«Есінен адастырып, несие рәсімдетеді»: Алаяқтар тұтқаның ар жағынан гипноздайтын болған

Экономист Айдархан Құсайынов өзінің авторлық телеграм-каналында шынайы оқиғамен бөлісті. Сол арқылы қаржыгер ел ішінде сирек айтылатын, бірақ естен шығаруға болмайтын аса қауіпті бір құбылысқа назар аударды, деп жазады sadaq.kz сайты Ozgeris.info-ға сілтеме жасап.
Телефон арқылы да адамның гипнозға түсетіні рас па?
Соңғы уақытта алдау-арбаудан тұратын неше түрлі схемалар шығып жатыр, олар тіпті күрделеніп барады. Технологияны да, психологияны да қатар пайдалануға көшкен хаккерлер қарапайым адамдарды күрделі схеманың қақпанына оңай түсіріп жатыр.
Айдархан Құсайыновтың жазбасында келтірілген оқиға күнделікті өмірде кез келген адамның басынан өтуі мүмкін жағдай.
Ересек, ақыл-есі сау, саналы адам құлаққап киіп келе жатып бейтаныс нөмірден қоңырау қабылдапты. Әңгіме кезінде ол ақыл-есінен «адасып», бірнеше сағат бойы өз әрекетіне есеп бере алмай қалады.
"Кейін өз-өзіне келген соң жүріп өткен ізімен камерадағы жазбалармен танысады. Сөйтсе, банкте болыпты. Әлдебіреумен телефонмен сөйлесіп жүр екен. Ар жақтағы адам не айтады, соның бәрін орындап жүр. Қысқасы, алаяқтың барлық «командасын» бұлжытпай орындаған, тіркелген, кредит рәсімдеген, сосын алған ақшасын аударып жіберген. Сырттай қараған адамға соның бәрін өз еркімен істеп жүргендей көрінген", - деп жазды автор.
Экономист аталмыш жағдайды гипнозбен байланыстырады. Оның пайымдауынша, мұндай тәсілге қарсы тұру қиын. Ақылды адамдар қалайша өз қолымен несие рәсімдеп, ақшасын оп-оңай ұстатып жібереді? Міне, осы тектес оқиғалар сондай фактілерге жауап болса керек дейді экономист.
Қорғану жолы қандай?
Құсайынов қарапайым, бірақ назар аударуға тұрарлық ұсыныс айтады:
Біріншіден, бейтаныс нөмірден келген қоңырауға тек дауысын бәріне шығару функциясы арқылы жауап берген дұрыс.
"Құлаққаппен немесе телефонды құлаққа тақап сөйлесу қауіпті. Құлақ түбінде тұрған дауыстан, ар жағындағы адамның қорқыту, үркітуден тұратын «үрейлі» хабарынан телефон иесі демде өз-өзін «жоғалтып» алуы мүмкін", - деп ескертеді автор.
Бұл әдістің тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденбеген, десе де, сигнал мидың ішкі қабылдау жүйесіне басқаша ықпал етуі мүмкін. Бұл, әрине, болжам ғана. Бірақ, сақтықта қорлық жоқ.
Бұл оқиға жеке адамның басынан өткен жағдай. Алаяқтықтың бұл түрі көп айтылмағанымен, бар екенін ескеру керек. Өйткені ақпараттық қауіпсіздік тек техникалық қорғаныспен шектелмейді, психологиялық тұрақтылық та маңызды.
Қазір елімізде осындай кибералаяқтардың торына түсіп қалған адамдар жеткілікті. Алданғандар өмірден түңіліп, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін баруы мүмкін дейді экономист. Себебі оларда банктер де, басқалар да көмектесе алмайды деген қорқыныш бар.
Сарапшы мұндай жағдайдан да шығатын жол бар екенін ескертеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан ұсынылған, бұрыннан қолданылып келе жатқан тәсіл бар екен. Яғни, кез келген несие өтініміне 24 сағаттық кідіріс енгізуге болады. Онлайн болсын, оффлайн болсын, маңызды емес. Бір тәулік ішінде алданған адам есін жиып, әрі қарай не істейтінін ойлауға мүмкіндік береді дейді маман.
«Мен банктер мен микроқаржы ұйымдарды да түсінемін. Олар үшін ең бастысы жылдам несие рәсімдеу. Тіпті телефон, үтік, тоңазытқыштың өзі қазір табыс көзіне айналған. Егер алған несиені біраз уақытқа «қатырып» қоюға мүмкіндік болса, оны дереу жасаған дұрыс», - дейді маман.
Сіздің реакцияңыз қандай?






