Қатарластарын сабаған оқушының ата-анасына 39 мың теңге айыппұл салынады

Сәуір 29, 2025 - 22:22
Қатарластарын сабаған оқушының ата-анасына 39 мың теңге айыппұл салынады
Фото: видеодан скрин

Алматы облысында оқушыларды соққыға жыққан жасөспірімнің ата-анасына 39 320 теңге айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды sadaq.kz сайты Malim.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиғаны видеоға түсірген жасөспірімнің де заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бүгін БАҚ пен әлеуметтік желілерде жасөспірімнің бірнеше оқушыны аяусыз соққыға жығып жатқан видеосы тарады. Алматы облысы Іле ауданының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған мәлімет бойынша, оқиға Қараой ауылындағы №49 мектепте болған. Бейнежазбада көрсетілгендей, оқушылар 9-сыныпта оқиды.

Полицияның анықтауынша, бұл оқиға былтырғы жылдың қыркүйек айында болған. Ол кезде құқық қорғау органдарына ешкім шағымданбаған. Алайда қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Қазіргі уақытта бұл факті бойынша кәмелетке толмаған балаға күш қолдану белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді дұрыс атқармағаны үшін күш қолданған және бейнежазба жасаған екі жасөспірімнің де заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды.

Полицияның нақтылауынша, екі баланың заңды өкілдері ҚР ӘҚБтК 127-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылған. Бұл бап бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш (10 АЕК), яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Закиева хабарлағандай, арнайы комиссия құрылып, психологиялық және педагогикалық қолдау шаралары ұйымдастырылған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow