«Мағауин қазақтан емес, өзің сияқты екіжүзді сайтандардан бас тартты»: желі қолданушылары Мұхамеджан Тазабековті сойып жатыр
Мұхамеджан Тазабековтің «Мағауин бізге талақ айтып, қайырылмай кетті» деген деген сарындағы жазбасы желі бетінде қарсылық тудырып жатыр. Желі қолданушыларының жазуынша, Мұхамеджан халық жазушысының атын пайдаланып, хайп жасап, кезекті діни уағызын тықпалап отыр, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.
Пікір білдірушілердің көбі Мұхамеджанның әсіре діншілдігін бетке басып, халық жазушысы Мағауиннің шектен шыққан діншілдіктен аулақ болу керек деген ұстанымын көлденең тартқан. Тағы біразы Мағауиннің қазақ емес, Мұхаммеджан Тазабек секілді дінкештерден безгенін айтады.
«Мұхаммеджан Тазабек, Мағауин атамыз қазақтан емес, сіз сияқты екіжүзді сайтандардан бас тартты. Биліктің сілімтігі боп жүрген діндарлар қаптап жатқасын, елден кетті. Өйткені, дін қуған елдің азып-тозатыны белгілі еді», «Дінді орынымен пайдалансаң ем, орынсыз пайдалансаң апиын деп ашық айтты. Сақалдарың сапсиып дінді афинға айналдырып жүрген сендер.
Сирияғада адам сатқан сендер. Қазақтың қара домбырасы арқылы таныла жүріп сол ұлттық аспапты ширик деп жүрген де сендер. Талақ айтып қатын тастап жүрген де сендер. Ел ішіне іріткі салатын салафит те сендер», «Эй, салафит, өзіңе қарасаңшы, жұртты алдап жүрген», - деп пікір жазған әлеуметтік желі оқырмандары.
Пікір білдірушілердің арасында белгілі тұлғалар да бар. Мәселен, ақын Ақберен Елгезек Тазабековтің жазбасының бұлынғыр, мақсаты түсініксіз екенін айтқан.
«Мұхамеджан Тазабековтің айтар ойы бұлынғыр, мақсаты түсініксіз кешегі постын мен де оқыдым. Мағауин қазаққа ренжіп кетті, қазақты Мағауин “талақ” етіп кетті деген әңгіме тисе терекке, тимесе фейсбукке болған мүлде жөнсіз сөз.
Неге кетті деген сұраққа - қарапайым жауап. Мағауиннің алдында ұлы мақсат тұрды, оны ол орындау керек болған, семіз нүкте. Егер ол елде қалып, бітпейтін шаралар, тойлар, өлім-жітім, астар, дау-шарлар, қонаққа бару, биліктің қолқалауымен амалсыз бірдеңелерді жазу сияқты қыртқан тірліктен көз ашпайтын еді. Әрі денсаулығы тез нашарлап, тіпті қажитын еді. Олай болса, қазір 4 том “Шыңғысхан” да жоқ, “Жармақ” та жоқ, “Алтын орда” да жоқ, бірнеше том әртүрлі әңгімелер, естеліктер т.б. енді ұлттың қазынасы боп қалған еңбектер де қазақтың сөресінде тұрмаушы еді.
Мағауин - елден Қазақ үшін кетті, қазақтың шашылып жатқан тарихын жүйелеп беруге кетті. Біреуден бірдеңе сұрады ма, мемлекетке осыны істеп жатырмын деп міндетсіді ме?! Жоқ!
Талай қазақ не істерін білмей, ақшасын қайда шашарын білмей біресе елден кетіп, біресе қайтып кеп, бұлталақтап жүргенде, Мағауин далиып жағажадайда жатқан жоқ, керісінше ешкімді танымайтын елде тас үйге кіріп алып, талмай жұмыс істеді», - деп атап өткен ол өз жазбасында.
Сол секілді қоғам белсендісі, кәсіпкер Ахмет Нұрсила да Мұхамеджанның бұл тірлігін жазушы өлімін өз насихатына пайдалану екенін айтқан.
«Сары маса» болып ызыңдаған Алаш ардақтыларының ізімен жүрген абыз өмірден қайтқанда дінге санасы уланған, тіл мен жағына сүйенген діңкеш бауырлар бір уыс улы топырақтарын шашып жатыр. «Ақсақал, әже деп қарамай, жамбасын сындырыңдар» деп полицайларға кеңес бергіш Мұхаметжан Тазабек деген белгілі салафит Мұқаңның қазасын да өз пиғылын насихаттауға тырысып бағып, пост жазыпты. Оны парламен депутаттарынан бастап қолдап, лайк қойып, қырғын адам бөлісіп те жатыр екен» деп атап өткен ол жазушының өлімінің өзі – қазақты ояту екенін жазған.
«Мұхтар абыздың өмірден өтуінің өзі Қазақты оятуға жасалған соңғы амалы сияқты көрінеді.
Парасатты көшбасшы халықтың бағы, парасатсыз басшы халықтың соры екенін анық. Мұхтар ағаның өмір бойы талмай іздегені, жазғаны Қазақтың ежелгі тегінен, қанынан парасат іздеу, қазіргі ұрпақтың бойына сол парасатты сіңіру еді. Қазіргі жаһанданхан заманда халықтың өзі парасатты болып, билікті қолына алу үшін жұмған жұдырықтай берекеде болуын аңсады, соған қызмет етті», - дейді кәсіпкер.
Ал белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы да Мұхамеджанның Қаңтар қырғыны кезінде елден қашып кеткенін астарлап жеткізгенін де байқадық.
«Өздерінің елден қашқанын «Мағауинша кеттік» деп бүркемелегісі келе ме, қалай?! Ақылды, ә...», десе келесі бір жазбасында
«Мағауин елге үш рет талақ айтты" деген Мұхамеджан туған жерінде құндақталған ұлт ақсақалы, абайтанушы іргелі ғалым Мекемтас аға туралы ләм демеді ғой?! Әлде бір сыры бар ма еді...», - деп түйреп өткен.
Мағауинді тірідей жерлеу
Ардагер журналист Әбдірашит Бәкірұлы Мұхамеджанның бұл сөзін - жала жабу екені атап өткен. Айтуынша, Мұхтар ағамыз қайта тіріліп келсе – мына сөз үшін ешкімді аямас еді.
«Бұл енді, М.Мағауинге жапқан жала десе болады. Бұлай дер болсақ, онда «Мағауин жастау кезінде жастықтың әсерімен қазақты сүйді. Кейін ақылы толысқан соң, өз ұлтынан бас тартты ұлтынан жиіркенді» деген өте ауыр айыптау сөзге жол ашады екенбіз. Әрі, Мағауиннің оған барған себебі – «өзінің әлем ойшылы екенін сезіп қалғанынан басталады» депті... Бұл дегеніміз Мағауинді тірідей жерлеу ғой ол кісі соншалықты даңқұмар не даңғой емес еді. Негізі, өмірде тек «өз шындығын» ғана білетін адамдар атақ даңқа құмар келеді...
Кезінде Бельгер ағамызды Алмания өзіне шақырған екен. Ол сонда «Мен ол жақта кіммін – белгісіз. Ал, мен Қазақстанда «Бельгермін» деп бас тартқан екен. Мұнда да сол сияқты Мұхтар абызымызды ешкім де «Болды, сен енді әлемдік абызға айналдың, Қазақ Елің енді сенің тақияңа тар» деп қолынан шетке жетектеп әкеткен жоқ. Баласымен бірге тұруды қалады ол... Адам ретінде әкелік инстинкттен асқан жоқ.
Тіптен, «әлемдік ой деңгейіне жеттім» деп өз елін тастай қашатын адамды абыз деуге келмес. Мәселен, Л.Толстой өмір бойы өз деревнясында қалды, Ш.Айтматов та Қырғызстанына келіп, өмірден кетті, Мұқағали ақын қол жете бермейтін Мәскеудегі оқуын тастай «қашып», өз жеріне келіп алды, Кант – Кингсбергтен шыққан жоқ, Гегель – Германияда, Бальзак – Францияда қалды... Мұндай мысалдар аз ба?
Елге талақ айтуға есті қазақтың дәті бармас... Ел – талақ айтатын қатының емес. Бұлай деп ойлайтын болсақ, онда өзіміздің әйгілі Абайымыз өз еліне «мың талақ» айтып еді деген абсурдқа да жетеміз...
Қазақтың әрбір данасы «жоқтаусыз» қалмауы керек – халық осы құрметін көрсетуде. Жалпы, жарамсақтану – қазаққа жат мінез», - деп атап өткен ардагер журналист.
Сіздің реакцияңыз қандай?