаға түсуі қоғам үшін қауіпті үрдіске айналып барады.

«Атағы жоқ, медаль алмаған кім қалды? Айтайын дегенім, атаққұмарлық кәдімгі дертке айналып барады. Марапат пен атақ – базарда сатылатын сувенир сияқты. Атақ сататын аты белгісіз қоғамдық ұйымдар медаль, ордендерді шүлен таратқандай оңды-солды үлестіріп жүр. Бұған өзі тоқтам бар ма? Бұған дейін бұл мәселені біраз әріптестерім де көтерді. Арнайы заң, норма да қабылданды. Алайда бұл үрдіс керісінше үдеп барады. Мәселен, «Қазақстанның құрметті азаматы» төсбелгісі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медалі және «Ұлт ұстазы» дейтін атақтар кейбір деректерге қарағанда, ашық не жасырын түрде 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықта бағаланады екен. Пысықай ұйымдар кәдімгі зәулім  ғимараттарды жалға алып, ақшасы бар кәсіпкерден бастап мұғалімге дейін қызыл кілем төсеп, сахнаға салтанатты түрде  тұрып марапаттайды.  Өздері  мәз. Шын мәнінде не атақ алып жатқанын өздері де білмейді. Әлеуметтік желілерде жарыса жариялап, қызуы басылғанша тойлаумен әлек», – дейді депутат.

Мақсат Толықбайдың сөзінше, марапат пен атақ беру пысықтар  үшін бизнес көзіне айналды. Ақшасын төлесең медаль мен куәлікке, марапатқа оңай ие бола аласың.

«Қалтасында қаржысы немесе танысы бар кез келген адам қоғамдық ұйым ашып алып, атақ таратумен айналыса алады. Ең қауіптісі – бұл «марапат бизнесінің» ең алдымен мектептерге енуі. Бүгінде ұстаздың кәсіби деңгейі нақты нәтиже мен білім сапасымен емес, алғыс хат пен медаль саны арқылы өлшенетіндей жағдайға жеттік. Соның салдарынан мұғалімдер оқушыға білім беруде емес, марапат жинауда бір-бірімен жарыса бастады»,– дейді Мақсат Толықбай. 

Сондықтан депутат сатылып жатқан салмағы жоқ арзан атақ пен маңызы жоқ марапаттарға заң жүзінде шектеу қойып,  жауапқа тартуды талап етті.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0