«Ақсақалдың дәм-тұзы таусылған екен»: Бас мүфти Рәтбек қажының отбасына көңіл айтты

Қаңтар 16, 2026 - 11:00
 0  3
«Ақсақалдың дәм-тұзы таусылған екен»:  Бас мүфти Рәтбек қажының  отбасына көңіл айтты
Фото: Muslim.kz

Қазақстанның тұңғыш Бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазіреттің отбасына көңіл айту жедел хатын жолдады, деп хабарлайды Sadaq.kz. 

"Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазіретіміз қайтыс болды деген қаралы хабар менің де жаныма қатты батты. Жуырда ғана Рәтбек ұстаздың үйінде болып, ахуал сұрасып, сұхбаттасқан едік. Ақсақалдың дәм-тұзы таусылған екен. Алла алдынан жарылқасын. Иманы өзіне серік болсын. Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан марқұмның отбасына, туған-туыстарына, еліміздегі барша мұсылман қауымына көңіл айтамын. Марқұмның мәңгілік мекені жәннат болғай.

Рәтбек хазіретіміз мүфти болған жылдары мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты арттыра түсті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасын қалаған Рәтбек Нысанбайұлы өзі басқарған мерзім ішінде 30-дан астам мешіт салдыруға ықпал етті. Халықтың діни сауат ашуына ден қойды. Рәтбек қажы ақсақалдың мүфтилік кезеңі «алғашқы сауат ашу кезеңі» деп аталды. Өйткені, осы кезеңде халықтың діни сауатын ашу маңызды істің бірі болды. Ұстазымыз бойында бар күш-қайратын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Өзінен кейінгі шәкірттеріне әрқашан ағалық кеңесін айтып, жанашырлық танытты. Алла Тағала Рәтбек хазіретіміздің отбасына көркем сабыр бергей. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай. Діни салада жасаған сауапты амалдарының игілігін көргей. Әмин", - деп жазды Бас мүфти.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0