«Көктемде үйленемін деп жүрген еді»: Кентаудағы жарылыста қаза болған жігіттің жақындары әділдік сұрайды

Қаңтар 14, 2026 - 21:17
Қаңтар 14, 2026 - 21:22
 0  2
«Көктемде үйленемін деп жүрген еді»: Кентаудағы жарылыста қаза болған жігіттің жақындары әділдік сұрайды
Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысы, Кентау қаласындағы қымызханада болған газ жарылысынан тағы бір жастың өмірі қыршыннан қиылды. Денесің 90%-ын күйік шалып, жансақтау бөлімінде жатқан  Бақдәулет Мұса  қаза тапты, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Stan.kz ақпарат агенттігінің хабарлауынша, дәмханада өрт сөндіру құралы болмай, отқа оранған жігіттің денесін қымыз құйып өшірген.

Бақдәулет Мұса – үйіндегі 6 баланың төртіншісі. Шымкенттегі жоғары оқу орнында дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алып жүрген 3-курс студенті еді. Ол апат болған дәмханаға 1 ай бұрын ғана аспаз болып кірген.  Марқұм жарылыста қаза тапқан Дана Сағынғалиқызымен көктемде шаңырақ көтеруді  жоспарлап жүрген екен.

Марқұмның әжесі Қалдыкүл Ахметованың сөзінше, дәрігерлердің Бақдәулеттің жағдайы жақсы дегенінен үміт күтіп, алаңсыз болған.

«Бір жетідей уақыт өтті. Бізге бала жақсы болып қалды деп айтқан соң, оларға сеніп, алаңсыз болдық. Үміт күтіп, беті бері қарады деп қуанып отырған едік. Содан 9 қаңтар күні түнде сағат 11:00-де қаралы хабар келді. Алға қойған мақсаты көп еді. Армандарына жете алмай кетті балам. Жүретін қызымен осы көктем шықса үйленіп бас қосамыз деп еді. Бәрі жақсы болады деп, уайымдамаңыз деп кеткен балам еді. Енді отырысымыз мынау”, – дейді жүрегі қан жылап.

Жақындарының айтуы бойынша, дәмханада ешқандай қауіпсіздік талаптары ескерілмеген, өрт сөндіретін құрал-жабдықтар мүлде болмаған. Бақдәулеттің денесі жанып жатқан кезде ештеңе таппай, қымызбен өшіруге тура келген. Марқұмның ағасы мереке кезінде барлық дәмхана желілері жабық болып, бұл жердің түнгі екіге дейін ашық болғанына күмәнмен қарайды. 

Қазіргі күні бұл іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп, үш адам ауруханада ем қабылдап жатыр. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0