V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Аламан бәйгеде «Айқабақ» атты қазақ тұлпары топ жарды

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола жүлде жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынға ие болды.

Қыркүйек 13, 2024 - 15:46
Қыркүйек 13, 2024 - 16:17
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Аламан бәйгеде «Айқабақ» атты қазақ тұлпары топ жарды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ұйымдастырылған Аламан бәйге де өз мәресіне жетті. 

25 шақырымға созылған аламан бәйгеде Алматы облысы Балқаш ауданынан келген «Айқабақ» есімді тұлпар бірінші келді,

«Айқабақ» тұлпарды тақымдаған шабандоз баланың есімі – Аңсар Арыстанбек. Ат иесі – Сапарғали Сәтпаев, бапкері – Жамбыл Бөбекбай.

Екінші орында «Айқабақтың» ізін ала келген жүйрік – «Жұмыртұяқ», шабандозы – Хамза Аманкелді, бапкері – Марат Ақберлинов, ат иесі – Марлан Бектенов (Қазақстан);

Үшінші келген қырғызстандық «Қара қыз», шабандозы – Нурэл Элесов, бапкері – Нурбек Керимбеков, ат иесі – Изат Сырғақ уулу (Қырғызстан).

 25 шақырымға созылған Аламан бәйгеге 27 шабандоз қатысты. Соңғы айналымға тұлпарлардың жетеуі ғана талмай жетті. Қазақстан қоржынына бір алтын, бір күміс түсті.

Осылайша, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола жүлде жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынға ие болды.

Оның алдында 9 шақырымдық жорға бәйгеде қазақстандық Қымбат Тілеуғалиұлының «Ақжауын» атты сәйгүлігі екінші келген еді. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow