Бажкенованы қорғаймын деп басы бәлеге қалды: Танымал адвокат Мұрат Адам лицензиясынан айырылды

Қаңтар 16, 2026 - 22:47
Қаңтар 16, 2026 - 22:49
 0  2
Бажкенованы қорғаймын деп басы бәлеге қалды: Танымал адвокат Мұрат Адам лицензиясынан айырылды
Фото: muratadam_advocat

Алматы қаласының Бостандық аудандық соты танымал адвокат Мұрат Адамды кәсіби лицензиясынан айыру туралы шешім шығарды. Бұл туралы "Vlast.kz" басылымына сілтеме жасай отырып Sadaq.kz хабарлайды.

Аталған азаматтық іс небәрі бес күн ішінде қаралып, нүкте қойылды. Соттың мәлемдеуінше, Мұрат Адам "Orda" басылымының бас редакторы Гүлнар Бажкенованы қорғау барысында кәсіби міндеттерін орындау кезінде заңнаманы бірнеше рет бұзған. Алайда адвокаттың өзі бұл айыптаулармен келіспейді.

Іс материалдарына сәйкес, Әділет министрлігі адвокаттың әлеуметтік желілердегі 16 жарияланымды негізге алған. Ведомство бұл посттарда жалған мәліметтер бар деп санайды. Атап айтқанда, Адамның редакциядағы тінту кезінде: «Мені іске жібермеді, айнала толған атын айтудан бас тартқан бандиттер», — деген сөздері мен 274-бапты биліктің «жазалау құралы» деп атағаны заң бұзушылық ретінде тіркелген.

Мұрат Адам сотта өз позициясын былай деп түсіндірді: «Мен Конституциямен кепілдік берілген пікір білдіру құқығымды пайдаландым. Этика мәселесін министрлік емес, тек Адвокаттар алқасының этика комиссиясы шешуі керек. Бұл — олардың құзыретіндегі шаруа емес».

Сот шешімінен кейін адвокат бұл істі мұнымен тоқтатпайтынын жеткізді. Ол заңсыз деп тапқан бұл үкіммен келіспейтінін және жақын арада апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Адамның айтуынша, ол өз құқығын жоғарғы сатыдағы соттарда қорғауды жалғастырмақ.

Бұл іс заңгерлер ортасында үлкен резонанс тудырды. Мұрат Адамды сотта қорғауға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам адвокат жиналғанымен, сот залына тек 20-ға жуығы ғана кіре алды. Сондай-ақ, судья отырыстың тікелей трансляциясына тыйым салып, журналистерді дыбысы нашар естілетін бөлек залға шығарып жіберген.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0