«ҚазАвтоЖол» уәде еткен 40 қуаттау станцияның тек 23-ін ғана қойған» - депутат

Ақпан 20, 2025 - 21:40
Ақпан 20, 2025 - 23:05
«ҚазАвтоЖол» уәде еткен 40 қуаттау станцияның тек 23-ін ғана қойған» - депутат
greenc-ev.com

Мәжілістің жалпы отырысында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының депутатты Наурыз Сайлаубай елдегі электромобильдерге арналған қоғамдық қуаттау станцияларының жетіспей отырғанын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.

Айтуынша, қуаттау станцияларының саны электр көліктерінің минималды қажеттілігін де қамтамасыз ете алмайды екен. Есесіне, аталмыш көлік түріне деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді.

«Халықаралық тәжірибеге сәйкес, электромобильдер мен қоғамдық қуаттау станцияларының оңтайлы арақатынасы 10:1 болуы керек. Ал Қазақстанда қазіргі таңда 43 электромобильге 1-ғана қуаттау станциясы келеді екен. Демек біздің елде көлік қуаттайтын нүктелер қазірдің өзінде өте тапшы болып отыр деген сөз.
Қазір Қазақстанда бар қуаттау станцияларының саны электр көліктерінің минималды қажеттілігін де қамтамасыз ете алмайды екен. «ҚазАвтоЖол» 2024 жылы елімізде 40 жаңа қуаттау станциясын орнататынын мәлімдеген еді. Алайда жыл соңында БАҚ өкілдері жарияланған ақпаратқа сәйкес, республикалық маңызы бар жолдардың бойындағы сервис нысандарында тек 23 станция қойылғаны белгілі болды»,- дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, бұл мәселе өткен 2024 жылы шешімін табуы керек болған.

«Ресми статистика бойынша, 2024 жылғы 1 желтоқсанда электр қуатымен жүретін жеңіл автокөліктер саны 1,6 есеге артып, 7,3 мыңнан 12,1 мың бірлікке жеткен екен. Электромобильдерді сату көлемі бүкіл әлем бойынша алдыңғы қатарға шыға бастады. Еуроодақтың 2035 жылға қарай іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерді сатуға тыйым салу туралы келісімге келуінен кейін жағдай күрт өзгерген»,- дейді депутат.

Осылай деп атап өткен Наурыз Сайлаубай Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. Өз сауалында ол электр көліктеріндегі режимді автопилот жүйесі мен оның құқықтық реттелуі барысында да бірқатар заңдық реттеулер қажет екенін айтады. Депутаттың сөзінше заңды жүйелеп қосымша тармақтар бекіту қажет. 
«Электромобильдер санының артуы – уақыт талабы. Электрлі көліктердің басым көпшілігі автопилоттың режиммен жабдықталған. Олар не бары 3 секунд ішінде өте жоғары жылдамдыққа жете алады. Бұл жол қозғалысының қауіпсіздігіне әсер етуі де мүмкін. Қазірдің өзінде әлемде сатылып жатқан көліктің әр бесіншісі – электромобильдер үлесінде. Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамы бойынша он жылдан кейін сатылатын көліктердің тең жартысы электр қуатымен жүреді екен. Сондықтан көштен қалып қоймаймыз десек, шаруаны бүгіннен бастап ерттеп, уағында бәріне сақадай сай болуымыз қажет»,- дейді ол.

Сондай-ақ депутат Скляр мырзадан мынадай мәселелер бойынша жауап беруін сұраған.

1.    Электромобильдерді зарядтау инфрақұрылымын дамыту, әсіресе республикалық маңызы бар жолдар бойында қуаттау станцияларын салу қаншалықты деңгейде жүзеге аспақ, саны қанша болмақ?
2.    Электромобильдер санының көбеюі электр желілеріне қосымша жүктеме түсіретіні белгілі. Қазіргі таңда еліміздің электр желілері тозған, бұл болашақта апаттық жағдайларларға әкеліп соқпайма? Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
3.    Электромобиль иесі қала ішінде автопилоттық режимді қосып жүруіне құқылы ма және автопилот режимінде болған кезде жол-көлік оқиғасы орын алса, жауапкершілікті кім мойнына алады?
4.    2024 жылғы 1 қаңтардан бастап " Экономикалық қызмет түрлерінің ұлттық классификаторы" тізіміне электромобиль аккумуляторларын қуаттау қызметі енгізілді. Бұл салаға жеке бизнесті тарту көзделген еді. Бұл бағытта қанша шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді?

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow