Түркістанның өндірістік серпіні: 8 жылда өнеркәсіп көлемі 3,6 есеге өсіп, өңір жаңа индустриялық даму кезеңіне шықты
Биыл Түркістан облысының құрылғанына сегіз жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде өңір тек әкімшілік жағынан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да түбегейлі өзгеріске ұшырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңның қабылдануы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа өндірістердің ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына және өнеркәсіптің қарқынды өсуіне жол ашты. Бүгінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығымен қатар өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру және экспортқа бағытталған кәсіпорындар шоғырланған ірі өндірістік өңірлердің біріне айналып келеді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі әлемдік экономикада елдің немесе өңірдің тұрақты дамуы ең алдымен өндіріс саласының деңгейімен өлшенеді. Өндірісі дамыған мемлекеттердің экономикасы әлдеқайда тұрақты болады, халықты жұмыспен қамту көрсеткіші жоғарылайды, экспорт көлемі өседі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі күшейеді. Сондықтан Қазақстанда да өңдеу өнеркәсібін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналған.
Өндіріс – экономиканың басты тірегі
Кез келген елдің экономикалық қуаты оның табиғи ресурстарымен ғана емес, сол шикізатты өңдеп, дайын өнім шығару мүмкіндігімен бағаланады.
Егер мемлекет тек шикізат сатумен шектелсе, қосымша табыстың басым бөлігі шетелдік кәсіпорындардың қолында қалады. Ал шикізатты өз ішінде өңдеп, дайын өнім шығару жаңа технологиялардың дамуына, жоғары жалақысы бар жұмыс орындарының ашылуына және ұлттық экономиканың тұрақтылығына ықпал етеді.
Осы себепті соңғы жылдары Түркістан облысында да өндіріс саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Өңірде индустриялық аймақтар, арнайы экономикалық аймақтар мен өндірістік парктер салынып, инвесторларға қолайлы жағдай жасалуда.
Түркістан экономикасы үш есеге өсті
Облыс құрылғаннан бергі сегіз жыл ішінде өңір экономикасы айтарлықтай қарқынмен дамыды.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы сегіз жылда Түркістан облысының жалпы өңірлік өнімі үш есеге өсіп, 5 триллион теңгеге жетті.
Салыстырмалы түрде айтқанда, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,7 триллион теңге болған.
Бұл облыста жүргізілген индустриялық саясаттың, инвестиция тартудың және жаңа кәсіпорындардың іске қосылуының нақты нәтижесі ретінде бағалануда.
Өнеркәсіп өндірісі 3,6 есеге артты
Өнеркәсіп саласында да тұрақты оң өсім қалыптасты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 триллион 596,1 миллиард теңгеге жетті.
Ал облыс құрылған алғашқы жылы бұл көрсеткіш 438,6 миллиард теңгені ғана құраған болатын.
Осылайша сегіз жылдың ішінде өнеркәсіп өндірісі 3,6 есеге өсті.
Экономистердің айтуынша, бұл өңірдің ауыл шаруашылығына ғана тәуелді болмай, индустриялық бағытта да қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Өңдеу өнеркәсібіне ерекше басымдық берілуде
Қазіргі әлемдік экономикада ең жоғары табыс шикізат өндіруден емес, оны терең өңдеп, дайын өнім шығарудан түседі.
Осыны ескерген өңір басшылығы өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударып отыр.
Биыл осы бағытта жалпы құны 34,7 миллиард теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
Бұл жобалар толық жүзеге асқаннан кейін 703 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар биылғы жылдың алғашқы алты айында жалпы құны 11,2 миллиард теңге болатын 4 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 278 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Экономиканы әртараптандыру – басты міндет
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауымен өңір экономикасын әртараптандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Бүгінде негізгі назар:
-
жаңа өндіріс орындарын ашуға;
-
инвестиция көлемін ұлғайтуға;
-
өндірістік инфрақұрылымды дамытуға;
-
кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға;
-
жоғары технологиялық өндірістерді қалыптастыруға бағытталған.
Сарапшылардың пікірінше, дәл осы бағыт өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етеді.
Индустриялық аймақтар өндірістің жаңа орталығына айналды
Қазіргі таңда Түркістан облысында жалпы аумағы 1931 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді.
Бұл аймақтарда дайын инженерлік инфрақұрылым қарастырылған.
Соның арқасында инвесторлар өндірісті қысқа мерзімде іске қоса алады.
Бүгінде индустриялық аймақтарда жалпы құны 60,8 миллиард теңгені құрайтын 55 инвестициялық жобажүзеге асырылып, 3073 жаңа жұмыс орны ашылған.
Бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін едәуір арттырды.
Тағы 47 жаңа жоба іске асады
Индустриялық аймақтарды дамыту жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды.
Алдағы уақытта жалпы құны 96,4 миллиард теңге болатын 47 жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Бұл жобалар іске қосылғаннан кейін тағы 2791 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұл өз кезегінде халықтың жұмыспен қамтылуына және әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына ықпал етеді.
Биыл тағы 12 жаңа өндіріс мақұлданды
Индустриялық аймақтарға жаңа инвесторларды тарту жұмыстары тұрақты жалғасуда.
Биыл өңірлік үйлестіру кеңесі жалпы құны 21,1 миллиард теңге болатын 12 жаңа инвестициялық жобаға оң қорытынды берген.
Жобалар жүзеге асқанда тағы 519 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
«TURAN» арнайы экономикалық аймағы өндірісті жеделдетуде
Өңірдің өндірістік дамуына ерекше серпін беріп отырған жобалардың бірі – «TURAN» арнайы экономикалық аймағы.
Арнайы экономикалық аймақтың жалпы аумағы 3603,3 гектарды құрайды.
Ол 10 субзонадан тұрады.
Соның ішінде 1450 гектар жер өндірістік мақсатқа арналған.
Бүгінде арнайы экономикалық аймақтың өнеркәсіптік субзоналарында жалпы құны 875,3 миллиард теңгеніқұрайтын 37 өндірістік жоба тіркелген.
Мұнда жоғары технологиялық кәсіпорындар кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр.
Шаға өндірістік паркі өңірдегі жаңа өндірістердің орталығына айналды
Шағын және орта бизнесті қолдау бағытында да маңызды жұмыстар атқарылуда.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдауымен Сауран ауданының Шаға ауылында заманауи шағын өнеркәсіптік аймақ құрылған.
Өндірістік парк аумағында 40 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталған.
Жалпы инвестиция көлемі 136,3 миллиард теңгені құрайтын 32 жоба жүзеге асырылған.
Бұл өндірістік алаңда:
-
ауыл шаруашылығы техникалары;
-
аспалы жабдықтар;
-
жаңбырлатып суару машиналары;
-
металл бұйымдары;
-
тамшылатып суару жүйелері;
-
полиэтилен пакеттері;
-
өзге де өндірістік өнімдер шығарылады.
Мұндай өндірістер ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де күшейтеді.
Өндіріс жаңа жұмыс орындарын ашады
Өнеркәсіптің дамуы халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді.
Жаңа кәсіпорындар ашылған сайын:
-
тұрақты жұмыс орындары көбейеді;
-
жастарға жаңа мүмкіндік пайда болады;
-
халықтың табысы артады;
-
шағын және орта бизнес дамиды;
-
жергілікті бюджет кірісі өседі.
Сонымен қатар өндірістің дамуы қызмет көрсету, логистика, құрылыс және көлік салаларының да қатар дамуына ықпал етеді.
Импортты алмастыру және экспорттық әлеует
Бүгінде Түркістан облысында өндірілетін көптеген өнім бұрын шетелден импортталатын.
Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы нәтижесінде:
-
құрылыс материалдары;
-
ауыл шаруашылығы техникалары;
-
суару жүйелері;
-
металл бұйымдары;
-
пластик өнімдер;
-
өнеркәсіптік жабдықтар
өңірдің өзінде өндіріліп жатыр.
Бұл импорт көлемін қысқартып қана қоймай, дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
Түркістан индустриялық өңірге айналып келеді
Сарапшылардың бағалауынша, соңғы сегіз жыл ішінде Түркістан облысында қалыптасқан өндірістік инфрақұрылым, индустриялық аймақтардың көбеюі, арнайы экономикалық аймақтардың дамуы және инвесторларға жасалған қолайлы жағдай өңірдің экономикалық бейнесін түбегейлі өзгертті. Бүгінде Түркістан тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін өңір ғана емес, жоғары технологиялық өндірістер қалыптасып келе жатқан индустриялық орталыққа айналуда. Алдағы жылдары іске асатын жаңа инвестициялық жобалар өндіріс көлемін бірнеше есеге ұлғайтып, экспорттық әлеуетті күшейтіп, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын жақсартып, Түркістан облысының Қазақстан экономикасындағы стратегиялық маңызын одан әрі арттыра түседі.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0