«Күншығыс елінде жұрт қазақтар секілді мазарлардың түбінде жартылай жалаңаш жын-ойнақ жасамайды» - жапонтанушы ғалым

Күншығыс елінде бұрынғы заманда шырақшысынан басқа кісілердің аяқ басуына тиым салынған қасиетті орындар, әйелдер шығуға болмайтын таулар, аралдар болған, әлі де бар. Ал Қазақстанда жартылай жалаңаш жұрт түнде 1980 жылдардың дискотекасын қойып көл жағасында жын-ойнақ жасайды екен.

Шілде 15, 2025 - 15:52
Шілде 15, 2025 - 15:53
«Күншығыс елінде жұрт қазақтар секілді мазарлардың түбінде жартылай жалаңаш жын-ойнақ жасамайды» - жапонтанушы ғалым
Қазақстандағы «елден кету» үрдісінің белең алуына басты не себеп?
(Киелі орындардың бұған қандай қатысы бар?)
«Елден кету» деген үрдіс Қазақстан тәуелсіздік алған 1990 жылдардың бас кезінде басталған. Одан бұрын да 1980 жылдары амалын тауып Батысқа қоныс аударғандар болған. «Қазақстанда тұрған басқа ұлт өкілдері емес қазақтардың, әсіресе кейінгі жылдарда жастардың шетелге кетуіне басты себеп не?» деген сұраққа қатысты Есік қорғанынан табылған Алтын адам жазуын зерттеген физик ғалым, анам Мағрипа Шөжеғұлқызының ұлағаты негізінде, өз көргендерімді мысал ете отырып, пікіріммен бөліссем деймін.
Қазақ интернетін ашсаңыз, қаншама сұңғыла, шешендердің отырғанын көресіз. Мен сіздерге ақыл айтады деп ойлап қалмаңыздар. Әлемде қазақтан өткен ақылды халық жоқ. Менікі – анамның маған берген ұлағатын негіз ете отырып, көргендерім мен көңілге түйгендеріммен бөлісу ғана. Қазақстанда басқа мемлекеттерде жоқ байлық, басқа елде жоқ құндылықтың барлығы бар. Бірақ ел ішінде проблема көп. Қазақтар неге өз елінен безіп (мейлі оралар біраз жылдан соң, мейлі қайтып келмес) шетелге кеткісі келеді?
«Өйткені шет елде ақша көп» дейсіз бе? Жоқ, олай емес. Капиталистік елдерден гөрі Қазақстанда күн көру әлдеқайда жеңіл. Қазақстанда бизнесмен болу да қиын емес, кәсіпкерлік қабілеті бар кісіге. «Қазақтар шет елге неге кеткісі келеді?» деген сұраққа қатысты жиі естілетін жауап: «Шет елде жұмыс істеймін деген адамға барлық жағдай бар, ал Қазақстанда олай емес». Сыртқа шығып жұмыс істеген адам «Шет елде бәрі керемет» деп айтпайды. Өйткені, ақша табуға мүмкіндік көп болса да шет елде тіршілік ету оңай емес.
Территориясы бойынша да, қазба байлығы тұрғысынан да әлемдегі алдыңғы он елдің тізімінде тұрған Қазақстанда жастардың «елден кету» үрдісі белең алуына басты не себеп? Оларды дамыған капиталистік елдерде не қызықтырады? Сіздер бұған жауап ретінде материалдық жағдайды алға тосасыздар. Мен бұнымен келіспеймін. Қарапайым мысал. Қазақстанда табиғи 1 килограмм помидорды 300 теңгеге алып салат жасап, бірнеше кісі жеуге болады. Ал капиталистік елде 300 теңгеге удобрениеге еккен помидордың 1 талын әрең алуыңыз мүмкін. Жесеңіз дәм-татуы жоқ. (Азық-түліктің басқа түріне қатысты да осындай әңгіме). Қазір турасын айтқанда, табиғи жеміс-жидек, көкөніс, таза мал еті, қысқасы қоректілігін сақтаған сапалы азық-түлік бұрынғы Совет елдері, яғни Орта Азия мемлекеттері, Ресей, Кавказ елдерінде ғана бар. Талай елді аралап көріп, дәмін татқан соң айтып отырмын.
Анам Мағрипа Шөжеғұлқызы «Астың құт-берекесі – үлкен құрлықта, әсіресе киелі қазақ жерінде» дейтін. «Әр нәрсенің құты, киесі болады, соны сақтау керек, киелісін қастерлемеген ел азады» деуші еді.
Қазақстанда киелі нысандар өте көп. Олардың тізімі де жасалып, туристік объект ретінде пайдаланып та жатыр. Жалпы «Бұрынғы замандағы ұлы тұлғалардың атымен байланысты тарихи орындар неге керек?» деп сұрақ қойсаңыз, «Туристер барады, шет елдіктерден ақша түседі» деген жауап естисіз. Анам Мағрипа Шөжеғұлқызы мені Кеген, Нарынқол өңірлеріне тоғыз жыл үздіксіз ертіп апарған еді, Алтын адамды зерттеп жүрген кезінде. 2001 мен 2009 жылдардың арасында (ол кезде студент едім) жыл сайын жазда, кей жылдары жылына бірнеше рет осы аймақтың тау-тасын анам аралайтын. Бірде Саты ауылында «Көлсай көлдерінің» басшысы анаммен ұзақ әңгімелесті. Ұлтты сақтап қалу, ел болашағы туралы. «Апай, мен сізге бір жайтты айтайын. Өткенде осында Кавказдан келді демалуға. Әңгіме аңшылық туралы. Сол кавказдықтың айтқаны: «Шет елдік келіп 100 доллар берсе бұл қазақ қатынын сатуға дайын» деген еді «Көлсай көлдерінің» бастығы.
Ақша көзге көрінетін құндылық болса, көзге көрінбейтін құндылықтар бар емес пе? «Елден кеткендердің» санатына кірушінің бірі ретінде, көргенімді айтсам: Жапонияда киелі нысандар ешқашан туристерден ақша табатын орын ретінде дәріптелген емес. «Киелі орын» деген ұғымның өзі оның не үшін қажет екенін айтып тұр емес пе? Күншығыс елінде бұрынғы заманда шырақшысынан басқа кісілердің аяқ басуына тиым салынған қасиетті орындар, әйелдер шығуға болмайтын таулар, аралдар болған, әлі де бар. Бұл елде шет елдіктерге кіруге болмайтын ресторан да бар.
Мағрипа Шөжеғұлқызы тарихта болған оқиғалардың қайталанатынын және кез-келген оқиғаның кеңістікте жазылып қалатынын ғалымдардың дәлелдегені туралы айтып еді. Бұл жайында кезінде ғылыми журналдарға да жазылыпты. «Әркімнің істеген ісі ғана емес, ойлаған ойы да кеңістікке белгілі. Кісіден жасырғаныңды Құдай көреді. Өмірде ұтыс деген жоқ. Бұл физиканың заңы. Біреуді біреу тақырға отырғызып кетті ме, сол сәт ол «мен өмірде ұттым» дейді, шын мәнінде оны зор ұтылыс күтіп тұр. Құдай ешкімнің есесін ешкімге жібермейді. Өйткені Құдайдың құрығы ұзын. Қазақтың мақал-мәтелдерінде тұр ғой даналықтың бәрі. Қазіргі профессор-докторлардың мың бет мылжыңнама диссертациясынан қазақтың бір мақалы артық», - дейтін.
Сонымен, көптеген қазақ жастары неге Қазақстанда емес шет елде тұрғысы келеді? Карьералық, материалдық, әлеуметтік себептердің бәрінің басын қосып қысқаша айтсақ: олар шет елде өзін кісі сезінеді. Ал қазақ ұлтының өкілдері Қазақстанда неге өзін толыққанды адам ретінде сезіне алмайды? Менің пікірім: Өйткені, Қазақстанда қазақтардың өз Отанына деген көзқарасы дұрыс емес. Ал оның себебі неде десек, көптеген проблемалардың төркіні қазақтардың республикадағы киелі орындарға көзқарасы дұрыс еместігінде. Жалпы үкіметтің қасиетті орындар туралы түсінігі, халықтың оған қарым-қатынасының дұрыс болмауы әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды көбейтуде.
Анам айтушы еді: «Жарнама деген ақыл-ойы құлдыраған ортаның айналысатын ісі. Долларды дәріптеген елдің болашағы жоқ» деп. Жапондар мысалы, киелі орындарын да, әдебиетін де, ештеңесін жарнамаламайды. Оны көрсек, білсек деп ұмтылатын шет елдің өзі. Мен жапонның атақты тұлғаларының да қарапайым тұрғындарының да үйіне қонып, нағыз жапон тұрмысын көрген жан ретінде айтарым, үйіңізде әжеңізден қалған ескі сырмақ болса тастамаңыз. Қаншама жапонның үйінде болдым, көпшілігі байырғы ата-бабасынан қалған дүниесін сақтап отыр. Мен анаммен Алматы қаласында тұрдым. Анам Шөжеғұл атамыздың бәйбішесі Гүлжамал апамыздың (анамның анасы) өзі жасаған текемет, киіздерін таза күйінде күтіп ұстайтын. Баланың аяғынан суық өтпейді деп, пәтердің ішіне төсеп қоятын. Басқа балалар современный паласта отырғанда, мен апамыздың темекетінің үстінде өстім. Қыстың күні есіктің алдына шығарып қарға тазалап алатынбыз. Жапон орталығында жапон тілін оқып жүргенде үйде осы текеметтің үстінде отырып иероглифтерді жаттадым. Акутагава Рюноскэ, Кикучи Кан, Дадзай Осаму сияқты отыздан астам жазушының әңгімелерін Шөжеғұл атамыз бен Гүлжамал апамыздан қалған темекеттің үстінде отырып аудардым. Әлі күнге дейін пайдаланар едік, әттең Алматының ауасы автомобильдің көптігінен жылдам ластанған соң текеметтер де лас ауаға шыдамай бүліне бастады. Ең соңғы киізді 2017 жылы жазда шығарып тастадық.
Менің бала кезімде текеметтің үстінде апамның көрпесін төсеп отырғанымды көрген кейбір кісілер «Артта қалған семья» деп айтқан еді. Кейін сол туралы жапон газетіне «Апамның текеметі» деген эссе жазып жарияладым. Көптеген жапон азаматтарынан ықыласқа толы хаттар алдым.
Иә, Қазақстандағы проблемалардың барлығының түп негізі тұрғындардың киелі нысандарға деген көзқарасының дұрыс болмауынан.
2023 жылы Ұлытаудың Мәдени мұраны сақтау орталығының шақыруымен осы аймақты бір апта аралаған едім. Алашахан мавзолейіне барғанда жергілікті өлкетанушының айтқаны: «Ұлытауға чиновниктер, бай-бағландар келеді негізінен. Ана жылы осында бір топ қыз-келіншек келген. Кеткен соң мавзолейдің ішіне кірсем, бір әйел былғаныш ішкиімін тастап кетіпті. Бізде осындай да оқиғалар болады».
Ұлытаудың Сапар орталығына қонғанымда бір күні түн ішінде дәлізден шу естілді. Біреуді біреу қуалап, күліп, таңға дейін шулады. Таңертең мені қабылдаған қорық басшысы өте мәдениетті жігіт, «Түнде біреулер шулады ғой, мазаңызды алмады ма?» деп сұрады. Ол түні бойы шулап шыққандар Ұлытауға арнайы келген депутаттар екенін айтты. Ұлытау облыстық әкімдігі мен Мәдени мұраны қорғау мекемесі, Қорық ұжымы менің тарихи орындарды түгел аралап жапон газетіне қазақ тарихын танытатын мақала жазуыма жағдай жасаған соң еріккен депутаттар үшін көңілдеріне қаяу түсіргім келмеді. «Бәрі жақсы, ештеңе естімедім» деп қойдым. Депутат тұрмақ, жас студент болса да Ұлытау сияқты киелі орында көңіл көтеруі кешірімсіз әрекет еді.
2022 жылы Баянауылды көру бұйырды. Жасыбай көлінің жағасында қорым бар екен. Ал жұрт қаншама жылдан бері (Сонау Совет кезінен бері) жыл сайын жазда осы көлдің жағасында демалады екен. Өз көргенімді айтсам –жартылай жалаңаш жұрт түнде 1980 жылдардың дискотекасын қойып көл жағасында жын-ойнақ жасайды екен. Мазарлардың түбінде ойнап-күліп, билеп, таңға дейін тыныштық жоқ. Бұл дискотека кешке таман гармон тартып орыстың әнін айтумен басталады екен.
Қорытынды: Қазақстанда Жапония сияқты Шығыс елдерінің Мәдени мұраны, тарихи нысандарды сақтау тәжірибесін негізге алып, киелі нысандарды қорғауға қатысты заң қабылдап, бұндай объектілерге көпшіліктің баруына қатысты қатаң пункттерді қамтитын ережелер енгізу керек.
Туған жердің қасиетін сақтаса жастар елден кетпейді.
Мен Жапонияның шығармалары миллиондаған тиражбен тарайтын атақты жазушысының үйінде қонақ болдым. Жиһаздары, тұтынған заттары – 100, 150 жыл бұрынғы ата-бабасынан жеткен мұра, үйі бір сөзбен айтсақ – музей! Сол жазушының жаңа зат алуға ақшасы жоқ дейсіз бе? Атасының етігіне дейін залға қойып қойған. Маған атамнан қалған көз еді деп бір жанан сыйлады. «Ешкімге берме!» деп ескертті. Көне дүниесін көзінің қарашығындай сақтайтын жапон елін құрметтей отырып, өнегесін үлгі тұтқан артық емес деп ойлаймын.
Жаратылыстанушы ғалым Мағрипа Жылқыбаева Сақ қорғандары, жалпы киелі нысандарды сақтауға қатысты ғылыми негіздерді «Алтын адамның аманаты», «Алтын адамның мұрасы», «Құпия күштер құдіреті» кітаптарында жазып көрсеткен.
Жапонтанушы ғалым Шарафат Жылқыбаеваның фейсбук парақшасынан
 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow