Айдос Садықов Киев маңындағы мұсылман зиратына жерленді

Шілде 5, 2024 - 15:26
Шілде 5, 2024 - 15:27
Айдос Садықов Киев маңындағы мұсылман зиратына жерленді

5 шілдеде Киев облысы Чайки ауылында қазақстандық оппозициялық блогер, журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлады Азаттық радиосы. 

Оны 18 маусымда Киевтегі үйінің ауласында атып кеткен еді. Садықов 2 шілдеде 56 жасына қараған шағында Киевтегі ауруханада көз жұмған. Қастандыққа байланысты Қазақстанның екі азаматы күдікке ілінді.

Жаназаға ондаған адам қатысты. Олардың қатарында Қырым татарлары ұлттық қозғалысының лидері Мұстафа Жемилев пен Қырым татары, саясаткер, қоғам қайраткері Рефат Чубаров бар. Бұған дейін журналист Наталья Садықова күйеуінің мұсылман зиратына жерленетінін айтқан.

Киевте жаназа оқылып жатқанда Ақтөбеде Садықовтың үзеңгілестері мен қоғам белсенділері оны еске алып, құран бағыштады. Жергілікті мейрамханалардың бірінде жайылған жүз кісілік дұға дастарханына 40 шақты адам жиналған.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Фархад Ғазиз Украинада қастандықтан көз жұмған Айдос Садықов отбасымен елге оралып, Қазақстанды көркейтуді армандады деді. Ол марқұммен "Азат" жалпы-ұлттық социал демократиялық партиясының Ақтөбе филиалында бірге істеген.

"Ешкім күтпеген нәрсе болды. Тап осылай болады деп ойламаған едік. Бұл не деген сұмдық? Тоқаевтың құрып жатқан "жаңа Қазақстанының" түрі осындай болса, не айтуға болатынын білмеймін. Үш баланың әкесінің өмірін қиды. Бірнеше күн өтті, бірақ есімізді жинай алар емеспіз", – деді Ғазиз. Ол Садықовтың өліміне күдіктілерді Украинаға беруді талап етті.

Айдос Садықовпен "Азат" партиясының Ақтөбе филиалында болған Әсия Абдуллина "арыстай азамат кетті, туған жерінен топырақ бұйырмағаны өкінішті" деді. Оның айтуынша, Ақтөбедегі еске алу шарасын белгісіз біреулер бақылап, суретке түсірген.

ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы мәселелері бойынша өкілі Тереза Рибейро 3 шілдеде X желісіндегі парақшасында Садықовтың қазасына қатысты пост шығарып, "БАҚ қызметкерлерін өлтіру – сөз бостандығына шабуыл. Әділдік орнауға тиіс" деп жазды.

Human Rights Watch (HRW) ұйымы Қазақстан билігін Садықовтың қазасын тергеуге қолдау көрсетуге шақырды.

2 шілдеде "Шекарасыз тілшілер" ұйымы да Украина мен Қазақстан билігін Садықовтың өліміне қатысы бар адамдарды тез тауып, жауапқа тартуға шақырған.

Айдос Садықовты 18 маусымда Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсендіге ота жасалды. 13 күн жансақтау бөлімінде жатқан Садықов 2 шілдеде көз жұмды.

Украина бас прокуратурасы Садықовқа жасалған қастандыққа күдікті екеу – Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев деді, олар – Қазақстан азаматы. Күдіктілер қылмыс жасалған күні Украина аумағынан шығып кеткен. "Молдова: Актуально" телеграм-арнасы олардың 19 маусымда Молдова астанасы Кишиневтен Антальяға (Түркия) ұшып шыққанын жазды. Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған. Астана күдіктіні Киевке бермейтінін айтты. Қаратаевтың қазір қайда екені белгісіз.

Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Қастандық болған күні "Бәсе" арнасында "Қазақстан президенті Ресей ықпалындағы агенттердің қуыршағына айналды" деген видео жариялаған. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған.

21 маусымда Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовқа жасалған қастандық бойынша тергеуді "жіті бақылап отыр" деп хабарлаған. Ол Тоқаев Қазақстанның құқық қорғау органдарына күдіктілердің қазіргі мекенжайын анықтап, тиісті шара қабылдауды тапсырғанын айтқан.

Тоқаевтың өзі Садықовқа жасалған қастандыққа байланысты пікір білдіргенде "қоғамдағы барлық қарама-қайшылық пен келіспеушілікті тек құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет" деген еді.

Садықовтар Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевтен "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow