«Тұншықтыр, мойынын сындыр!»: Атырауда 23 жастағы қыздың өліміне күдіктілер арасындағы хаттар жарияланды
Қыздың сүйегі тек 2025 жылғы маусым айында, яғни сегіз айдан кейін табылған.

Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованың қазасына қатысты сот процесі жүріп жатыр. Прокурор тергеу материалдарынан күдіктілер арасындағы хат алмасудың мәтіндерін сот отырысында таныстырды, деп жазады "Ақ Жайық" сайтына.
Тергеу мәліметінше, кісі өлтіруді алдын ала жоспарлап, ерекше қатыгездікпен жасалған. Іс соңына таяған сайын оқиғаның егжей-тегжейі бұрынғыдан да қорқынышты сипат ала бастады. Соттағы басты дәлел – айыпталушылардың хат алмасуы. Қылмысқа қатысты айып тағылғандар – 24 жастағы инженер Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы электрик Алтынбек Катимов. Олардың өзара хат алмасуы жария етілді.
Хабарламаларда күдіктілер қылмыс тәсілдерін талқылаған: тұншықтыру, улау, өзін-өзі өлтім ретінде көрсетудің жолы, балконнан итеру немесе суға тастау сияқты нұсқалар аталған. Бұл хат алмасулардан қылмыстың қалай дайындалып, жүзеге асырылғаны анықталды.
Қылмыс жасалған күн
Тергеу мәліметтері бойынша, Хайржанов пен Легкодимова Атыраудағы мұнай және газ университетінде оқып жүргенде танысқан. Ер адамдардың бірі басқа қатынастың бар екенін жасырған, бұл анықталғаннан кейін қыз бен күдіктілер арасында келіспеушілік туындаған. Яна жағдайды ашық айтқысы келіп, қарым-қатынасты тоқтатқан.
2024 жылғы 18 қазанда Янаны Хайржановтың көлігінің артқы орындығында тұншықтырып өлтірген. Осы кезде оның сыбайласы Алтынбек Катимов бойжеткен қашып кетпеуі үшін есікті ұстап тұрған. Кейін күдіктілер мәйіттен құтылу үшін оны Талдықұл ауылына жақын жердегі өзенге тастаған. Қыздың сүйегі тек 2025 жылғы маусым айында, яғни сегіз айдан кейін табылған.
Хат алмасудағы кейбір жазбаларға қарағанда, айыпталушылардың бірі Янаның мәйітін қорламақ болған. Ол ойы іске асты ма, жоқ па, әзірге белгісіз.
Күдіктілердің алмасқан хаты
Прокурор жариялаған хабарламаларда күдіктілердің қылмысқа қалай дайындалғандары көрсетілген.
"Әлі ұйқтап жатыр, денесі жылы, тірі", "Істі бітіргеннен кейін сыра ішеміз", – деп жазған айыпталушылардың бірі.
"Тұншықтыр, мойнын сындыр", – деп жауап берген екіншісі.
Оған қоса күдіктілер "мәйітті қалай жасыру", "қылмыстың соңынан із қалдырмау" туралы да өзара хабарлама алмасқан.
"Толығымен өртеніп кетпейді, сүйектері қалады", – деп еркін хабарлама жіберген күдіктінің бірі.
"Үйде тазалық жаса қазір, барлығын тазала", – деген хабарламалардан қалай іздерін жасырғандарын да байқауға болады.
"Мен сен үшін өлтірдім", – деп жасаған қылмыстары туралы жазады.
Тағы бір жайт — хат алмасуда Хайржанов «Білесің ғой, біз одан да сұмдық нәрселер жасағанбыз...» деп жазған.
Бұл жолдар тергеу мен қоғам арасында Яна ісі жалғыз емес болуы мүмкін деген күмән тудырды. Қазір екі күдіктіге де алдын ала сөз байласу арқылы кісі өлтіру және жәбірленушінің телефонын ұрлау баптары бойынша айып тағылған.
Белгілі болғандай, Алтынбек Катимовтың әкесі – Құрманғазы ауылынан шыққан отставкадағы полицей, ал Ризуан Хайржановтың туыстарының бірі – Құрманғазы ауданы әкімдігінде қызмет етеді.
Айта кетейік, марқұм Яна Легкодимова – бір отбасының жалғыз перзенті. Ол мектепті қызыл аттестатпен бітіріп, Атырау мұнай және газ университетіне грантқа түсіп, кейін магистратураға қабылданған. Жас зерттеуші дипломын үздік қорғап, ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеген.
Сіздің реакцияңыз қандай?






