«Шенеуніктер дәурені өткен шетелдік әншілер шақыру арқылы қазақтың қазынасын тонап отыр» — Санжар Керімбай

Даңғаза жылдар әлі бітпеген. Қартайып, барар жер басар тауы қалмағандардың соңғы келетін елі — Қазақстан екен...
Енді Дженифер Лопес келмек...
2008 жылы Астана қаласының 10 жылдығы тойланғанда қазақ мәдениетінің үні өшкендей болды. Шенеуніктер сахнадағы жұлдыздық сәттері 1990 жылдары өтіп кеткен америкалық әнші Уитни Хьюстонды шақырған. Бұл әнші 2005 жылы ғана нашаға байланып қалып, емханадан ем алып шыққан еді.
Соған қарамастан 2008 жылы мәңгүрт шенеуніктер оны Астананың төрінде шырқатты. Ішімдік пен есірткіден сол күйі есін жия алмаған Хьюстон 2012 жылы ақ өлімге жете алмай, абыройсыз жағдайда дүниеден озды. Қазақтың маңдай алды әншілері оған төленген гонорардың көлемін өңі түгілі түсінде де көрмеді. Ол Radisson Hotel Astana қонақ үйінде түскенде бөлмесінің бір күндік ақысы 4 мың доллар болатын. Үкімет үйінің бір бөлмесін босатып, Хьюстонға бола арнайы гриммер бөлмесін жасақтаған. Астанада жүріп тұруға арнайы лимузин бөліп, профессионал күзетшілерді қасына қосып қойды. Көлігі қала ішінде кедергісіз жүру үшін полиция көлігі ілесіп жүрді. Оның концертіне Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Алпысқызы және Үкіметтің бүкіл жандайшабы бота-тайлақ, бау-шарбағымен шұбырып барып, даусының ажары қашқан танымал әншінің өнерін тамашалады.
Бұлардың қаншалықты маргиналданып, өз ұлтының мәдени жауһарларынан қаншалықты жырақ кеткенін осылай салыстыру арқылы білуге болады. Мысалы, Еркін Шүкіман, Алмас Алмат, Сержан Шәкірат, Берік Саймағанбет , Рамазан Стамғазиев, Қайрат Байбосынов сияқты дәстүрлі өнердің майталман әнші, жыршы, күйшілері осылай өнер көрсетсе саяси элитаның неше пайызы қатысуы мүмкін?
2008 жылғы Астана күніне Уитни Хьюстоннан бөлек, 66 жастағы британ әншісі Пол Маккартни келді. Өзіңіз білетіндей ол дәурені 1960-70 жылдары дүрілдеген атақты «Beatles» тобының экспонатқа айналған әншісі болатын. Бұл кезде Мәдениет министрі Ермұхамбет Ертісбаев еді. 2009 жылдан бастап Мұхтар Құл-Мұхаммедтің дәуірі басталды.
2009 жылы Астананың 11 жылдығын тойлағанда 67 жасар испандық опера әншісі Пласидо Домингоны шақырды Пласидоның тұрақты гонорары — 300 мың доллар екен Енді оны алдыру, жатқызу, ішкізіп-жегізу шығындарын қоссаңыз еңбекақысы жарты миллионға жуықтауы мүмкін. Пласидодан бөлек аргентиналық опера әншісі Вирджина Тола, америкалық дирижер Юджин Кон, Канада әншісі Лара Фабиан, ресейлік әнші Игорь Крутой, Лайма Вайкуле келді. Игорь Крутой мен Лайма Вайкуле бұл кезде 55 жасқа келген еді. Игорь Крутойдың тұрақты гонорары — 75 мың доллар, Лайма Вайкуле — 55 мың доллардан төмен сомаға келмейді, Ал Лара Фабианның сахнадан бір жылт еткені — 150 мың долларға түседі.
Дәл осы кезеңде қазақтың маңдай алды дәстүрлі әншілері мұндай сахнаны түсінде көретін. Бағы жанып, бір-екеуі үкіметтік концертке шыға қалса, 1000 доллардың маңайында ғана жалақы алатын. Таланты тасып тұрса да атағы жетіспегендері ағайынның той-томалағында 50-60 мың теңгеге өнер көрсетуге мәжбүр болды. Бұдан төмендері шілдехана, қоныс той, құдалық сияқты ұсақ-түйек жиындарда ән салып, 20-30 мың теңгені қанағат тұтты. Өнеріне шешендік серік болғандары тойда асаба болып, ризығын сәл-пәл арттырды.
Олар кейде осы нығметінен де айрылып қалатын еді. Домбырасын арқалап, басқа қалаға ұшқанда Қазақстанның әуе компаниялары домбыраны ұшақтың салонына кіргізбейді. Оны «Багажға өткіз», деп талап коятын. Олар амалсыз талапқа көнеді. Бірақ домбыра багаж бөлімінен қираған күйінде йесіне оралатын. Тәуелсіз отыз жыл өтсе де, Үкімет пен Министрлік домбыраны қорғайтын тиімді қаулы шығара алмады. Ұшқан сайын домбырасы қираған әншілер барар жер, басар тау таппай, бүкіл мұң-мұқтажын элеуметтік желіге ғана жазады.
2010 жылы Астананың 12 жылдығы тойланды. Оған италияның опера әншісі 52 жастағы Андреа Бочелли келді. Бочеллидің гонорары — 200 мың доллар. Одан бөлек джаз аншілері Николь және Кимберли Дэвистер келді. Ресейден опера аншісі Дмитрий Хворостовский, Игорь Крутой, Сергей Лазарев, пианист Сергей Мацуев шақырылды. Жасы 56-ға келген эстрада аншісі Александр Серов те Астана төрінде ән шырқады. Сергей Безруков «Хулиган» деп аталатын спектаклін қою үшін Астанаға труппасымен шұбырып келді. Америкадан Ни-Йо, Румыниядан «Morandi» тобы келді.
Ұлттық намыстан жұрдай болған шенеуніктердің мәдени салаға қосымша берген соққысын мына фактіге қарап та болжай беріңіз. Дәл сол жылдары Мәдениет министрлігінде күндіз-түні шапқылайтын мемлекеттік қызметкердің жалақысы 35-70 мың теңгенің арасында болған. Олардың көбі Астанада жеке пәтер жалдай алмай, бірнеше отбасы бір пәтердің ішінде бірігіп тұруға мәжбүр еді. Жеке отбасылық өмір деген көзден бұлбұл ұшты. Оларды пәтермен камтитын қыруар қаржы, дәурені өтіп кеткен шетелдік әншілердің есепшотына аударылып жатты.
2011 жылы Астананың 13 жылдығын тойлағанда 51 жасар британ әншісі Сара Брайтман келді. Онымен бірге ресейлік әншілер Игорь Крутой, Тимати, канадалық Лара Фабиан, әнші Arash, британ әншісі Jay Sean келді. Агаѕh-тың гонорары — 50 мың доллар, ал Тимати — 25 мың доллар. Бұл мерейтойға ресейлік «Градусы» және украиналык «Quest Pistols» топтары да келді.
Осы нүктеде адамсүйгіштік қасиеті сұмдық дамып кеткен біреу тұрып: «Өнерпаздар шетелден келсе не бопты? Мәдениетте шекара жоқ. Музыка — жалпыадамзаттық құндылық. Қазақтар да әлемдік брендті тыңдап, деңгейін өсірсе не бопты? Пласидо, Бочелли, Сара Брайтман деген әншілер әлемдік деңгейдегі жұлдыздар. Олардың Қазақстан сахнасында өлең айтуының өзі үлкен абырой»,- десе, не деп жауап беруге болады?
Енді объективті жауапты тыңдаңыз. Олардың билетінің алды — 150 мың теңге (ол кезде 1000 доллар шамасында), соңы 30 мың теңге (200 доллар) болатын. Қарапайым адам тұрмақ орта класты құрайтын көзі ашық қазақтың өзі мұндай концертке бара алмайтын. Бір билеттің құны оның бір айлық жалақысы болатын. Сондықтан шетелдік жұлдыздардың өнерін ат төбеліндей маргиналдар ғана тамашалай алады.
Тіпті осы концертке қатысқан модерн шонжарлар, олардың өнерінен қандай да бір эстетикалық ләззат алғаны күмәнді. Бұл даңқ пен даңғазаның құрбаны болған қарабайыр шенеуніктен құралған кәдімгі тобыр болатын. Ал мемлекеттік мерекені ұлттық нақышта тойлағанды ұнататын бұқара халық, олардың өнерін залда отырып тамашаласа да құлағының құрышы қанып, кеудесін мақтаныш сезім кернемейтін. Даңқ пен даңғазанын астарында мемлекеттің ақшасын ұрлау деген бір ғана мотивация жататын.
Құрметті оқырман, сізді осы жерде сабырға шақырамыз. Себебі жоғарыда баяндалған деректерде сәл де болсын нағыз өнердің иісі шығатын. Мәдениет саласының надан- данғаны сонша 2012 жылдан бастап бұл талғамға да зар боп қалдық. Енді ешқандай салмағы жоқ өнерін сыңғыр лаған таза табиғи дауысымен көрсете алмайтын, онын орнын эстраданың халтурасымен жабуға тырысатын эстрада жұлдыздары басты.
Дәл осы жылы Мәдениет министрі болып Мұхтар Құл- Мұхаммедтің орнына Дархан Мыңбай тағайындалып еді. Басшының талғамына қарай Астанаға келетін жұлдыздар- дың да сапасы өзгерді.
2012 жылы Астананың 14 жылдығын өткізгенде Келли Роуленд деген америкалық әншіні шақырды. Оның гонорары — 150 мың доллар. Ресейден Нюша, Тимати, GeeGun, Иван Дорн, «Серебро» тобы және молдовалық әнші Dan Balan шақырылды.
2013 жылы Астананың 15 жылдығын өткізгенде америкалық поп әнші Николь Шерзингерді шақырды. Оның гонорары — 350 мың доллар. 1990 мен 2000 жылдары дәурені өтіп кеткен Дима Билан, Анна Семенович, Митя Фомин, Ирина Дубцова, Сати Казанова, Стас Костюшкин, Юля Савичева, Виктория Дайнеко, Александр Ревва және «Глюкоза»,«Банд’Эрос», «Пицца», «Фабрика», Джиган, «M-BAND», Бьянка», <«Дискотека Авария», «Градусы», SWANKY TUNES сынды ресейлік әншілер мен топтар келді. Даниядан Томас Nevergreen, Украинадан Доминик Джокер сынды әншілер шұбырды.
2014 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлы министр болып тағайындалды. Министрдің талғамына қарай келуші қонақтардың саны мен сапасы тағы да өзгеріп шыға келді. Оны төмендегі тізімге қарап, өзіңіз пайымдай беріңіз.
2014 жылы Астана қаласының 16 жылдығында америкалық рэпер Аkоn-ды (Эйкон) шакырды. Оның гонорары — 200 мың доллар. Ресейден Полина Гагарина, «Пицца» тобы, британдық «Blue» тобы келген.
2015 жылы Астананың 17 жылдығын тойлағанда ресейлік «Сплин», «Уматурман» рок топтары келіп өнер көрсетті.
2016 жылы Астананың 18 жылдық мерейтойына америкалық «Broadway band» музыкалық тобы келді.
Бұл жолы шетелден мәнерлеп сырғанаушыларды шақырып, «Снежный король» қойылымын қойды. Жана министр ескі нөмірлерден шаршаса керек-ті, креативтің көкесін ойлап келді. Ол енді аншілерге спортшыларды қосып шақыратын «өнер» ойлап тапты. Бәлкім, екі министрлік біріккеннен болар (Бұл кезде Мәдениет және спорт министрлігі деп аталатын).
Қойылымды қоюға Ресейден Евгений Плющенко, Ирина Слуцкая, Дмитрий Суханов, Чехиядан Томаш Вернер, Франциядан Бриан Жубер, Англиядан Фиона Залдуз, Украинадан Сергей Якименко, Ирина Усенко сияқты мәнерлеп сырғанаушыларды тартты.
2017 жылы Астана қаласының 19 жылдығын тойлағанда «Щелкунчик» қойылымын қойды. Оған Ресейден тағы да Евгений Плющенко, Ирина Слуцкая, Никита Михайлов, Анастасия Мартюшева, Нодар Майсурадзе, Канадан Эмануэль Сандю сынды спортшылар келді.
Мұншама шұбырған спортшыларды әншілермен ымдастырып-жымдастырып, мұзайдын сахнасында жарқыратып көрсету үш-төрт күннің шаруасы емес. Олардың жабылып бір нөмір қоюының өзі қыруар қаржы мен есепсіз шығынды кажет етеді.
«Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» деген сөз рас екен. Қазақ халқының көруге тиіс тағы бір шектен шыққан даңғазасы бар екен. Қотыр атқа соқыр ат ілесіп алып, дәл сол жылы италиялық «Ла Скала» опера театрының 260 хор труппасы тура бір нағашы атасының үйіне келгендей Астанаға тугел ұшып келді. Мұндай ас та төк рақат өмірді олар Италияда да көрмеген шығар.
Бірақ бұлардың өзі түк болмай қалды. «Бір апам бір апамнан өткен сорақы» демекші, сайқымазақтықпен даңқы шыққан, ресейлік «Comedy Club» әзіл-шоу тобы- ның тілі мен жағына сүйенген жылмақай жігіттерін жинап алды. Канададан «Цирк дю Солей» циркін бүкіл ұжымымен алдырды. Әуелде жасөспірім балаларды таңғалдырып, тамсандыру үшін арналған осы бір өнердің жеңілтектеу түріне Қазақстан Республикасының саяси элитасы баладан бетер маз болды.
Той мұнымен тоқтамады. Біздің инфантилист шенеуніктердің құмары қанбаған екен. Олар бейне бір соғыс кезінде ойынға құмары қанбай қалған кембағал ұрпақ құсап, жар- тылай өнерімен, жартылай жарнаманың күшімен жұлдыз атанған ортаңқол өнерпаздың бәрін Астанаға алдыра берді.
Америкалык Limp Bizkit рок группасы, италиялық 58 жа- сар Эрос Рамазотти, тайван әншісі Терри Лин, ағылшындық Софи Элис Бекстор, ресейлік Кристина Орбакайте, Полина Гагарина, Егор Крид, Тимати, «МОТ», «L’One», «Кристина Ѕі»,«Би-2» и «Мумий Тролль» топтары терді бермес, құрметті қонаққа айналды.
Егер әкесінен қалған ақша болса, тойына кімді шақырса да өзі біледі. Бірақ мемлекеттік мерекеге Ұлттық қордың ақшасын шашып, азғантай топтың көңілін көтеру кәдімгідей кылмыс.
2018 жылы Астана қаласының 20 жылдығына америкалық опера әншісі Энджел Блуді шақырды. Корейлік «Boyfriend» тобы келді. Және голливуд жұлдызы Стивен Сигалды шақырды. Ресейден 1980 жылы құрылған «Форвард» тобы мен 1989 жылы құрылған «На-на» тобы келді. Одан бөлек «Кгес», «Карандаш», «Пицца» сияқты ресейлік топтар да болды.
Қазақ мәдениеттің басына сор боп жабысқан осы «Астана күні» қазақ халқын артық-кемі жоқ дәл 10 жыл діңкелетті. Бұл күнгі мал шашудың тағы бір астарлы себебі бар еді. Шілденің 6 жұлдызына бекітілген бұл мереке Н.Назарбаевтың туған күніне «кездейсоқ» дәл келгені қосымша соққы болды. Патшаның туған күнін лайықты атап өту деген ортағасырлық түсінік қазақ мәдениетінің түбіне жетуге сәл-ақ қалды. Қазақ халқына Құдайдың жаны ашыды ма, 2019 жылы осы мерекенің бастауына бір апта қалғанда, яғни 24 маусымда Арыс қаласында жойқын апат болды. Ауған соғысынан бері жиналып жатқан әскери қоймадағы қисапсыз бомбаға от тиіп, бірнеше күн тоқтаусыз жарылды. Қаланың тұрғындары бас сауғалап, жан-жаққа босып кетті. Осындай трагедияның қабатында дүркіретіп туған күн атап өтудің реті келмей қалды.
Ал 2020 жылы қазаққа Құдай тағы да қарасып, әлемдік пандемия бұрқ ете қалды. Той тағы да жайына қалды. Бірақ соның өзінде намыссыз шенеуніктер, халык ковид дертінен жапа шегіп, шыбындай қырылып жатқанда бірнеше отшашу атып үлгерді.
2021 жылы пандемия тағы да мал шашуға мүмкіндік бермеді. 2022 жылы «Қанды қаңтар» оқиғасы болды да, патшаның басынан бағы, астынан тағы тайды. Қазақстан қоғамына үстемдік орнатқан қаралы көңіл күй 6 шілдені тағы да тойлатпай тастады.
2008 жылы Уитни Хьюстонді шақырып басталған даңғаза той, 2018 жылы На-на тобымен «Жорға, жорға, жорға, жорғала» деген әнімен аяқталды. Астана мерекесінің осындай әнмен бітуін жаман ырымға да балауға болады. Қазақ мәдениеті тура мағынасында шетелдік өнерпаздардың алдында құрдай жорғалап кетті. Осы мағынасыз мал шашуды шырқау шегіне жеткізген Мәдениет министрі А.Мұхамедиұлының үстінен 2023 жылы жемқорлыққа қатысты іс қозғалды. Экс-министр журналистердің: «Жағдайыңыз қалай?» деген сұрағына, қазір СИЗО-да жатып йогамен айналысып жатқанын айтты. Сол жылы 22 маусымда 8 жылға сотталды.
Санжар Керімбай
Абай.кз сайтынан
Сіздің реакцияңыз қандай?






