РФММ оқушылары арасында ішек инфекциясымен ауруханаға түскендер саны артты
Қазіргі уақытта ауруханаға жатқызылған балалардың жағдайы тұрақты, динамикада нашарлау байқалмайды.
15 қазандағы мәлімет бойынша, Алматыдағы РФММ филиалынан ауруханаға жатқызылған оқушылар саны 55-ке жетті. Бұл туралы sadaq.kz қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 12 қазан мен 15 қазан аралығында Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) 55 оқушысы жедел ішек инфекциясы белгілерімен қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылғанын хабарлады.
"Барлық балаға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Оларды емдеу үшін қажетті жағдай жасалған, пациенттер медицина мамандарының тұрақты бақылауында", - деді басқармадағылар.
Қазіргі уақытта ауруханаға жатқызылған балалардың жағдайы тұрақты, динамикада нашарлау байқалмайды. Сондай-ақ реанимациялық шараларды қажет ететін жағдайлар жоқ.