«Белім жуандап, қабақтағы қалың әжім жайдан жай түскен жоқ»: Роза Әлқожа туған күнінде жан сырын ақтарды

Біреуге ерте қонған әншілік бақ маған кеш қонғанымен, отбасылық бақыт маған ерте бұйырды.

Қазан 2, 2024 - 09:50
Қазан 2, 2024 - 10:36
«Белім жуандап, қабақтағы қалың әжім жайдан жай түскен жоқ»: Роза Әлқожа туған күнінде жан сырын ақтарды
фото: әлеуметтік желіден

Белгілі әнші Роза Әлқожа туған күнінде арнайы жазба жариялап, өмінің сәулелі және күңгірт сәттері жайлы жазба жариялады. Әнші Instagram желісіндегі өткен өмірі, жеткен жетістіктері мен көрген қиындықтарын жайып салды, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.

Өз жазбасында әнші 19 жасында ақ босағаны аттап, келін атанғанын жазды. Сонымен қатар 33 жасында бес баланың анасы болғанына шүкірлік етті. Жетістікке жетуінің сырын пәк махаббаты мен кіршіксіз сенімімен байланыстырды:

"Біреуге ерте қонған әншілік бақ маған кеш қонғанымен, отбасылық бақыт маған ерте бұйырды. Он тоғызымда келін атанып, жиырма жасымда ана болдым, шүкір! 33 жасымда бес баланың анасы, Алматы-Астанада бес үлкен кеш берген әнші-сазгер, аты-жөні белгілі тұлғаға айналдым. Екі жүзден әннің орындаушысы, жүзден астам әннің авторы. Отызға жуық бейнебаяны бар, оннан астам альбом шығарған еңбекқор жан ретінде өзіме разымын! Жүрегіме, санама, ақылыма, сезіміме, төзіміме алғыс! Кей жолдарды қалай жүріп өткеніме бүгін таңырқап қарап қоямын! Кей жерлерде қалай төзгеніме қазір қайран қаламын! Мұның барлығы - махаббаттың арқасы! Мұның барлығы - кіршіксіз сенген, күткен, жеткен Розаның арқасы!", - деп ағынан жарылды әнші.

Жазбасының жалғасында Роза Әлқожа көрген қиындығын, тағдыржың сынағын сөз етті. Қалың қазағына арқа сүйеп, ештеңенен қамықпайтынын жеткізді.

"Ол – туғаннан ата мен әженің алақанына түсіп, бекер мейіріміне бөленген жоқ. Алда - ізеті мен үлгісіне, сәлемі мен сөзіне жіті мән беретін жұрты бар еді! Сына қаққанда сүрінбеуге, ізін баққанда бүлінбеуге тырысқанымен, өмір тек еркелетіп отырмады. Өзіне тән қошеметі, өзіне лайық қиындығы, өзіне тән сынағын қоса берді. Бел бекер жуандап, қабақтағы қалың әжім жайдан жай түскен жоқ… Бір Аллаға ғана тәуекел еткен жанның бағасын беруші де, несібесін жеткізуші де – халық. Бұл берген жолдарды, бұл киген киімдерді, өңдеткен әндерді, түсірген бейнебаянды бір адам ғана қолдап жасап бере алмас еді. Оған жомарттығы жетпес, мұнша дәрежеге жеткізуге ниеті де болмас?!. Бұл – үздіксіз хәм ұзақ жылдар жүрген жолдар жемісі, бітпеген төзім мен үзілмеген үміттің жеңісі! Иә, кейде жақыннан өртемесе, я жауратпаса, алыстан біреу аяқтан шала алмас?! Иә, кейде кейбіреу көзбе-көз келіп көңіліңді түсірмесе, шалғайдағы шаруа қашанда өз ісімен күнелтер?!. Жанын тілімдеп, жүзін тұқыртып, өзін күйретіп жібергісі келгендер, келетіндер көп ішінен табылар да?! Бірақ жақсы көріп, бауырына тартқан қалың елі барда неден қаймығады?! "Ақтың отын ақымақ үрлеп өшіре алмас" деп анасы ескертіп отырады. Жаратқанның берген жарылқауын пенде өзгерте алмақ емес! Қош келдің, жаңа жасым!", - деп түйіндеді Роза Әлқожа.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow