«Алаяқ» деген сөзді байқап қолданған дұрыс»: Балғынбек Имашев ұлын ақтап, сұхбат берді

Ақын Балғынбек Имашев ұлы – Данияр Имашевқа қатысты іс бойынша пікір білдірді. Nege порталына берген сұқбатында ақын қажылығын өтеуге ниеттенген 50-ге жуық адамның қаржысы қайтарылғанын мәлім етті, деп хабарлайды sadaq.kz.
Алматыда танымал айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы – Данияр Имашев алаяқтық бабы бойынша істе күдікті болып, тергеуге алынғаны туралы ақпарат тараған еді. Оған Данияр Имашев атқарушы директор болып саналатын компания қызметіне байланысты қажылық сапарын өтеуге ниеттенген 50-ге жуық адамның шағымы себеп болған.
Басылымға берген сұқбатында ақын ұлына қатысты істің мән-жайын түсіндірді.
«Ұлым бұл компанияға осы жылдың қаңтар айынан бастап атқарушы директор болып жұмысқа кірген. Былайша айтқанда жалдамалы жұмысшы ғой. Міне, барғанына үш-ақ ай болды. Бірақ ол қаржы жағына араласпайды. Бұл жерде «Балғынбектің баласы екен» деп шулатып жіберді ғой. Тәжірибесіздіктен, білместіктен қателіктер жіберуі мүмкін. Бірақ ұлымды «ақшаны жеп қойды», «алаяқ екен» деп қаралаған адам көп. Мұның бәрі шындыққа жанаспайды. Оған жала жауып, одан қала берді мені де белгілеп «Ел көтерген азамат халықты алдап жатыр» деп неше түрлі пікір жазып жатыр», — дейді Балғынбек Имашев.
Сонымен қатар ақын сұқбатында діттеген бағытқа ұша алмаған туристер компанияға деген шағымын алдымен желіде айтып, кейін ғана арыз жазғанын айтты.
«Әрине, құқылы (шағымдануға — ред. ескертпесі). Бірақ бірден әлеуметтік желіге жар салу керек пе? Мұндай жағдайда алдымен компанияға барып, «Мен осындай ақша төлеп, мынандай келісімге отырып едім. Сіздер талапты орындамадыңыздар. Сондықтан ақшаны қайтарып беріңіз немесе басқа уақытқа шегеріңіз» деген сарында заңдық негізде арыз жазуға болады. Бірақ 50 шақты адам әуелі шулатып алып, содан кейін ғана арыз жазған.
Бар болғаны – ұшақ уақытында ұшпай қалып, туры бірнеше күнге кешікті. Бұл компанияның жұмыс істеп келе жатқанына 10 жылдан асқан. Ешкімнің ақысын жеген емес. Құрылтайшысын да танимын.
«Компания алдап кетті» деуге де болмас. Қазір уақытша сынақ болған сыңайлы. Бүгінде бұл компанияда ғана емес, барлық бизнес компанияларда қаржылық дағдарыс байқалады. Егер ақшаны алып, жоқ боп кетсе, басқа мәселе. Бұл – жұмыс істеп тұрған кеңсесі бар компания. Ешкім ешқайда қашып жатқан жоқ. Әуекомпания ұшағы ұшпай қалса, бұл туристік компанияның кінәсінен емес. Қазіргі кезде ақша төлеген адамдардың қаржысы қайтарылды. Сондықтан «алаяқ» деген сөзді байқап қолданған дұрыс», — дейді Балғынбек Имашев.
Сіздің реакцияңыз қандай?






