Қауіпті «Қазақмыс»: Соңғы үш жылда кәсіпорындарда 120-дан астам жұмысшы зардап шеккен

Ақпан 18, 2025 - 17:27
Қауіпті «Қазақмыс»: Соңғы үш жылда кәсіпорындарда 120-дан астам жұмысшы зардап шеккен
Фото: Stan.kz / Кәсіпкерлер Владимир Ким мен Эдуард Огай

"Қазақмыс" компаниясында кейінгі 15 жылда өлімге әкеп соққан апаттар саны көбейген. Статистикаға сенсек, 2010 жылдан бері күні бүгінге дейін объектілерде 64 адам қаза тапты. Осы ретте Stan.kz ақпарат агенттігі "Қазақмыс" компаниясының қарамағындағы шахталарда қанша адам опат болғанын зерттеп көрді.

"Қазақмыс" компаниясында 2010 жылдан бері тәртіпсіздіктер болып, соңы үлкен қайғымен аяқталып жатыр.

2010 жылғы 20 маусымда Қарағанды облысындағы "Степной" шахтасында жөндеу жұмыстары кезінде жарылыс болып, 23, 28 және 37 жастағы үш шахтер қаза тапты.

2013 жылғы 3 маусымда "Степной" шахтасында тау сілемін түсіру кезінде жер асты көлігі кен асуына құлап, жүргізуші мерт болды.

2013 жылғы 28 қыркүйекте Оңтүстік Жезқазған шахтасында тау сілемінің бөлінуі салдарынан жүк тиеу көлігінің жүргізушісі қаза тапты.

2013 жылғы 2 қазанда Жезқазған мыс қорыту зауытында жабдықты тазалау кезінде биіктен құлап, қызметкер опат болды.

2014 жылғы қаңтарда "Жомарт" шахтасында жұмысшы өздігінен жүретін көлікпен соқтығысу салдарынан қаза тапты. 7 ақпан 2014 жылы өткел салушы өлімге әкелетін жарақат алды. 21 наурыз 2014 жылы Қарсақпай мыс балқыту зауытында жұмысшы қаза тапты. 2014 жылдың күзі Қарағанды облысындағы кен орнында мина жарылысы салдарынан жұмысшының өмірі қиылды.

2015 жылғы 14 желтоқсанда Қарағанды облысындағы Құсмұрын шахтасында тау массасының құлауы салдарынан ұңғушы қаза тапты. 2015 жылғы 16 қыркүйек – "ЭнергоСети" кәсіпорнында жөндеу жұмыстары кезінде автокранның жебесі темір ұстасының үстіне құлап, ол қаза тапты.

2016 жылғы 9 маусым – кран машинисі ауыр күйік алып, 10 күннен кейін ауруханада көз жұмды. 2016 жылғы 9 шілде – "Жомарт" кенішінде 42 жастағы өткел салушы кенеттен су басуы салдарынан суға батып кетті. 2016 жылғы 28 шілде – Жезқазған байыту фабрикасының аумағынан дәнекерлеушінің мәйіті табылды.

2017 жылғы 31 наурыз – Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі штректердің бірінде кенші өмір белгілерінсіз табылды. 2017 жылғы 26 қыркүйек – Оңтүстік Жезқазған кенішінде жұмысшы электр тогының соғуынан қайтыс болды.

2018 жылғы 31 желтоқсан – Шығыс Жезқазған кенішінде 35 жастағы машинист тау сілемі опырылуы салдарынан көз жұмды.

2019 жылғы 19 шілде – Оңтүстік Жезқазған кенішінде 28 жастағы кенші қаза тапты. 2019 жылғы 28 қараша –Оңтүстік Жезқазған кенішінде жарылыс болып, шебер көз жұмды. 2019 жылғы 25 желтоқсан – жұмысшы жерасты тау-кен машинасының астында қалып қаза болды.

2020 жыл – "Қазақмыс" кәсіпорындарында бір жыл ішінде 9 жұмысшы қаза тапты.

2022 жылғы 28 тамыз – Жастар көмір разрезінде БелАЗ УАЗ көлігін басып кетіп, екі адам көз жұмды, үшеуі жарақат алды.

2023 жылғы 20 қыркүйек – Балқаш мыс балқыту зауытында газоходты жөндеу кезінде монтажшы өлімге әкелетін жарақат алды. 2023 жылғы 5 қараша – Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында тау жыныстары опырылып, кен шебері көз жұмды. 2023 жылғы 20 қыркүйекте Балқаш мыс қорыту зауытында газоходты жөндеу кезінде 1984 жылғы мердігер ұйымының монтажшысы мерт болды. 2023 жылғы 6 қарашада Шығыс Жезқазған кешінің №57 шахтасында жұмыс кезінде тау сілемінің құлауы салдарынан 1984 жылғы тау-кен шебері көз жұмды.

2023 жылғы 22 қарашада Жезқазған байыту фабрикасының №2 конвейерінде 1980 жылғы машинист әйел конвейер механизмімен қысылып, жан тәсілім етті. 2023 жылғы 27 қарашада Жамбыл облысындағы "Жайсан" шахтасында тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде 1981 және 2002 жылғы екі ұңғушы шебер қаза тапты. 

2024 жылғы 6 қазанда Қарағанды облысындағы "Саяқ" шахтасында көміртегі тотығымен улану салдарынан екі жұмысшы мерт болса, тағы біреуі жарақат алды.

2025 жылғы 21 қаңтарда Шығыс Жезқазған кенішінің "Анненская" шахтасында 40 жастағы ұнтақтаушы қаза тапты.

2025 жылғы 17 ақпанда Ұлытау облысындағы "Жомарт" шахтасында тау сілемінің құлауы салдарынан жеті шахтер қаза тапты. "Қазақмыс" компаниясы бұл апаттың себебі табиғи газдың жарылуынан болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Осылайша, 2010 жылдан 2025 жылдың 17 ақпанына дейінгі кезеңде "Қазақмыс" объектілерінде 64 адам қаза тапты. Мәселен, былтыр парламентте ірі кәсіпорындардың түрлі бұзушылықтар үшін жауапкершілігін күшейту жөнінде жұмыс тобы құрылды.

Тексеру барысында опат және мерт болғандардың статистикасы айтылды. Кейінгі соңғы үш жылда (2022, 2023 және 2024 жылдары) "Қазақмыс" кәсіпорындарында 122 адам түрлі жарақат алған, 6 адам қаза тапқан.

2022 жылы – 27-сі зардап шеккен, 1-еуі қаза тапқан. 

2023 жылы – 50-сі зардап шеккен, 3-еуі қаза тапқан.

2024 жылы – 45-сі зардап шеккен, 2-еуі қаза тапқан.

Мұндай оқиғадардың көбі Ұлытау облысында болған. Мұнда "Қазақмыс" ескі шахталарды қайта өңдеп, пайдалы қазбалардың қалдықтарын шығарып жатыр. Дәл осы Жезқазған маңында 110 адам жарақат алған, 3 адам қаза тапқан.

Белгілі журналист Михаил Козачков әрбір апаттың артында белгілі адамдардың есімі, тегі және лауазымдары тұрғанын айтады. Компанияның иелері Владимир Ким және Эдуард Огай Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің қатарында.

Мысалы, 2021 жылы "Forbes" журналының деректері бойынша Владимир Ким Қазақстандағы ең бай адамдардың алғашқы үштігіне кірген. Ал Эдуард Огай "Қазақмыс Корпорациясының" 30%-на, "Қазақалтын" АҚ 19%-на және "Қаражыра" АҚ 20,1%-на иелік етеді.

 "Алайда, "Қазақмыс" компаниясының иелері Владимир Ким (3,6 миллиард доллар) және Эдуард Огай (800 миллион доллар) мүлдем жауапқа тартылмаған. Олардың табысы мен шығыстары туралы сауалдар туындауы мүмкін. Олар қарапайым жұмысшыларды ескірген шахталарда жарақаттап, өлтіріп табыс табады.

Ал шығындарына келсек, мысалы, өткен жылы "Қазақмыс" компаниясы Airbus ACJ TwoTwenty бизнес-джетін сатып алды. Бұл ұшақ 10 000 шақырымнан астам қашықтықты ұшып өте алады. Яғни Лондоннан Лос-Анджелеске немесе Дубайдан Токиоға қосымша жанармай құймай-ақ жетуге болады. Ұшақтың құны шамамен 80 миллион доллар. "Қазақмыс" компаниясының мәлімдемесіне сәйкес, "әуе кемесін сатып алу компанияның өндірістік қажеттіліктерімен байланысты". Ал Ким мен Огайдың шахтерлері қаза таба бермек", – деп жазды Михаил Козачков.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow