«Білместіктен қателіктер жіберуі мүмкін»: Балғынбек Имашев ұлын айыптағандарға жауап берді

Сәуір 10, 2025 - 09:58
Сәуір 10, 2025 - 10:34
«Білместіктен қателіктер жіберуі мүмкін»: Балғынбек Имашев ұлын айыптағандарға жауап берді
фото: әлеуметтік желіден

Айтыскер ақын Балғынбек Имашев ұлының алаяқтық бабы бойынша күдікке ілінуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Естеріңізге салсақ, кеше айтыскер ақын Балғынбек Имашевтің ұлына қатысты шу шықты.

Желіде тараған ақпараттарға сәйкес, туристер ақынның ұлы Данияр Имашев атқарушы директор болып қызмет ететін "Qazaq travel" компаниясының үстінен шағым түсірген. Яғни бүгін қасиетті мекенге ұшуы тиіс болған туристерге компания олардың ешқайда ұшпайтынын мәлімдеген.

«Мен бұл мәселені кеше кешкісін ғана естідім. Ақтөбеге сапарға кеткен едім, қазір Астанаға келдім. Алматыға ұшайын деп тұрмын. Сол жаққа барып өзім мән-жайды білемін. Қазір ештеңені нақты білмегендіктен толық ақпарат бере алмаймын. Ал ана компанияға (Qazaq travel — ред.) қатысты айтсам, оларға 100% сенімдімін. 10 жылдан бері неше мәрте ол компаниямен бірге умраға бардық. 10 мыңнан астам қажыға қызмет көрсеткен сенімді компания. "Алаяқ компания", "елді жеп жатыр" деген ешқандай шындыққа жанаспайды, - деп жауап берді Балғынбек Имашев.

Айтыскердің айтуынша, оның ұлының бұл компанияда істегеніне 3 ай болған.

«Тәжірибесіздіктен, білместіктен қателіктер жіберуі мүмкін. Бірақ "Елді жеп жатыр", "алаяқ екен" дегеннің ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Барып тұрған жала және мені де белгілеп "Ел көтерген азамат халықты алдап жатыр" деп неше түрлі әңгімелер жазып жатыр. Жеке басыма қатысты да сондай сөздер айтылуда. Сырттай ештеңе айтпай-ақ қояйын. Өзім барып сөйлесіп, көзім жеткесін толық пікір беруге дайынмын», - деді айтыскер.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow