«Істі жабайық деп ұялы телефон ұсынды»: 16 жасар қызым зорланды деген әйел тергеу тоқтап тұрғанын айтты

Қаңтар 14, 2025 - 22:52
«Істі жабайық деп ұялы телефон ұсынды»: 16 жасар қызым зорланды деген әйел тергеу тоқтап тұрғанын айтты
Фото: istockphoto.com

Р. есімді әйел Астанада 12 желтоқсанда кәмелетке толмаған қызы зорланғанын айтты. Бірақ полиция әлі күнге дейін тергеу амалдарын созып, күдікті деген жігіт бостандықта жүр, - деп хабарлайды sadaq.kz порталы Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.

Қызы зорланған түн

«Ұлым (15 жаста) мен қызым (16 жаста, колледжде оқиды) екеуі компьютерлік клубқа кешкі сағат бесте сұранып кеткен еді. Үйдің жанында еді. Қызым чатрулетка арқылы сол жігітпен танысқан екен. Содан кейін телеграм арқылы сөйлескен. 19 жастағы жігіт ұлым мен қызымды «кинотеатрға апарам, қыдыртам» деп алдаған.  Кинорумға апарған. Ол жігіттің суретін алдында қызым «осы жігітпен жүрсем бола ма» деп көрсеткен болатын. Қызыма «жағдайы жақсының баласы сияқты ғой, ол сенің теңің емес, ертең саған ол жігіт болмайды» деген едім. Содан кейін жоқ болып кеткен. Кейін желтоқсанда қайдан пайда болғанын білмеймін», - дейді қыздың анасы.

Әйелдің сөзінше, «Самал» шағын ауданындағы «Кинорумның» ішіне кіріп, дәлізде ұлды қалдырған. Ол жертөледе орналасқан. Ішінде үлкен былғары дивандары тұрған бөлмеге кіргеннен кейін әлгі жігіт Р.-ның қызына «сен айқайлап шақырсаң да ешкім естімейді деп қолын қайырып, қинаған».

«Қызым ол жерде айқайлап жылаған. Сол жерде ол жігіт екі рет «істепті». Қызым «сол жерде жылап, ауырып отырып қалдым, мама» деді. Әлгі жігіт ісін тындырғаннан кейін бұларды алдап, «достарым шақырып жатыр» деп кетіп қалған. Ұлым қызыма «шықсаңшы, жігіт кетіп қалды ғой» деп жазған. Қызым сол кезде бауырына «анау жігіт мені зорлады» деп, жазып, жылаған смайлик жіберген. Бұл 12 желтоқсанда болған жағдай. Көршім баламның телефонын қоңырау шалу үшін звандамақшы болып алып, бұлардың бір-бірімен әңгімесін кездейсоқ оқып қалған. Бұл 26 желтоқсан. Маған көршім айтты. Мен ананы көріп, стресс болдым», - дейді Р. есімді әйел.

Анасы 102-ге қоңырау шалып, «Кинорумды» фотоға түсіріп, сараптама жасаған.

«Сараптама «қыздығы тұр, кірген, бірақ ары қарай тесе алмаған» деп қорытынды жасады. Ертесінде тағы да «келіңіздер» деді. Ертеңінде барғанда ақшам болмады. Опер апара алмаймын деді», - дейді ол.

Р.-ның төрт баласы бар. Өзі жалғызбасты ана. Егіз баласының жасы екіден енді асады. Шымкенттен келген. 15 жылдан бері Астанада тұрады. Жалдамалы жатақханада тұрады. Айына 50 мың теңге төлейді. Зорланды деген қызының көзі нашар көреді.

«Бүгін бізді Сарыарқа ауданының ішкі істер басқармасына «қан аламыз» деп шақырды. Қанша күннен бері тым-тырыс жүрген. Істі алған бір әйел дұрыс жауап бермей, керек кезде «хабарласамыз» деген. Жұмадан бастап енді «қан аламыз» дейді. Бүкіл жағдайымды журналист Гүлмира Әбіқайға айттым», - дейді қыздың анасы.

Туыстары келді

Р. полицияға арыз түсіргеннен кейін жігіттің туыстары үйіне іздеп келген. Ол кешіре алмайтынын айтқан. Асханаға бірге барып, шай ішкен. Онда жігіттің әлгі туыстары жаяу барғанымен, ертеңінде ішкі істер басқармасына кездесуге көлікпен, жақсы киініп келген. 

«Бізге 1,3 млн теңге және жаңа ұялы телефон (Самсунг) береміз деді. Полиция бөлімінің ішінде кіреберісінде көрсетті. Екеуміз де содан кейін полицияның бастығына кірдік. «Мен арызымды алатын болдым» деп едім, полиция бастығы әлгі кісілерге «неге бүлдіріп алып, тығылып тұрсыңдар» деп сөйледі. «Маған сыртта тұра беріңіз» деді де, есікті жауып алып, өздері сөйлесті. Туыстары «маған далада күте тұрыңыз» деді. Мен арыздан бас тартып жазуым керек болған, бірақ жазған жоқпын. Ақшаға келісті ме, әйтеуір, білмей қалдым», - дейді Р.

Р. әу баста бір асханаға барып, жігіттің туыстары 600-700 мың теңге ұсынғанын айтты. Сол жерде келіспек болған. Басында Р. оларды қарапайым адамдар деп ойлаған. Бірақ кейін көлігі бар дәулетті адамдар екенін білген. Жігіттің туыстарынан үш адам (бір үлкен кісі, екеуі жастар) келген. Р. сіңлісімен бірге барған. «Мен ондай ақшаны алмаймын дедім» деді ол.

«Жігіт жазасын алсын дедім. Содан кейін 1,5 млн теңге қойып беріңіз дедім. Есікті жауып алып, кейін құбылды. Содан кейін енді келіспеймін деп жаздым. Ертеңінде маған «телефон алып бере салайықшы балаға, ақшаны қарызға алған едік, соларға бере салдық» дейді. Айнып кетті. Арызым әлі жатыр. Қайтарған жоқпын. Қазір олар хабарсыз. Полицияға «не болып жатыр» деп сұрадым. Олар «өзіміз айтамыз ғой, керек болсаң шақырамыз» деп ұрсып кетті. Екі баламның телефонын алып алған. Не телефонды бермейді», - дейді ол.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow